Жаңалықтар

Жәрмеңке және мереке

Өткен сенбі күні қаланың «Табыс» азық-түлік базарында ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні мерекесі құрметіне  облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Қазір аудандар мен облыс орталығында жәрмеңке өткізу дағдыға айналды. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жыл он екі ай жалғасады, қысы-жазы үзілмейді. Халық негізінен азық-түлікті жәрмеңкеден алып үйренді деуге болады. Әсіресе, қысқа қамданып, азық-түлік қорын жасауға жәрмеңке ыңғайлы әрі тиімді. Өзіңіз пайда-зиянын біле беріңіз: Жәрмеңке бойы картоптың келісі 40 теңгеден асқан жоқ. Осы кезде қаланың басқа коммерциялық базарларында  картоптың бағасы 80 теңгеден, дүкендерінде одан да жоғары болды. Ет, сүт өнімдері де жәрмеңкелерде арзан. Әрі ауылдан тікелей келген сапалы өнім. Қала тұрғындары да ауылдың азық-түлігінің дәмін біліп алған бүгінде. Ертеңгілік базар  маңы жеңіл көлікке сыймай кетсе, оның сондай реті бар. Саудаларының өнімді болатынын білетін тұтынушылар базарға көліктерімен келетін болған. Оның үстіне бұл жолғы жәрмеңкенің жөні бөлек еді.  Алғашқы қар түсіп, қыс күшіне енетінін анық байқатты. Бұл әр адамға етек-жеңді жинап, қысқа қам жасауды ескертіп тұрғандай. Ішкі қажеттілікті өтеуден де гөрі маңызды  тағы бір шара бар болатын. Ол — осы жәрмеңкемен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің  мерекесінің тұспа-тұс келуі. Төл мерекеге облыс орталығынан, аудандар мен ауылдардан  кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары, еңбек озаттары, шаруа қожалықтарының жетекшілері арнайы шақырылған-ды.

«Табыс» базарының алдыңғы бетіндегі кең алаңды жағалай тігілген шатырларда барлық аудандардан келген шаруа қожалықтары таңнан бастап ет, сүт өнімдерін сатып тұрды. Жылқы, сиыр, қой еттерінің бағасы бірдей болып, келісі 950 теңгеден сатылды. Еттің барлық түрі мол болды. Тіпті үйіткен семіз қойға дейін тұрды. Шұбаттың литрі 600 теңгеден аспады. Қымыздың бәсі мұнан да төменірек болды. Әрине, қалалықтар ауыл етіне көбірек ұмтылды. Бұл күні, бізге алдын ала берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, жәрмеңкеге 17 тонна ет, 21 тонна картоп пен көкөніс, 1,5 тонна сүт өнімдері, 3 тонна өсімдік майы, 8 тонна басқалай өнімдер түскен. Жәрмеңке өнімдері бағасының қаланың басқа коммерциялық базарларына қарағанда 10-20 пайызға төмен болуы қатаң қадағаланды. Жәрмеңкеге барлық аудандардан және Ақтөбе қаласынан  ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты.

Сәскеге таман шараның ресми мерекелік салтанаты басталды. Жәрмеңкеге жиналғандарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы мерекесімен құттықтады. Базардың сыртындағы және ішіндегі сауда сөрелерін аралап көріп, кәсіпкерлермен, шағын және орта бизнес иелерімен әңгімелесті. Аралаған кезде ірі серіктестіктер мен фирмалардың, шаруа қожалықтарының өнімдерінің сапасы мен бағаларына көңіл бөліп, оларды жақсартуға және молайтуға байланысты пікірлерін білдірді.

Жәрмеңке базарының алдындағы алаңда ағымдағы жылы ең жоғарғы өндірістік көрсеткішке жеткен жеке кәсіпорындарды, шаруашылықтарды және облыстың ауыл шаруашылығы қызметкерлерін құттықтауға арналған салтанатты жиын өтті.

— Ауыл шаруашылығы ел өмірінде ерекше орын алатын салалардың бірі. Ол экономиканың ғана емес, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың айнасы. Елбасының көреген саясатының арқасында агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде ауыл халқының тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, көліктік және инженерлік инфрақұрылымы жақсара түсуде. Бұл біздің баршамызға ортақ қуаныш. Халқымызда «Ауылым — алтын бесігім» деген жақсы сөз бар. Шындығында да, ауыл — қазақтың қара шаңырағы, дәстүлі шаруашылығының асыл қазығы, атамекені. Ендеше, ауылды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету — бүкіл елімізді дамыту деген сөз. Осынау жауапты міндетті абыроймен атқарып, аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызды бүгінгі айтулы мерекемен құттықтап, отбасыларыңызға амандық, еңбекте табыс және баянды бақыт тілеймін, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттау рәсімі өтіп, облыс басшысы 2012 жылы ел ырыздығын молайтуға елеулі үлес қосқан бір топ қызметкерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында Әйтеке би ауданының комбайншысы Сейілхан Босшанов, ауыл шаруашылығы ардагері Қаби Қуанышбаев, Алға ауданының малшысы Ұлықпан Қабиұлы,  Ырғыз ауданының жылқышысы Сәрсенбай Еркін, Қарғалы ауданының «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманқос  Төлеуов, тағы басқалары бар.

Бұл күні облыс әкімінің қолынан барлық ауданның ауыл шаруашылығы озаттары Алғыс хат пен бағалы сыйлық алды. Сондай-ақ облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов ауыл шаруашылығы күні мерекесіне байланысты марапаттау рәсімін өткізді.

Қарғалы ауданының «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманқос Төлеуов облыс әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығына ие болғандардың атынан сөз алып, ауыл шаруашылығына елеулі қолдау көрсетіп отырған Елбасына, облыс басшысына ризашылығын білдірді.

Бұдан әрі бәсекеге қабілетті жоғары сапалы өнім шығаруға ықпал ету мақсатында жәрмеңке  аясында келелі шаралар ұйымдастырылды. Қаладағы 12 мейрамхананың басын қосып, «Бауырсақ» конкурсы өтті. Қаладағы ірі 8 компанияның қатысуымен жергілікті тауар өндірушілердің жарысы өтті.

Осындай сынақ жарыстары бойынша құрылған қазылар алқасы үздік кәсіпорындарды анықтап, оларды арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Жәрмеңкенің өне бойында ән мен күй қалықтап, сахнада концерттік бағдарлама жүріп жатты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button