Жаңалықтар

Еркін адам

Еңбек адамы

 Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам

 76 жастағы кейуана, Тәуелсіздіктің арқасында шаруасын дөңгелентіп, жұртқа жұмыс тауып беріп отыр

 «Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды» деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның  әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына  қарай 20 қадам» атты мақаласында.

Осы мәселе туралы әңгіме болғанда Қарауылкелді селолық округінің әкімі Ерназар Қалиев: «Мен сіздерді туған өңіріне, еліне пайдалылықтың үлгісін көрсетіп отырған ауылымыздағы бір адамға жолықтырайын», — деп, аудан орталығындағы биыл ғана құрылысы біткен тойхана ғимаратына бастап келді.

Мұнда бізді ауыл әкімі сырттай таныстырған Жантеңге Ақбалжанова қарсы алды. Сөйлеп тұрған, ашық адам екен. Аз отырғанда өзі туралы біраз жайларға қанықтырды.

Кешегі кеңес саудасының ардагері, жұмысшылар кооперациясында, аудандық тұтынушылар одағында жұмыс істеген. Ақтөбе қаласында темір жол саласына қарайтын сауда жүйелерінің де қызметіне араласқан. Отыз екі жыл бойы дүкенші, қойма меңгерушісі болып саналы ғұмырын өткізген. 1987 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, 1994 жылға дейін үйренген сауда саласынан ажырамаған. Кеңес саудасы божырап, тарағаннан кейін, өз бетімен кәсіпкерлік жолға түскен. Оны өзі былай түсіндіреді.

— Менің сауда саласында қызметтес болған басшыларымның, әріптестерімнің қайсыбірі өмірден өтті. Көзі тірілері зейнеткер болып отыр. Ал менің қарап отырмауым керек болды. Балаларды оқытуды ойладық. Жолдасым 2004 жылы қайтыс болды. Тірі болғанда 86-ға шығар еді, менің жасым биыл 76-ға қарады. Жолдасым керім еңбекқор адам еді. Сауда деген де мазасыз жұмыс, ертеңгілік кетіп, кеш келемін. Кәсібін тастап, жеңілдеу жұмысқа ауысып, маған жағдай жасады. Алты баланың, алды ер балалар еді, тәрбиесімен өзі айналысты. Бәріне жоғары білім алып бердік, әрқайсысын  үй қылдық. Сөйтіп жүргенде, өзі де өтті өмірден. Оған да, міне, аттай 9 жыл болыпты.

«Төлеуіш ата» тойханасы деп есімін қойдым шалымның, аруағы риза болсын.

Ол кеткесін жату қайда, енді немерелерімді оқыту керек болды…

Жантеңге апай да өмірдің талабына қарай сауда жүйесін ұлғайта береді. Алғашқылардың қатарында аудан орталығынан киім-кешек дүкенін ашады. Мұны жолға салғаннан кейін,  өзіне де пайда келтіретінін ойлап, аудан тұрғындарының бірқатар мұқтаждарын өтеуге талап қылады.

Бұл кезде ауылдың от жағуы қиындаған еді. Елде көмір жоқ. Келген көмір қымбат әрі сапасыз. Қыс ішінде әр жерге көлік жалдап, көмір әкелуге бала-келінін жібереді, құрқол қайтады. Соған ызаланған апай:

— Биыл өлсем өлемін, өлмей топырақтан тысқары шықсам, алдағы жылы Қарағандыдан көмір жеткіземін елге, — дейді. Бұған біреулер: «Әйел ашуланса, қазан қайнатады», — деуші еді, ер азаматтар жеткізе алмай отырған көмірді ит арқасы Қарағандыдан жетпіске келген кемпір қайдан жеткізсін, шығасы сөз де», — деп күледі.

Бірақ айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезді апай келесі жылы атқа мінеді. Ақтөбедегі кіші ұлынан сол жақта тұратын  бір жолдас баланың мекенжайын алып, бейтаныс өлкеге тартып кетеді. Барса, ол баласының үйі Қарағанды қаласынан 18 шақырым жерде тұрады екен. Екі күн демалысқа қарсы келіп, жатып қалады. Ақырында көмір саудасымен айналысатын мекемені тауып, шартқа отырады. Содан 2005 жылы Жантеңге апайдың арқасында ауданға Қарағандыдан сапалы көмір келеді. Әне, содан бері қыс маусымында темір жол арқылы сол көмір Қарауылкелді стансасына вагон-вагон болып жетеді де тұрады.

— Өткенде келген көмірді пышақ үсті бөліп әкетті халық. Кеше тағы бір вагон келген. Күн суытты. Мен бұрынғыдай темір жолдың басына бара алмаймын. Дірдек қағып қалай тұрамын. Келін бос емес, жұмыста. Немерелерімнің бәрі қалада. Осындағы темір жол саласында істейтін балама бас көз бол, пайдасын да өзің көр деп едім.

— Сонда көмірді бір жерге түсіріп сата ма? — дейміз біз мәнісін ұға қоймай.

— Сол вагон үстінен үлесіп әкетеді. Басқаларға қарағанда менің көмірім арзан әрі несиеге беріп жіберемін. Сосын, елдің бәрін танимын, кейін өзім ақшасын жинап аламын ғой, — дейді апай.

