Жайлы жыл болсын!
… Тағы бір жыл өтті. Биыл біздің «Ақтөбе» газеті 88 жасқа келді. Тоқсанға жақындаған газет ұжымының қызметкерлері шаңырағында есігі жабылғалы тұрған Ұлу жылы тоқсан түрлі қуанышты да, қайғылы да жағдайлар болды. Дегенмен, алдағы күннен жақсылық күтетін халықпыз ғой, өткенге салауат айтып, келер күннен үміт күтетін қалыбымыздан айнымаймыз.
Қазақ жалпы жылдың қай-қайсысынан да жақсылық күткен: Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – бiрлiк, Қоян жылы – қамбалы, Ұлу жылы – үлгiлi, Жылан жылы – жайлы, Жылқы жылы – жұтсыз, Қой жылы – құтты, Мешiн жылы – мерейлi, Тауық жылы – табысты, Ит жылы – игiлiк, Доңыз жылы – дүниелi жыл деседі.
Әріптестеріме Жылан жылы барлығымыз үшін жайлы жыл болсын дей отырып, жылдағы дәстүр бойынша жаңажылдық әзіл сұрақтарды қойған едім. Мархабат…
Мейірхан Ақдәулетұлы, «Шамшырақ-Ақтөбе»ЖШС директоры:
— Түркі халықтарының мифтері мен ертегілерінде жылан киелі, жарылқаушы рух бейнесінде көрініс табады. Арғы қазақ мифологиясында да жылан-айдаһар — тотем, ата-баба рухы, аруақ, көмекші образ ретінде көрінеді. Сіздің ойыңызша, жылан-айдаһарды қазіргі қазақ рухының бейнесі ретінде көрсетуге бола ма?
— Қазақ құлағымен «семіреді». Сол себепті біздің журналистеріміз де, саясатшыларымыз да… кішкентай басшыларымыз да битті — арғымақ, қоңызды — қоңыр аю, алаяқты — айтулы іскер… деп асырыңқырап, есепсіз дабырайтып сөйлеуге тәп-тәуір үйреніп алды. Алға іс емес, қызылқырт сөз шығатын болды. Дәл осы «стильмен» айтсақ, әрине, Айдаһармыз!
Енді «аттан түсіп, айналаға бір қарайықшы, батыр!» Рас, мифтік тотемнің жылан болғаны анық. Бірақ, біз қазір «бөріміз!»деп жүрміз ғой. Ақиқатын айтсам, қазіргі қазақ рухы жылан да, бөрі де емес, құдайдан тілеген қойға ұқсайды. Қоңыр қой. Ойлансаң, бұл да жаман емес қой. Өзім дүниені қызыл сөзбен ұлы жаң қылғаннан гөрі, «арық айтып, семіз шыққанды» ұнатамын. Қой мінезді шығармын. Қазақпын ғой!..
Бауыржан Бабажанұлы, «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:
— «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді. Өз қарамағыңыздағы қызметкерлеріңізге жылы-жылы сөйлеген дұрыс па, әлде қатты-қатты сөйлеген дұрыс па?
— Әрине, жылы-жылы сөйлеген дұрыс. Бірақ «заманына қарай… жыланы», сәл жымисаң «жайылып кететіндері» де бар, сосын амалсыздан қатты-қатты сөйлеуге тура келеді кейде. «Қорықпай сыйлағаның құрысын», — депті ғой Мәтжан би. Сол шалдікі дұрыс!
Ертай Ашықбаев, «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары:
— Қазақ әдебиетінде жыланға қатысты теңеулерді қолдану кең етек алған. Мысалы, батырдың кереметтігін, әйелдің таңғажайып сұлулығын да әбжыланға теңеген тұрақты теңеулер мен сөз орамдары эпикалық жырларда жиі кездеседі. Мысалы: — «Әбжыландай толғанып, Шұбарға қарғып мінеді» дейді «Алпамыс» жырында.
«Алтында қамшы қолға алып, Әбжыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады» дейді «Қыз Жібекте».
«Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.
Ала жылан, аш бақа күпілдектер
Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр», — дейді Абай.
«Бүгінгі жыр —
Жылан бауыр танктер,
Жылан бауыр қамшыны айтсам, жалықты ел.
Жылан құйрық ракета ысқырып,
Ұйқысынан оянды жер қыстығып», — дейді Есенғали Раушанов.
Сіз ше, өз шығармашылығыңызда жылан туралы теңеу сөздерді жиі қолданасыз ба? Мысалы?
