Жаңалықтар

Жылан — молшылық жылы

Салқынқандылық, ерік-жігер мықтылығы, сезімге бой алдырмай, барлығын ақылмен шешуге ұмтылу…

Астрологтардың айтуынша, жылан жылы осы қасиеттерге ие жандарға сәттілік сыйлайды. Жылан асығыс шешімдерді, алдын ала кесіп-пішіп, ойластырылмаған қадамдарды ұнатпайды.

Ертегілер мен аңыздар әлемінде жылан бізге қазына күзетшісі ретінде «кезігеді». Сондықтан жылан жылын молшылық жылы деп санауға әбден негіз бар. Астрологтар болжамы бойынша, бұл жылы өзінің материалдық жағдайын түзеуге ұмтылған жандардың жолы болуы тиіс. Жаңа іс бастап, жаңа қаржы көздерін табуға тырысу, әрине, артықтық етпейді. Бірақ күмәнді қадамдардан және, әсіресе, ақша үшін алдап-арбау мен алаяқтық жасаудан аулақ болыңыз: біреуге қазған орыңызға өзіңіз түсесіз!

Астрологтар жылан жылының ұраны әділдік болуы тиіс дейді. Өзіңізге не тілесеңіз, өзгеге де соны тілеңіз. Өз тарапыңыздан қандай да бір әділетсіздікке жол беруден сақтаныңыз.

Жорамалдар бойынша, жылан жылы шығармашылық адамдары үшін жемісті жыл болады: қаламгерлер, суретшілер, әншілер, кинематографистер… Әдебиет пен мәдениетте жаңа есімдер, жаңа жұлдыздар пайда болады. Бұрын-соңды жұртты елең еткізе алмаған жандардың да бұл жылы төккен тері текке кетпейді. Тіпті шығармашылық жолын енді бастаған жастарды да үлкен жетістіктер күтеді деседі.

Жылан жылы сиыр, жылан (әрине!), жылқы, мешін және доңыз жылдары туған жандарға ерекше жайлы болады. Қоян, ұлу және қой жылдарында туғандарға бұл жылы ерекше сақтық, ерекше талпыныс, көп тер төгу керек, сонда ғана өз мақсаттарының орындалғанын көре алады. 

Жылан жылына арналған астрологтар кеңесіне құлақ түрсек:

ХАМАЛ (21. 03 — 20. 04)

Жылан жылы Сіз үшін сәтті, алайда қарбаласқа толы өтетін болады. Бұл жылы қолға алар шаруаларыңыз, жүгірісіңіз көп болмақ. Демалысты, елтең-селтең бос жүрісті қоясыз. Әсіресе, жылдың соңы қым-қуыт оқиғаларға толы болуы мүмкін.

Төккен теріңіз, ізденіс-талпыныстарыңыз текке кетпейді. Табыстан-табысқа жетіп, көңіліңіз марқаяр сәттер аз болмайды. Бірақ үнемі шаруа соңында жүріп, денсаулығыңызды әлсіретіп алмауды ойлаңыз. Денсаулығыңыз сыр берген сәттерде, оған жеңіл қарамаңыз. Арақ-шараптан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Дәрігерлердің кеңесіне міндетті түрде құлақ асыңыз.

Алдыңызға қойған мақсатыңызға өзіңізге қатаң талаптар қойып, ерінбей-жалықпай ұмтылыңыз. Бір сәтке де босаңсымай, өзіңізді-өзіңіз үнемі қамшылап жүріңіз. Сонда бұл жыл сізге табыс кілтін ұсынып, досыңыз сүйініп, дұшпаныңыз күйінетіндей биіктерге жеткізеді.

Отбасыңызда қуанышты сәттер көп болады. Өзіңізден жылылық, мейірім-шапағат күтетін жандарға жасаған жақсылықтарыңыздың жемісін көресіз. Егер ата-анаңыз қартайған, егде жастағы адамдар болса, оларға көбірек сый жасап, қамқорлығыңызды аямаңыз. Сіздің ең жақын адамдарыңызға жасаған сыйыңыз өзіңізге тағдырдың сыйы боп қайтатын болады.