Шынында да, бұл кісінің қызметі 76-дағы адам түгіл, жас жігітіңе де үлгертпейтіндей  көрінді бізге.  Биыл жазда 300 орындық тойхананың құрылысын бітірген. Құрылыс материалдарын, жабдықтарын түгел Ақтөбеден көлік жалдап тасытқан. Құрылысшылар жалдап салдыртқан. Енді, міне, сол тойхана өзінің басшылығымен іске кірісіп те кеткен. Қарауында  9 адам жұмыс істейді.

— Еңбегіңіз ақталды ма? Той жиі өтіп тұр ма? — дейміз біз.

Біздің бұл сауалымызға:

— Бұйырғаны болады. Айына 3-4 той өтсе де. Әркімнің жағдайына да қараймын. Кеше осы ауылдың бір адамы той жасады. Жеңілдікпен бердім. Үйленіп жатқан бала келіп бетімнен сүйді. Үлкен пайда қайдан болады? Төрт тойхана бар мұнда. Жақында тағы бір тойхана қосылды. Оны білмей қалдым. Білгенде мен монша салатын едім. Түскен ақшаны әуелі жұмыс істейтін тоғыз адамға беремін, сосын  өзім аламын. Өле қалсам, артымда дұрыс сөз қалу керек қой…

— Олай деуге болмайды ғой. Өлуді айтпаңыз, апай, сіз керек болып тұрсыз ғой мына қоғамға.

— Неге, құдайдан қорқу керек қой. Мен керемет боламын дегенмен, Алла өзі қолдамаса қай жаққа барасың?!

Осы кезде селолық әкім Ерназар: «Апайдың қазіргі денсаулығына, ширақтығына қарап алдағы кәсіпкерлігі 10 жылға мол деп тұрмын», — деп қойды. Бұған апай күлді де:

— Алла қуат берсін де! Бір балам дәрігер ғой. Немерелерім бар, тіпті шөберемнің де алды үш оқып жатыр. Енді әр жағын айтпаймын. Сол болады. Көз – тіл өтіп кетеді, — деді.

Осынша жасқа келсе де, еңбектің қызығымен шауып, көптің мүддесін ойлап жүрген Жантеңге апаны осы өңірдің анасы деуге болады. Әр жылдарда құзырлы орындармен жағаласып жүріп, тұрғындарға пайдасы тиетін біраз істерге мұрындық болуға тырысыпты. Ұзақ жыл иесін таппаған орталық базардың тізгінін алуды ойлауы, Қарауылкелді темір жолынан жүк сақтау орнын ашқызамын деп, Алматы, Астанаға дейін сапар шегуі — осының дәлелі. Күні кешеге дейін тауар іздеп, Өзбекстанға, Ресейдің көрші Астрахань қаласына ат құрғатпай барып, шарлап қайтып отырған. Мұны тіпті де бірыңғай пайда қууға жатқызуға болмайды. Апайдың бұл ісінде өз кәсібіне  берілгендік, елге мінсіз қызмет етуге деген ынтызарлық, ыстық ықылас жатыр.

— Осының ішінде жүремін. Мұның қызметін атқаратын адам жоқ. Басшысы да, күзетшісі де өзіммін. Жұмысшыларым бар, соларға еңбекақысын беріп істетемін.

— Балаларыңыз қайда?

— Балаларым да, келіндерім де мемлекеттік жұмыста. Олардың бұған бұрылуға мұршалары жоқ. Тіпті маған: «Бәрін таста, керегі жоқ, енді қой, демал!» — дейді. Бірақ мен қарап отыра алмаймын. Бір ұлымның қолында тұрамын. Мені бағады, алақанына салып жүреді деген кенже балам қалада…

Жантеңге апайдың үйі Қарауылкелдінің шетінде екен. Содан орталықтағы осы тойханаға, дүкеніне күн сайын жаяу қатынайды. Әрине, бірнеше сауда желісі бар кәсіпкердің көлігі баршылық, бірақ бойына сіңген дағдысы, жаны жүріп-тұруды қалайтын көрінеді. Қайратты да осындай қозғалыстан, тынбай атқарған еңбектен алатын болар.

— Мен мына жердегі Теректі ауылының қызымын. Естулеріңіз бар шығар, кешегі кеңес заманының алакеуімінде «атты қазақ» атанған Есқали Нұрғалиевтің қарындасымын. Мінезім тіке, омыраулаумын, кімге де болса, бетіне айтып тастап, қарап отырамын. Өзім қожа, өзім би, келін-балаларыма да қарайламаймын. Бір құдайдан ғана қорқамын. Басқа ешкімге тәуелді емеспін, — деп апамыз арындап барып басылды.

Дегенмен бұл сөздерінің жаны бар болатын. Тәуелді емес екені рас еді. Біздің қоғамда қабілетті кәсіпкерлер, бизнес иелері — шын еркіндікті сезініп отырған қауым. Олардың қызметінде жасқа шектеу де жоқ. Еліміздің тәуелсіздік алуымен қалыптасқан жаңа қауым, тәуелсіз адамдар. Кешегі кеңестік заманда кім бұлай еркіндік сезіне алды?

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button