— Жалпы Есенғали жыланды мықтап зерттеген сияқты. Оның «Ғайша бибі» поэмасын оқығанда жыландарды қатты аяп кетесің. Дегенмен жыланның аты жылан ғой. Сол себепті мен «жатқан жыланның құйрығын баспауға» тырысамын. Жылан туралы теңеу сөздерім бірер жерде кездесуі мүмкін, бірақ тым жиі емес, жылантанушылар санатында жоқпын.
Сәтжан Дәрібай, жауапты хатшы:
— Мықты ақынға байланысты «бұлбұл үнді, жылан тілді» деген тіркесті қолдануға бола ма?
— «Бұлбұл үнді» деген тіркесті естігеніммен, «жылан тілді» дегенді құлағым шалмапты. «Тілі удай» адамға «тіліңе жылан жұмыртқаласын» деп жататыны бар. Ал мықты ақындардың «бұлбұл үнді» болғанын көзім көрмепті, негізі оларға «от тілді, орақ ауызды» деген теңеу жарасады-ау, сірә. Келе жатқан жылдың иесі болғандықтан қойған қыршаңқы сұрағың болар. Әйтпесе, кімнің «жылан тілді» болғысы келеді дейсің…
Аллаға шүкір, «жыланның» жақсылығын болмаса, жамандығын көрген жоқпын. 1989 жылы қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық олимпиада жеңімпазы болдым, 2001 жылы екінші ұлым дүниеге келді. Атақты әнші Әсет атасының атын алған сол тентегімізге бұлбұл үнді болар деген үміт артып отырмыз. Алдағы жылдан да күтеріміз көп.
Баршаңызға жыл құтты болсын. Бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болғай.
Амангелді Смағұлов, аудандық газеттердің шеф-редакторы:
— «Жылан жылы — жылыс,
Жылқы жылы — ұрыс,
Қой жылы — тыныс», — дейді. Жылан жылы қандай болады деп ойлайсыз?
— Бәрі ретімен ұйқасып тұр екен. Соған қарап ендігі «жылан жылы — жұмыс» деп анықтама беруге болатын болар. Өйткені қазіргі бүкіл ұранымыз — «Жалпы еңбек қоғамына қарай 20 қадамнан» бастап, осы тақылеттес әңгімелерге ұласып жатыр. Оның бер жағында бұдан былай кім-кім де адал еңбегімен ғана күн көруге тиіс болатын түрі бар. Ал еңбекке тірелген қоғам, тыныс-тіршілік жаман болмайды. Сондықтан Жылан жылы халыққа тиімді болады деп ойлаймын.
Нұрмұханбет Дияров, экономика бөлімінің редакторы:
— Жұрт жаһандық дағдарыстың үшінші толқыны келе жатыр деседі. «Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер?..»
— «Аяғы жоқ, қолы жоқ» жылан қай кезде де күнін көріп келе жатыр. Және аяғы мен қолы барлардан бір де кем емес. Өйткені тумысынан ол солай жаратылған.
Теледидардан табиғат тылсымдары туралы хабарларды көрсеңіз, алып жыланның өзінен денесі әлдеқайда үлкен жануарларды толғамай жұтатынын байқауға болады. Қысқасы, жылан басқалардан көп зәбір көре бермейді. Оған өзінің әбжілдігі, батылдығы, күш-қайраты секілді қасиеттері дем береді.
Жалпы адам баласы көп тірлікте табиғаттың таза перзенттері — жан-жануарлардың бойындағы ерекшеліктерді ескеріп, соларды өз өміріне пайдаланса, көп нәрсе ұтар еді деп ойлаймын.
Қазақта «Жылан жылы жылыс болады» деген ескіден келе жатқан сөз бар. Сондықтан қандай дағдарыс болса да, жылан жылыстап шыға береді.
Жаһандық дағдарыстың қай толқыны да Қазақ еліне қатты соққы бере алмайтыны айқын болып қалған секілді ғой. Егер қандай да бір соққы салқыны сезіліп жатса, біз де жыланның ұшқырлығы мен шапшаңдығына басып, бір амалын табуға тырысармыз…
Айгүл Байменова, әлеуметтік сала бөлімінің редакторы:
— «Жыланның тілі айыр, Жылан мінезді адамның сөзі айыр» деседі. Журналист «жылан мінезді» болуы керек пе?
— Негізі «жыланның тілі айыр» деген бар ғой, ал «жылан мінезді адамның сөзі айыр» деп келетін соңғы тіркесті бұрын естімеппін.