Егер отбасын құрмаған болсаңыз, бұл жылы тек қана өзіңіз шын ұнатып, шаңырақ көтеруге әзір адаммен ғана сөз байласыңыз. Уақыт өткізіп, біреуді әшейін ермек етуді ойлар болсаңыз, соңы үлкен шырғалаңға айналуы мүмкін.

Астрологтардың айрықша кеңесі: саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, жаз айларын таңдағаныңыз дұрыс. Жалпы, бұл жылы Сізге жаз айларында ғана тыныстаудың реті келмек.

СӘУІР (21.04 — 21. 05)

Сіздің ұраныңыз — «Бәрі де өз қолымда!» болсын. Әсіресе қызмет барысында ақырын жүріп, анық басып, тек қана ақыл мен сабырға жүгінер болсаңыз, көптен күткен мақсатыңызға жетесіз. Өзіңізді жақсы қырыңыздан көрсетер ең қолайлы кез — осы жыл деп біліңіз.

Бұл жылы қызмет ауыстырып, жаңа ортаға тап болуыңыз да мүмкін. Жалпы, жаңа таныстықтар көп болады. Бірақ ескі достарыңызбен, бұрынғы әріптестеріңізбен де байланысты үзбеуге тырысыңыз. Оларға жиі төбе көрсетіп тұрғаныңыз дұрыс.

Егер өзіңізді жаңа биікке жетелеп, біліміңізді көтеруге талпынсаңыз, талабыңызға нұр жаумақ. Біліміңіз ғана емес, мінез-құлқыңыз, сыртқы келбетіңіз — бәрін де жақсы жағына өзгертуге тырысыңыз. Көп сөйлемей, өзіңізді сабырлы ұстаңыз. Бір сөзбен айтқанда, әріптестеріңіздің, таныстарыңыздың арасында өзіңізге деген жақсы көзқарас орнықтыра біліңіз, жоспарларыңыздың жүзеге асуына мұның көп көмегі тиетін болады.

Отбасыңызда үлкен жаңалық болады: көптен күткен баспана мәселесі шешіледі немесе т.б.

Жаз айларында отбасында ұсақ-түйек кикілжіңдер туындауы да мүмкін. Сабырлы болсаңыз, бәрі тез арада әрі сәтті шешіледі.

Достарыңызға, туған-туысқа көп көңіл бөліңіз. Егер араздасқан жандарды табыстырамын десеңіз, қадамыңыз сәтті болады. Өзіңізден көмек сұраған жан болса, мүмкіндігінше ренжітпеуге тырысыңыз.

Астрологтардың сізге берер ерекше кеңесі: бұл жылы ақша мәселесіне мұқият болыңыз. Бәрін есептеп, қолыңыздағы қаржыны ретімен жұмсаңыз. Жинағыңыз болса, оны толықтыра түсіңіз. Жылан жылы Сіз үшін ақша шашатын уақыт емес. Сонымен қатар отбасында сараңдық танытудан да сақтаныңыз. Әсіресе, балалардың көңіліне қаяу түсірмеңіз.

ЗАУЗА (22.05 — 21.06)

Бұл жыл сізге үлкен жаңалықтар әкелмейді, бірақ жаныңызды жаралайтындай реніштер, сәтсіздіктер де болмайды. Бәрі ескі арнамен өтіп жатқандай көрінгенімен, сол бірқалыпты күндер легі Сізді жаңа мүмкіндіктерге — (үлкен мүмкіндіктерге!) — жетелейді. Өзіңізге деген сенім мен мықтылықтың, бір шешімнен айнымайтын табандылықтың арқасында көздеген мақсатыңызға еш дабырасыз, тып-тыныш жүріп-ақ жетесіз.

