Жаңалықтар

«Нағыз бетон» іске қосылды

Еліміздегі маңызды мереке қарсаңында Ақтөбе қаласында «Нағыз бетон» деп аталатын темір-бетон бұйымдары зауыты іске қосылды. Бұл өндірістік қуаты жылына 160 мың текше метрге жуық өнім шығара алатын, жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кәсіпорын.

Жаңа жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Ол жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Тәуелсіздіктің әр жылындағы жетістіктерді саралап шықты.

— Біздің облысымызда Елбасымыз белгілеген тапсырмалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, — деді осында жұмысшылармен жүздесу барысында Архимед Мұхамбетов, — Бұл ретте Индустрияландыру картасына біздің өңірден жалпы құны 633,8 млрд. теңге құрайтын 74 инвестициялық жоба енгізіліп, жиынтығында  10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылмақшы. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өткен екі жарым жыл ішінде 56 жоба іске қосылды. Жалпы инвестиция құны 186,8 млрд. теңгені құрап, төрт мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.

Осындай ілгерілеулерді баян еткен өңір басшысы елімізде бірінші рет аталып өтіп жатқан Тұңғыш Президент күнінің маңыздылығына тоқталды. Мемлекетіміздің нығаюы, әлемнің көптеген елдерімен иық тіресіп теңесуі, күні кеше ғана EXPO —2017 көрмесін қазақ жерінде, елордамыз Астанада өткізуге қол жетуі Елбасының беделі нәтижесі екендігін айтты.

Ақтөбе қаласы қазіргі уақытта ірі құрылыстар алаңына айналғаны көпшілікке белгілі. Сондықтан да аса тиімді, ыстық-суыққа, ауа райының басқа да өзгермелі факторларына төзімді материалдарға сұраныс көбейіп отыр. «Мизам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Нағыз бетон» зауыты осындай жоғары өлшемдерге сай өнімдерді шығармақшы.

— Зауытта тұрақты түрде 140 адам жұмыс істейтін болады. Бізде құрылысқа қажетті бетон бұйымдары шығарылады, олардың сапасы жоғары екендігіне кепілдік береміз, — деді зауыт директоры Нұрберген Хамит, — қазірдің өзінде сұраныстар көптеп түсуде. Негізінен Ақтөбе қаласын, сондай-ақ еліміздің батыс аймақтарын қамтитын боламыз.

Аталған жобаның жалпы құны 500 миллион теңге құрап отыр. Құрылыс салу кезінде тоқсан адам еңбек етті. Темір-бетон бұйымдарын өндіретін технологиялық жабдықтарды испандық компания жеткізді. Бір ерекшелігі, өндірісте инновациялық технологияны қолданушы осы заманауи зауытқа қазіргі уақытта Қазақстанда балама жоқ деп батыл айтуға болады.

Болашақта зауыт базасында үй құрылысына қолданылатын тиімділігі жоғары және үнемді технология бойынша өндіріс желісі іске қосылады.

Облыс басшысы зауытта қазіргі уақытта қолданылып жатқан «Тенсиланд» технологиялық желісімен танысқаннан кейін дайын өнім үлгілерін көріп, өндіріс барысына қатысты ахуалды сұрастырды.

Зауыт жұмысшысы Әскербек Қазкеев өз сөзінде Елбасымыздың еңбек жолын жұмысшылықтан бастағанын, өзінің алға ұмтылысы, жігерлі қимылы, ізденісі нәтижесінде осындай биік дәрежеге көтерілгенін мақтан тұтатындығын сөз арқауына айналдырды. «Біз де Нұрсұлтан Әбішұлының жүріп өткен жолдарынан үлгі аламыз», — деді ол.

Сонымен, «Нағыз бетон» өнімдері енді қала құрылыстарына кеңінен қолданылатын болады. Зауыт атауы алдыңғы жағына айшықталып жазылған алып көліктер қазірдің өзінде көшелерден көзге шалына бастады. Демек, бұл — жұмыс жүре бастады деген сөз.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button