Бала кезімде үйдің ауласынан, бақшадан жыланды жиі көретін едім. Біз тұрған үй Қобда өзенінің жағасында болатын. Екі аттам жердегі жарқабақтан ирелеңдеп шығатын су жыланы жаз айларында жазғы үйге кіріп, сәкінің астына жатып алатынын талай рет көрдім. Ондайда шешем «жыланды өлтірмеңдер, ол бұйрықсыз шақпайды» деп отырушы еді. Расында да, жылан өзі келіп шақпайды, тек өзіне қауіп төнгенде ғана шағатын болуы керек. «Жылан мінезді» деген жыланның осындай қасиетіне байланысты айтылған теңеу шығар.
Әр саладан хабардар болуы тиіс журналист мінезге келгенде де әмбебап болуы керек. Яғни жыл он екі ай иелеріне тән «мінездің» бәрі журналистен табылуы мүмкін десек, журналист үшін «жылан мінездің» де бөтендігі жоқ.
Аманғос Орынғалиұлы, тілші:
— Жалғыз үйлі ауылда өсіпсіз. Жылан көп болды ма?
— Айдалада мал баққан жалғыз үйлі жатақта не әрі кетсе төрт-бес үйдің басын құрайтын шағын елді мекенде өскен қазақ баласының қай-қайсы да жыланды аз көрмейді. Жеті-сегіз жасымда әкемнің орнына мал бағып жүр едім. Ойыл өзенінің тепсеңіндегі бұрын суармалы тары егісі болған жыра-жықпылы көп жерден өте бергенімде, аттың бауырынан жуандығы баланың құшағы жетпейтін жылан өте берді. Оқиғаның тосын және тез болғаны сондай, қорқып та үлгере алмадым -ау деймін. Аяғының астынан жылан өтіп бара жатқанын сезінген астымдағы атым да бір сәт жағдайсызданып, біртүрлі жат дыбыс шығарып, анадай жерге қарғып кетті. Аттан шақ ұшып түспей қалдым. Кейін Ойыл мен Қызылқоға аудандарының шекарасындағы Өгізмола аталатын сол жерге барғанымда, мал бағып отырған жалғыз үй шопанның отбасы: «Ор жылан ғой. Әлі де бар. Кейде күнге қыздырынып жатады. Сенекте жатқанын да талай көрдік. Бізге залалы жоқ», — деді.
Бала кезімде біздің ел жаз айында күркеде отырып, шөп шабады. Сонда күркенің жабындысына сумаңдап жылан кіріп кеткенін көріп, шошитынбыз. «Жылан бұйрықпен шағады» деп әкем күркенің ішінде қаннен қаперсіз ұйықтай беретін. Сауаты жоқ, бірақ Алласын ауызынан тастамайтын әкем сондай болғанда, мен жыланнан сұмдық қорқақпын. Арасы он шақырым Қызылқорған мен Қаройдың арасына 5-класта қысы-жазы қатынап оқыдық. Бірде даланың айдау қара жолымен, Төкіш дейтін досым алда, мен артында келе жатыр едік. Әлгі Төкіш: «Жылан!» — деп кейін шегінгенде, алды-артыма қарамай зытып, ауылдан бір-ақ шығыппын. Мені қорқытпақ болған досым далада жалғыз қала барған.
Ардақ Қонақбаева, тілші:
— Үйге кірген жыланды да басына ақ құйып шығарады. Үйде ақ болмай қалса ше?
— Жылан үйге шынымен кірсе, мен терезеден секіріп кететін шығармын. Алда-жалда ақ болмай қалса, ақ пейілімізбен жылы-жылы сөйлеп жылыстатып жіберерміз. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, қайта кіріп кетеді деген де бар ғой. Оған көнбесе, басына ақ арақ құйып шығарамыз да, қайтеміз енді, адам өлмеген нәрседен жылан өлмес
Индира Өтеміс, тілші,
— Жылан шағып алғанда не істеу керек?
— Негізі, жыландар өздеріне қауіп төнбесе, өздігінен тиіспейді деседі. Сондықтан табиғатқа шыққанда, ауыл сыртына қыдырған кезде, жан-жағыңа қарап, мұқият жүрген дұрыс. Қазақта: «Жатқан жыланның құйрығын баспа» деген сөз бар. Ал байқамай, жылан шағып алған жағдайда, ең бастысы — дәрігер көмегіне жүгіну. Дәрігер келгенге дейін, алдымен уды сорып, шығарып тастайды. Сосын йод не жасыл ерітінді (зеленка) жағып, жараны таңып, салқын жерде жата тұру керек. Жылан шаққан адамға арасында су ішкізіп қойған дұрыс. Жылан шаққан адам кейде есінен танып та қалады, ал кейде бәрі жеңіл өтуі мүмкін: бірақ, қандай жағдайда да, міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгіну керек.