Уақыттың қадірін біліңіз. Құмар ойындар, тек қана уақыт өткізуге арналған сауық кештер мен серуендерден аулақ болыңыз. Әр сәтті бағалай білмеудің соңы өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Астрологтар сізге осы жағынан ерекше сақтануға кеңес береді.

Жеке өміріңіз жақсы әсерлерге толы болады. Бұл тамаша, әрине. Алайда отбасындағы, жеке өміріңіздегі қуаныштар мен әдемі әсерлердің соңында жүріп, қызметіңізді (немесе оқуыңызды) ұмыт қалдырмаңыз.

Денсаулық мәселесін жылы жауып қоятын әдеттен арылыңыз. Сары уайымға берілмей, уақытында тынығып, салауатты өмір салтын ұстанар болсаңыз, бұл мәселеде қиындықтар туындамайды. Бірақ дәрігерге тексеріліп тұрудың артықтығы жоқ.

Астрологтардың айрықша айтары: мүмкіндік болса, жыл басына аздап тынығуды жоспарлаңыз.

Ал жылдың соңғы айлары сіз үшін — сәттіліктер уақыты. Соны орынды пайдалана білсеңіз, тасыңыз өрге домалайды.

САРАТАН (22. 06 — 22. 07)

Жылан жылы сіз үшін күрделі жыл болмайды, бірақ табыс бірден төбе көрсетпейді, бір шамалы күтуіңізге тура келеді.

Жыл басында біраз тер төгесіз. Кей тұстарда тіпті ағайын-туыс, дос-жаранның көмегіне жүгінесіз. Ал жаңа іс бастасаңыз, бастапқыда оңай тимеуі де мүмкін. «Басы қатты болса, соңы тәтті болады» — деген үміттен айнымаңыз. Тіпті қатты қиналып, тығырыққа тірелгендей болған сәттеріңізде де, сізге ойламаған жерден қол ұшын созатын жан жолығады. Табыс кілті сабырлылық пен жігерлілік таныта білуде деп сеніңіз.

Ақшаны көп шашпаңыз. Әсіресе, құмар ойындарға, күмәнді істерге ақша шашудан сақтаныңыз. Ақшаны орнымен жұмсап, қор жинап алсаңыз, кейін мұның жемісін көретін боласыз.

Жыл ортасынан бастап жақсы жаңалықтар күтіңіз. Бірақ сәтті, табысты күндерде де шашылып-төгіліп, даңғазалатып жіберуден аулақ болыңыз.

Жаңа таныстармен әріптестікке асқан сақтықпен қараңыз. Өзіңізге ұнамайтын ұсыныстардан бірден бас тартқаныңыз дұрыс. Керісінше, ескі достарыңызбен, әсіресе, қиын күндерде өзіңізге көмек қолын созған жандармен араңызды жақындата түсу үшін күш салыңыз.

Астрологтар айрықша ескертеді: отбасында, жеке өмірде бақытты болуды көздесеңіз, ол тілегіңізге жетудің бірден-бір жолы — тұрақтылық. Романтика қуып, қызық іздеймін десеңіз, «ойыннан от шығып», басыңызға қонған бақтан айырылып қалуыңыз мүмкін.

ӘСЕТ (23.07 — 22.08)

Жылан жылы сізді тіпті де жалықтырмайды: қым-қуыт тіршілікке, бірде тасыңыз өрге домалап, бірде ойламаған жерден кедергіге тап болар құбылмалы күндерге даярланыңыз.

Бұл, өзіңізден де бұрын, сіздің ең жақын адамдарыңыздың өміріндегі өзгерістерге  байланысты. Жақын адамдарыңыздың қуанышын бөлісетін де, сондай-ақ уайым-мұңына ортақтасып, жұбатуға да тура келетін сәттеріңіз көп болады. Бәрі сізден ақыл-кеңес, жәрдем күтеді. Оларды сабырлылыққа жетелеу үшін, осы қасиет алдымен өзіңізде болуы тиіс екенін естен шығармаңыз.

