Жаңалықтар

«Қадырбаев ұмытылмаса, өткеніміз де ұмытылмайды»

Жуырда Ақтөбеде «Қадырбаев оқулары — 2012» атты ІІІ халықаралық ғылыми конференция өтті.

Археолог-ғалым Мир Қадырбаевты еске алуға арналған халықаралық ғылыми конференция Ақтөбеде алғаш рет 2007 жылы өткен еді, ал ІІ конференция 2010 жылы ұйымдастырылды. Биылғы конференцияда ТМД-ның алты мемлекетінен 40-тан астам ғалым бас қосты. Жиында тарихшылар, археологтар мен этнографтар тарихтың, мәдениеттанудың өзекті мәселелерін талқылап, соңғы жаңалықтарын ортаға салды.

Мир Қадырбаев (1932-1982 жж.) — Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі дәуір ескерткіштерін зерттеген ғалым. Оны еске алуға арналған ғылыми конференцияның  Ақтөбеде өткізілуінің өзіндік себебі бар.

Конференцияны ұйымдастырушылардың бірі — облыстық тарих, этнография және археология орталығы. Осы орталықтың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенбаев:

— Біздің облыс аумағындағы көне дәуір ескерткіштерінің құпиясын ашуға Мир Қадырбаев зор үлес қосты. Ол Сынтас, Бесоба, Құмсай, Нагорный қорымдарында жүргізілген қазба жұмыстарына жетекшілік етті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған көне дәуір жәдігерлерінің көпшілігі — сол жұмыстар кезінде табылған дүниелер, — дейді.

Қазір бұрынғы КСРО аумағының әр түкпірінде көне ескерткіштердің құпиясын ашу мақсатында көптеген қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарихтың бұрын айтылмаған, айтуға рұқсат берілмеген тұстарын зерттеуге ұмтылған ғалымдар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Әр тараптан келген зерттеушілер сол жұмыстар қорытындыларымен, соңғы жаңалықтарымен бөлісе отырып, сандаған сұрақтарға бірлесе жауап іздеді.

Мысалы, Башқұртстан астанасы — Уфадан келген Азат Салманов табын руының тарихын зерттеп жүр. Табын — қазақтар ғана емес, башқұрт халқы құрамында да бар ру. Азаттың пікірінше, табындар о баста башқұрттардан шыққан, қазаққа кейін келіп сіңген. Әрине, бұл пікірге дау айтатындар да табылады…

— Мұндай талас тұстарды бірге отырып талқылаған дұрыс. Конференция ғалымдарға сондай мүмкіндік жасау үшін ұйымдастырылды, — дейді Арман Бейсенбаев.

Ал Алматыдан келген белгілі археолог Бекен Нұрмұхамбетов осы конференцияны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын жеткізді.

— Жас ұрпақ Мир Қадырбаевтың есімін ұмытпауы керек. Қадырбаев ұмытылмаса, өткеніміз де ұмытылмайды, — дейді ол.

 

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button