Ақжар-2 ауылының өз мектебі бар

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақжар-2 ауылында 150 орындық №45 орта мектеп ашылды. Жаңа мектептің алаңына жиналған ауыл тұрғындарын, мұғалімдер мен оқушыларды қала әкімі Ерхан Омаров құттықтады.
5000 тұрғыны бар Ақжар-2 ауылындағы 435 оқушы үшін екі қабатты мектеп ғимараты үлкен олжа. Осыған дейін ауылдың оқу жасындағы балалары мектеп автобусымен қаланың Құрмыш ауданына қарасты №14 мектебіне, басқа да мектептерге қатынап оқып жүрді. Биыл білім саласы бойынша облыс аумағында құрылысы жоспарланған жаңа нысандардың қатарына енген мектептің нақты салынатыны өткен жылы желтоқсан айында шешілгеннен кейін мердігер компания «Тілектес құрылыс» ЖШС мамандары іске кірісті. Аз ғана уақыттың ішінде заманауи стандарттарға жауап беретін жаңа ғимараттың бой көтергені ақжарлықтар үшін үлкен қуаныш болды. Жаңа мектепке келетін бала санының көптігіне байланысты сабақтар екі ауысыммен өтетін болып шешілген.
— Ақтөбе қаласында жаңадан мектеп ғимараттары салынып жатыр. Мәселен, биыл осындай білім ордасын Садовый елді мекенінде аштық. Соңғы жылдары Ақтөбе қаласының аумағы кеңейіп, қала тұрғындарының саны артып отырғаны белгілі. Қала жылдар өткен сайын көркейіп, миллион тұрғынға мекен болатын үлкен шаһарға айналып келе жатыр. Қаланың айналасында 40-тан астам шағын елді мекен пайда болды. Солардың бірі 2006 жылдан салына бастаған Ақжар-2 ауылы деуге болады. Айналасы 5-6 жылдың ішінде ауыл тұрғындарының саны бес мыңға жетті, коммуналдық желілермен, газбен, сумен электр желісімен қамтылды, қоғамдық көлік қатынайды. Балаларын қала мектептеріне автобуспен апарып жүрген тұрғындар көптен бері өз ауылдарында мектептің салынуын армандап келген еді. Міне, сол арманға қолдары жеткен тұрғындардың қуанышына ортақтасу біз үшін үлкен мерей.
Бұл мектеп — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының білім саласының ілгерілеуі үшін атқарушы органдардың алдына қойып отырған талаптарын орындау мақсатында жоспарланған жобалардың бірі. Елбасының Жолдауына сай, қала әкімдігі білім саласын жетілдіруге, жаңа мектептер мен балабақшалар құрылысына айрықша көңіл бөлуде, — деді қала әкімі Ерхан Омаров.
Қала басшысы мектептің спорт алаңдарын, спорт залын көріп, бұл жерде жастарды түрлі секцияларға тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын орта қалыптасатынына сенетінін айтты.
Мектеп құрылысына облыстық бюджет қаражаты есебінен 230 миллион теңге бөлінген. Қазір педагогикалық ұжым толық жұмысқа қабылданып, олардың жұмыс істеуі үшін кабинеттер керекті құрал-жабдықтармен қамтылып отыр. Жаңа оқу ордасының ашылу салтанатына келген тұрғындарға кішкентай бүлдіршіндер ән салып, би билеп берді, ауылдың үлкендері шашу шашты.
— Бұл мектептің ашылуы қосымша жұмыс орындарын көбейтіп отыр. Енді осы ауылда тұратын, қалаға қатынап азғантай сағаттарға уақытша жұмыс істеп жүрген 40 мұғалім және 20 техникалық жұмысшы осында қызмет ететін болады. Жаңа мектеп білім саласының барлық талаптарына жауап береді. Мұнда медициналық бөлме, асхана, кітапхана ішінде оқу залы, қажетті кітап қоры, физика, химия, лингофондық кабинеттер, шеберхана, спорт залы, акт залы, оқу бөлмелері бар. Барлық кабинеттер сабаққа қажетті жабдықтармен, жиһаздармен қамтылған. Мұғалім үшін де, оқушы үшін де шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндік бар деуге болады. Біздің ұжым көпшіліктің артып отырған сенімін ақтайды, білім саласын дамытуға үлес қосады деп сендіремін, — деді жаңа мектептің жаңа директоры Айжан Тамашева.
Ақжар-2 ауылында ашылған бұл ғимарат биыл Ақтөбе қаласында құрылысы аяқталған мектептер мен балабақшалардың соңғысы емес. Осыған дейін білім күні салтанатында қаланың іргесінде Садовый ауылының 100 орындық мектебі оқушыларды қабылдаған болатын. Енді 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні мерекесіне дейін қалада білім саласының бес нысаны қоныс тойын атап өтеді. Заречный-2 елді мекенінде 150 орындық мектеп, «Гүлдер» шағын ауданында 600 орындық және қаланың Оңтүстік-Батыс бөлігінде 1000 орындық мектептер ашылады. Сонымен қатар Оңтүстік-Батыс бөлікте және Жаңақоныс ауылында тұрғындар ашылуын көптен күткен балабақшалардың тұсаукесер тойының куәсі болады.
— Біз осы мектеп үшін алынған барлық құрал-жабдықтарды мұғалімдер білім саласының игілігі үшін пайдаланады, сабақтан тыс уақыттарда оқушылардың қызығушылығы бойынша әр түрлі шығармашылық жұмыстармен айналысуға мүмкіндік беретін үйірмелер жұмыс істейтін болады деп сенеміз. Жақын күндерде бұл жерде ақжарлық бүлдіршіндер үшін мектепке дейінгі білім берумен қамтитын мүмкіндік жасалуы тиіс.
Жалпы барлық жақсылықтардың жемісін беретін нәтижелі жұмыс болуы керек. Қазіргі уақытта қалада бес мектептің құрылыс-монтаждық жұмыстары аяқталып қалды. Біз болашақта қала маңындағы отыздан астам елді мекеннің өз мектебі болуын жоспарлап отырмыз. Республикалық бюджет үш жүз жиырмадан көп орындық мектептердің құрылысына ғана трансферт бөледі. Ал орын саны одан аз болатын мектептерді салу үшін облыс өз қазынасының қаржысын пайдаланады. Биыл қала бойынша жалпы саны 1600 орындық бес мектепті жоспарлаған уақытында тапсырып отырмыз , — деді қала басшысы Е. Омаров.
Айгүл БАЙМЕНОВА.