Қызмет барысында алдыңыздан түрлі кедергілер шығуы мүмкін. Оларды  оптимизммен ғана жеңіп шығасыз. Көрінгенді жау көріп, орынсыз күдіктенуден сақ болыңыз — бұл өте маңызды. Бір-ақ ауыз сөз, бір ғана қателікпен бәрін бүлдіріп алуыңыз мүмкін.

Денсаулық мәселесіне келер болсақ, астрологтардың айтуынша, бұл жылы сіз үшін күрделі, қиын жағдайлар туындамайды, бірақ аурудың алдын алу үшін, сауықтыру шараларына барынша көңіл бөліңіз. Қандай да бір созылмалы ауруларыңыз болса, асқындырып алмаудың қамын жасаңыз. Ал зиянды әдеттерден арыламын десеңіз, алдыңыздан сәттілік күтіп тұр, тек ниет етсеңіз болғаны…

Астрологтар кеңесі: рухани өмірге, дінге ерекше ден қойғыңыз келеді. Бұл дұрыс. Бірақ сектаға кіріп кетуден сақтаныңыз! Қайырымдылық істерге ұмтылсаңыз, алдымен өз айналаңыздағы жандарға қарайласыңыз.

СҮМБІЛЕ (23.08 — 22.09)

Сізді айналаңыздағылар өз ісіне жауап бере алатын, әр қадамын ойлап басатын адам деп біледі. Ал жылан жылының басында бұл әдетіңізден жаңылып қалмауды ерекше ойлағаныңыз жөн. Жыл басында өзіңіз ойламаған, түсіңізге де кірмеген оқыс қадамға бара қалсаңыз, кейін ол қателікті түзетіп, бәрін орын-орнына қою үшін, біраз уақытыңызды арнауға тура келеді.

Қайткенде де жыл басы сіз үшін мазасыздау болуы мүмкін. Бірақ уайымдамаңыз: қауіп тез арада сейіледі. Ең бастысы — жыл басында сезім жетегінде кетпей, ақыл мен сабырға ғана жүгіну.

Бұл жыл сіз үшін — еңбек жылы және табысты еңбек жылы болады. Өз басыңыздың және отбасыңыздың ғана емес, туыстарыңыз бен достарыңыздың да кей мәселелерін шешуге көмектесуіңізге тура келеді. Бірақ жылан жылы сізге қай істі болсын, сәтті аяқтауға тамаша мүмкіндіктер ұсынады.

Жылдың екінші жартысында ерекше құштарлықпен дінге, жалпы, рухани ләззат беретін дүниелерге ұмтыласыз. Бұл тұрғыдағы ізденістеріңіз сәтті болмақ, бірақ ол ізденістерге тым беріліп кетпеңіз: қызметіңіз бен отбасындағы міндеттеріңізді де ұмытпағаныңыз дұрыс.

Астрологтардың айрықша кеңесі: қаңтар, ақпан айларында көп көзге түспеуге, әсіресе, сізге достық ойлай қоймайтын жандардан аулақ жүруге тырысыңыз, өзіңізді барынша тыныш ұстаңыз. Ал жылдың басқа мезгілінде, керісінше, өзіңізді-өзіңіз қамшылап, белсенді болғаныңыз жөн.

МИЗАМ (23.09 — 22.10)

Сізге жылан жылын көпшіліктің арасында өткізуге тура келеді. Өз отбасыңызда, дос-жарандарыңыздың отбасында, тіпті жұмыста да бас қосуға, жиын-той жасауға себеп болатын оқиғалар көп кезігеді. Сондықтан сіз үшін ең бастысы — денсаулық мәселесі, әсіресе, жүйкеге салмақ түсірмеуді ойлаңыз.

Жұмыста бұл жылы көп еңбектенуіңізге тура келеді. Тіпті басқалардың орнына да сіз жүгіруіңіз мүмкін. Кейде еңбегіңіз бағаланбай жатқандай көрінеді. Қапаланбаңыз: ең бастысы — кері кетпейсіз; ал ілгері жылжитын уақытты күту керек, одан үміт үзбеңіз. Кедергілер сізді жасытпай, керісінше, жігерлендіре түскен жағдайда ғана сәттілікті өз жағыңызға тартасыз. Бейнеттің зейнеті болмай қоймайды.