Арайлым Нұрбаева, тілші:
— Біреумен жылан үшін төбелескен, сөзге келген жағдайлар болды ма?
— Ұмытпасам, 2004 жылы Ақтөбеге Ресейден жылжымалы хайуанаттар бағы келді. Сол топтың құрамында жыланмен бірге суретке түсіруші адам да болды. Жыланды мойныма іліп, суретке түсе бергенім сол еді, әлгі жәндік жыбыр ете қалмасы бар ма. Қорыққанымнан денем тітіркеніп, жыланның құйрық жақ бөлігін жерге лақтырып кеп жібердім. Сол әрекетім үшін жылан иесінен едәуір сөз естігенім бар. Дегенмен кәсіби суретке түсіруші болса керек, кішкентай балаларды қорқытпайтындай, тым тәуір жыланмен бірге түскен суретімді келесі күні қолыма алдым.
Гүлжан Базылқызы, тілші:
— Қарап жатқан жыланның құйрығын басып көрдің бе?
— Қазақта «Жатқан жыланның құйрығын баспа» деген нақыл бар. Сау басқа сақина тілеуден сақтасын.
Айнұр Жалмағанбетова, тілші:
— Жылан етіне жерік болсаң қайтер едің?
— Ол проблема емес қой! Аулаймыз! Кәуап әзірлейміз. Жақында Ойылға келін болып түстім. Ойылдың орманы мен өзенінде неше түрлі жылан бар деседі. Сарыбас жылан, көк жылан, су жыланы… Егер жылан етіне жерік болсам, жолдасым екеуміз күнде жылан аулауға шығатын шығармыз…
Кәмшат Қопаева, тілші:
— Кейбір ертегілерде сұлу қызға жігіт жылан кейпінде кездеседі. Ертегі әлеміне еніп кетсең, жыландардан қорықпайсың ба?
— Бала кезімізде жайлауда жүргенде інім Рүстем екеуміз жылан көрсек қуып жүріп өлтіретін едік. «Жылан, жылан» деп айқайлап таяқпен ұрып, әйтеуір тірі жібермеуге тырысамыз. Ал үлкен жыландарды көрсек, қорқып, қашатын едік.
Қазір қалада жылан көрмейсің. Сол сүйкімсіз жәндікті көруге де құштар емеспін. Бірақ ертегі әлеміне еніп кетсем, жыланнан қорықпайтын сияқтымын. Өйткені көп жағдайда сұлу қыздарға тек ханзадалар ғана жәндіктің кейпіне еніп келеді ғой. Сондықтан қорықпауға тырысып бағамын. Әрі бұндай кезде жылан да мені шақпайтын шығар деп ойлаймын.
Жалпы қазақта үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығарып жібереді. Себебі, кей кездерде періштелер жылан бейнесіне еніп, жер бетін шарлайды екен. Сондықтан жылан кейпінде келгендердің кейбірі періште болуы да мүмкін.
Нұрша Биданова, компьютер бөлімінің жетекшісі:
— Жылан асырағың келе ме?
— Жоқ. Себебі бір отбасына екі жылан жеткілікті.
Динара Сангулова, беттеуші:
— Жыланды жерде алтын көп болады дегенге сенесің бе?
— Бұл сөзді бірінші рет естіп тұрмын. Өз басым тірі жыланды тірілей көрген емеспін. Жалпы, жылан атаулы көбіне далалық жерлерде, ауылда кездеседі ғой. Егер жылан жүрген жерде алтын көп болатын болса, онда мен дереу қаладан ауылға көшер едім.
Айгүл Жұбанышева, теруші:
— Бала кезде бұзау іздеп жүргенде жылан шағып көрді ме?
— Құдай сақтасын, жылан шағып көрген емес, бірақ бала кезімде жылан өлтірудің хас шебері болдым. Кездескен жыланды өлтіріп, жеті жерден кесіп, көміп кетуші едім. «Жылан жүрген жерде алтын көп болады» дейтін, мен мал іздеуге шыққанда алдымен бұзау емес, алтын кездессін деп жылан іздейтінмін…
Әсел Ногуманова, теруші:
— Түсіңде жылан көрсе, не болады?
— Жалпы түсте көрген жыланды дұшпанға жориды. Сондықтан мен түсімде, әгәрәки, жылан көре қалсам және оянып кетсем, қайтадан ұйықтап, сол жыланды өлтіруге тырысамын. Ал кейбіреу түсіңде көрген жылан өңіңде байлық, жақсылық болып келеді дейді. Дұрысы осы екіншісі болуы керек. Себебі түсті жамандыққа жоруға болмайды.