Ал егер бастаған жаңа ісіңіз алға жылжымаса, басқа жобалар ойластырыңыз.

Бұл жылы сізге қаржылық жағынан қиындықтар кезікпейді. Ал, реті келсе, қайырымдылықпен айналысқаныңыз да дұрыс. Жоқ-жітікке қайыр-садақа беріп тұрыңыз.

Астрологтардың айрықша кеңесі: отбасы мүшелеріне сыйлық жасағанда, ұзақ пайдалануға жарайтын нәрселер алуға ұмтылыңыз. Өйткені бұл жылы сіз үйіңізге жиған әр дүние құт ала келмек.

АҚЫРАП (23. 10 — 22.11)

Жыл басында бірнеше маңызды шешім қабылдауыңыз керек, әрі қарайғы сәттілік тағдырын солар «шешеді». Сондықтан әр шешіміңізді асықпай ой елегінен өткізіп, сан мәрте саралап, қажет деп тапсаңыз, жақындарыңызбен ақылдасып, «жеті рет пішіп, бір рет кесуге» тырысыңыз.

Жалпы, бұл жылы өткен жылы бастаған істеріңізді, ізденістеріңізді сәтті жалғастырасыз.

Егер қандай да бір жаңа іс бастамақ болған күнде де Айыңыз оңынан туып тұр. Әсіресе, көктем — ең қолайлы уақыт. Бірақ жаңа істі жалғыз бастамаңыз, айналаңызға адамдар жиып, шағын да болса ұжым құрып алғаныңыз жөн. Тек жаңа таныстармен әріптестікке сақтықпен қараңыз. Керісінше, әріптестерді өз жақындарыңыздың, ескі достарыңыздың арасынан іздеңіз.

Жылан жылы сіз отбасы бақытын ерекше сезінетін боласыз. Жарыңызға сөзіңіз өтімді болмақ. Балалар тәрбиесіне барынша көңіл бөліңіз, оларды болашақ мамандығына қарай бейімдеу мақсатында жақсы мүмкіндіктер іздестіріп, жол көрсетуге тырысыңыз. Отбасына, балалар тағдырына қатысты осы жылғы шешімдеріңіз сәттілік әкелмек.

Егер осы уақытқа дейін отау құрмаған болсаңыз, алдағы жылы бұл мәселені сәтті шешуге мүмкіндіктер тумақ.

Айналаңыздағы жандарға жаңа көзқараспен қараңыз: сіз кешірімге бейім емессіз. Бәлкім, сізге қатысты қателігі үшін қатты өкініп, енді қайта араласуды, бұрынғы достықты қайта жалғауды көздейтін біреуді елемей жүрген боларсыз? Әлде… Қайткенде де, адамдармен қарым-қатынасыңызды тағы бір ой елегінен өткізгеніңіз жөн.

Күзге қарай денсаулығыңыз сыр беруі мүмкін. Дәрігерге көрініп, уақыт өткізбей, күтінуге көшіңіз.

Астрологтардың ерекше айтары: араздасып қалған, бірақ өзіңіз әлі де болса іштей қымбат санайтын адамыңыз болса, татуласуға ұмтылыңыз. Бұл орайда жылан жылы сіз үшін ең қолайлы уақыт. Болашақта ең маңызды мәселеде сол адамның көмегі арқылы сәттілікке жетуіңіз мүмкін.

ХАУЫС (23.11 — 21. 12)

Бұл жылдың сіз үшін басты ерекшелігі — қызмет бабындағы сәттіліктер. Жылан жылы сізге көптен ойлап жүрген мақсатыңызға жетуге мүмкіндік ұсынады. Әрине, мұны уыстан шығарып алмауға тырысып-ақ бағасыз.

Алайда, қызметтегі жетістіктер соңында жүріп, жеке өміріңізді ұмыт қалдырмаңыз. Бұл әсіресе, отбасылы жандарға қатысты. Отбасы мүшелері үшін сіздің қызметтегі табыстарыңыз өте маңызды болғанымен, олар да сіздің қуаныштарыңызға ортақтасқанымен, бірте-бірте ол қуаныштар үйреншікті жағдайға айналады. Ал сіздің «жұмыс, жұмыс» деп, үйді мүлде ұмытуыңыз олардың көңілдеріне кірбің түсіреді. Жарыңызды жалғызсыратпау, балаларыңызды қараусыз қалдырмау керектігін әсте естен шығармаңыз. Бауырларыңыз бен ата-анаңызды да ұмытпаңыз. Өмірде отбасы жылуының, отбасы қолдауының орны бөлек. Осыны ескермей, жұбайыңыздың ажырасуға бекінгенін естігенде барып қана ес жиып жүрмеңіз.

Ал әлі отбасын құра қоймаған жандар біреудің жетегінде кетуден сақтанулары тиіс. Сіз үшін бөгде жанның шешім қабылдауына жол бермеңіз.

Қаржы мәселесінде айтарлықтай қиындықтар болмауы тиіс. Бірақ қарыз алып, қарыз беруге ерекше сақтық керек. Өзіңіз жақсы танымайтын адамдарға қарыз бермеңіз. Жалпы, табысыңыз молайып, жағдайыңыздың жақсарғанын оңды-солды жария етпеңіз. Тек отбасыңыз бен ең сенімді адамдардан басқалар үшін бұл әзірге құпия болғаны жөн. Және өмірде қадам басқан сайын туындап жататын ірілі-ұсақты жағдайларда әркімнен бір ақыл-кеңес сұраудан аулақ болыңыз.

Астрологтардың ерекше кеңесі: бос уақыт сіз үшін тапшы болуы мүмкін. Бірақ қолыңыз қалт еткен әр сәтті отбасыңызбен бірге өткізуге тырысыңыз. Мүмкіндік болса, бала-шағаңызбен бірге алыс сапарларға шығып, ел-жер көріңіз.

ЖЕДДІ (22. 12 — 20. 01)

Бұл жылды «менің жылым» деп айтуға әбден хақыңыз бар. Астрологтар жорамалы бойынша, сізді үлкен табыстар мен жеңістер тосады. Бірақ бұл тіпті де «табыстар мен жеңістерді тосып, қарап отыра беріңіз» дегенді білдірмейді. Сіз өзіңізге қатал талаптар қойып, әр күніңізді жоспарлап, тынымсыз еңбекпен өткізуге тырысасыз. Сөйткенмен, аздан соң-ақ, бұрын қиынға түсіп жүрген көп мәселенің енді оп-оңай шешіліп жатқанына таң қалатын боласыз. Өзіңіз жұрттан көмек сұрауды қойып, басқаларға көмектесе бастайсыз. Бірақ жомарттықтың да шегі болу керектігін естен шығармаңыз.

Отбасыңызда түсіністік, татулық орнайды. Жайма-шуақ, жайлы тірлік, әрине, жақсы, алайда біркелкі күндер жалықтырып жібермес үшін, жаңа бастамалар көтеріп тұруды ұмытпаңыз. Мәдени орындарға жиі барып, спорттық шараларға қатысыңыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаз ауыстыруыңызға да болады.

Балалардың талап-тілектеріне мүмкіндігінше құлақ асыңыз.

Денсаулық мәселесін кейінге қалдыра бермеңіз. Дәрігерге көрініп, оның ақыл-кеңесін мұқият орындасаңыз, зиянды әдеттерден бас тартар болсаңыз және дұрыс тамақтануға көшсеңіз, өзіңізді көптен мазалап жүрген ескі дерттерден арыласыз.