Аслан Сыдықов, компьютер маманы:
— Компьютердегі жылан ойынын қанша уақыт бойы тапжылмай ойнауға болады?
— Компьютердегі жылан ойынын әркім қарым-қабілетіне қарай ойнайды. Бірақ уақытыңыз көп болса, көзіңіздің майын аямасаңыз, толассыз ойнай беріңіз. Саусағыңыздың бойымен пернетақтаның микрожүйесі арқылы өтетін зияндылықты естен шығармағаныңыз жөн. Сондықтан, кәсіби компьютер маманы ретінде, тек жылан ойыны ғана емес, жалпы компьютерде мөлшерден тыс отыру денсаулығыңызға зиянды екенін ескертемін!
Серікқали Бегіманов, компьютер маманы:
— Жылан көрсеңіз, не істер едіңіз?
— Жыланның түрлері көп қой. Ата-анамыз үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ (сүт, айран) құйып сыртқа шығарып жіберетін. Бала кезімізде далада қой бағып жүргенде жыланды көп көретінбіз. Жыланды ұстап алып тілін жұлып, өзін жетіге бөліп жерге көміп кететінбіз. Бірақ алып жылан кездессе, кімнің не істейтінін білмеймін, өзім әйтеуір қолдан келетін әдіс-тәсілдерді қолданатын шығармын деп ойлаймын.
Серік Бисенов, корректор:
— Ордалы жыланды өлтіріп қойсаң кегін алады дейді, сол рас па?
— Ордалы жылан туралы аңыз-әңгімелерде естігенім болмаса, кездестірмеппін. Бұрынғының байлары алтын, асыл дүниелерін жыландар мекендеген жерге тығады екен деп келетін әфсаналар болатын. Қай кезде де жақсылыққа жаны құмар ұлтымыз осы бір түсі суық мақұлықтан да күдер үзбей, жыл бойы құт-береке, ел амандығын тілеген ғой. Жылымыз жақсылықтарға толы болғай!
Айгүл Маханова, корректор:
— Жылан түстес шұбар, теңбіл киімдер ұнай ма?
— Әдемі киінгенді жаным қалайды. Жаңа үлгідегі киімдерді жиі сатып алуға тырысамын. Бірақ шұбар, теңбіл түсті киімдерді алмаймын. Себебі жылан сияқты көзге суық, қорқынышты көрінгім келмейді.
Хайреден Раушанов, фототілші:
— Жыланды суретке түсірген оңай ма? Өміріңде неше жыланды суретке түсірдің?
— Жылан да адам сияқты әртүрлі болады. Әйтеуір алдайсың, арбайсың, бірдеңе қылып суретке түсіресің. Мен жыландардан гөрі суретке қыз-келіншектерді көп түсіремін. Олардың да кейбіреуі жылан сияқты мың құбылып тұрады. Кейде тіпті кобра, питон секілділері де кездеседі. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады ғой қалай болғанда да…
Гүлзада Рзина, бас бухгалтер:
— Жыланның емге шипа бір грамм уының бағасы 5 мың доллар тұратын көрінеді. Арзан ба, қымбат па?
— Қымбаттау екен, ә?!. Әй, бірақ денсаулықтан қымбат ештеңе жоқ-ау бұл өмірде…
Зауреш Баетова, жарнама бөлімінің қызметкері:
— Жылан кейпіндегі әшекейлерді тағасыз ба?
— Тағамын. Тіпті мұндай әшекейлерді жақсы көремін. Жалпы, жылан деген өзі жақсы тіршілік иесі ғой. Кез келген жерден бұралаңдап, сытылып, жол тауып, шығып кетеді. Қазіргі уақытта жылан болмасаң, болмайды. Кейде көшеде кетіп бара жатқанда байқаусызда біреуді түйіп кетсең, «гадина» деп ұрсып жатады ғой, жеңгелерім де «заловка — змеиная головка» деп, кейде жай ғана «наша змейка» деп әзілдеп жатады. Ренжімеймін, себебі өзім де сұлу, кербез жыландарға ұқсаймын ғой.
Ағила Тұрмағанбетова, газетке жазу және тарату бөлімінің бастығы:
— Жыланның аяғын көрдіңіз бе?
— Жыланның аяғын көрген адам бақытты болады дейді. Мен жыланның аяғын көргенім жоқ, бірақ бәрібір бақыттымын!
Әріптестермен әзілдескен жыланнан қатты қорқатын, Жылан жылы тумаған, бірақ жыланның аяғын көргісі келетін
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