Астрологтардың кеңесі: біреулердің күндестігін қоздырып, басыңызға пәле тілеп алудан сақтаныңыз. Көбіне өзіңізге тілеулес жандардың ортасында жүруге тырысыңыз. Үйіңіздегі басқосуларға ең жақын жандарды ғана шақырыңыз.

ДӘЛУ (21. 01 — 19. 02)

2013 жылға жақсы дайындықпен келіп отырсыз: денсаулығыңыз дұрыс, күш-қуатыңыз бар және жұмыста да, жеке өміріңізде де жаныңызды жейтін уайымнан адасыз. Қолыңызда — алдағы күндердің нақты жоспары. Несі бар, алған бетіңізден қайтпаңыз және бұрынғыдан екі есе белсенді болуға тырысыңыз, сәттілік те сізге құстай ұшып жетеді.

Алайда жыл сәтті басталғанымен, көктемге қарай түрлі кедергілер пайда болуы мүмкін. Әріптестеріңізбен арадағы келіспеушіліктің соңы үлкен келеңсіздікке ұласпауы үшін, бұл мезгілде сізге айрықша төзімділік керек. Тек жеке бас мүддеңізді ғана ойлаудан арылыңыз. Қызбалыққа жол бермеңіз, өйткені көктемде сізге табыс әріптестеріңіз арқылы ғана келеді.

Жаздың ортасында жағдайды реттеудің сәті түседі.

Ал жыл соңында қаржылық жағдайыңызды едәуір жөндеп аласыз.

Жеке өміріңіз қалыпты өтеді.

Астрологтардың айрықша кеңесі: бастаған ісіңізді сәтті аяқтап шығамын десеңіз, әріптестеріңізбен қарым-қатынасты жақсы жолға қойыңыз; сыйластыққа, түсіністікке ұмтылыңыз.

ХҰТ (20.02 — 20. 03)

Сіз үшін бұл жыл жаңалықтар жылы болғалы тұр. Жаңа таныстар, жаңа орта күтеді. Жаңа ортада жақсы әсерлер қалдыру үшін шектен тыс тырысып, әртістікке салынып кетпеңіз. Табиғи қалпыңыздан айнымағаныңыз дұрыс.

Бұл жылы өзіңіздің кәсіби біліктілігіңізді арттыруға күш салғаныңыз жөн. Бұл реттегі талпыныстарыңыз текке кетпейді.

Ұжымда сіз жаңалыққа құмар, үнемі бастама көтеріп, мақтау естіп жүретін жандардың қатарындасыз. Сол үшін де түсініспеушіліктер болып, бұрын сыртыңыздан тіс қайрап жүргендер енді «тікелей шабуылға» көшуі мүмкін. Мұндайда дау-дамайды өршітпеуге тырысыңыз. Бір мезгіл басқаның бәрін жиып қойып, өзіңізге жүктелген тікелей міндеттерге ғана ден қойыңыз. Бұл — еңбекқорлығыңыз бен адалдығыңыздың жемісін татар сәтті алыстатып алмаудың бірден-бір жолы.

Отбасындағы татулық пен түсіністік кілті сіздің қолыңызда болмақ. Сырттағы реніштерді үйге ала келмеңіз. Отбасы мүшелеріне қолдау көрсетіп, олармен жиі әңгімелесіп, сырласып тұрыңыз.

Егер баспанаңыз жоқ болса, баспаналы болу жолындағы қадамды уақыт оздырмай нақ осы жылы қолға алыңыз.

Сондай-ақ жылан жылы қосымша табыс көзін табу мақсатындағы қадамдарыңыз үшін де — қолайлы уақыт. Тек табандылықпен алға ұмтыла біліңіз.

Астрологтардың айрықша кеңесі: жаңа істерді қолға алғанда, кім көрінгеннің ақыл-кеңесіне жүгінбеңіз, мамандардың ғана пікірін жетекшілікке ала отырып, өзіңіздің ішкі түйсігіңізге көбірек сеніңіз. Жаңа іс бастау үшін қолайлы уақыт — мамыр мен шілде аралығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button