Назарбаев зияткерлік мектебі: іріктеу конкурсы және апелляция

Қарашаның 11-інде Ақтөбе қаласында Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушыларды іріктеу байқауы басталған болатын. Сынақтың ІІ кезеңі кеше Ақтөбе политехникалық колледжінде өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған зияткерлік мектептер мен Назарбаев университеті — «Интеллектуалдық ұлт — 2020» жобасын жүзеге асырудың негізі. Қазір елімізде осы бағытта кешенді жұмыстар жасалып жатыр. Соның бір парасы біздің облыста да жүзеге асырылуда.
— Қарашаның 3-іне дейін зияткерлік мектепте білім алуға ниетті балалардың құжаттарын қабылдадық. Қарашаның 11-і күні байқаудың бірінші кезеңі бойынша тестілеу өтті. Оған 2380 бала қатысты, — дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сәуле Өмірбекова.
Зияткерлік мектепке 7, 8, 9-сынып оқушылары қабылданады. Екі кезең бойынша өткен байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер физика-математика бағытына сәйкес келетін бейінді пәндерден: физика мен математикадан және қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша кешенді тестілеу тапсырды.
— Байқаудың ережесі бойынша физика-математикалық бағытындағы зияткерлік мектептің кәсіптік пәндері: 7- сынып — математика, 8, 9-сынып — физика мен математика пәндері. Ал химия-биологиялық бағытындағы зияткерлік мектептің кәсіптік пәні: 7-8 сыныптар — математика мен биология, 9-сынып — химия мен биология пәндері. (Біздің облыстағы зияткерлік мектеп физика-математикалық бағытта білім береді), — дейді Сәуле Рахымқызы.
Физика-математикалық бағыттағы мектептің 7-сыныбы үшін берілген жалпы сұрақ саны — 60. Бірінші кезеңде әр пән бойынша 15 сұрақтан берілген.
— Байқаудың екінші кезеңіне 7-сынып оқушыларының арасынан 24-тен жоғары ұпай жинаған үміткерлер жіберілді. Ал 8,9-сынып оқушыларының ішінде 30-дан аз ұпай алмағандары ғана қатысты. Жалпы, 1300-ден астам бала байқаудың екінші кезеңінде бақ сынасты.
Бұл сынақта мектептердің бағытына сәйкес келетін бейінді пәндер бойынша жазбаша емтихан өткізілді. Жазбаша жұмыс әр пән бойынша үш деңгейдегі (А,В,С) 5 тапсырмадан берілді. ІІ кезеңде 7-сынып оқушылары математикадан сынақ тапсырды. Шектеулі ұпай — 9. Ал 8,9-сынып оқушылары 2 пәннен: математика мен физикадан есеп шығарды. Мұнда да әр пәннен 9-дан кем ұпай жинамауы керек, — дейді Сәуле Өмірбекова. Оның айтуынша, комиссия мүшелері Астана, Семей, Өскемен, Орал қалаларынан келіпті. Байқаудың бірінші кезеңі бойынша өткен апелляциялық комиссияға 200-ге жуық бала шағымданған. Оның ішінде өздерінің білімдерін дәлелдеп қосымша балл қосқан балалар да аз болмапты.
— Бүгін, ертең екінші кезең бойынша оқушылардың жұмысы тексеріледі. Қарашаның 18-і күні апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Нәтижесінде, статистикалық мәліметтерге өзгеріс енгізілуі мүмкін. Сондықтан қанша оқушының жоғары ұпай алғаны туралы нақты мәлімет апелляциялық комиссияның жұмысынан соң белгілі болады. Мұнымен байқау аяқталмайды. Жақсы көрсеткішті иеленген балалардың ұпайлары сарапқа салынады. Іріктеу конкурсының қорытындысын Астанадағы республикалық комиссия шығарады, — дейді Сәуле Өмірбекова.
Байқаудан өткен дарынды жастар Елбасының «Өркен» білім беру грантын иеленеді.
Зияткерлік мектептерде білім берудің 2 моделі жүзеге асырылады. Біріншісі —жаратылыстану-математика бағытындағы эксперименталды ықпалдасқан білім бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар физика, математика, химия және биология пәндерін тереңдетіп, үштілді ортада оқиды. Екінші модель негізгі және жоғары мектепте балаларды халықаралық бакалавриат (ХБ) бағдарламасы бойынша оқытуды қамтиды. Бұл — әлемге танымал білім беру жүйесі. Халықаралық бакалавриат дипломын әлемдегі 102 елдің 1300-ден астам университеттері мақұлдайды. Халықаралық бакалавриат бағдарламасын Астанадағы зияткерлік мектеп пайдаланады.
Айта кету керек, елімізде зияткерлік мектептер 2009 жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Қазір Астана, Талдықорған, Қарағанды, Орал, Өскемен, Семей қалаларында Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс істейді. 2015 жылдың соңына дейін тағы да 15 зияткерлік мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде оның 12-сінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның бірі — Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. 3 млрд. теңгеге бағаланған зияткерлік мектеп құрылысы облыс орталығындағы «Батыс-2» шағын ауданында салынып жатыр. 720 балаға арналған зәулім білім ордасының ауыл балаларына арналған 120 орындық жатақханасы да бой көтеретін болады. Құрылыс жүргізуші мекеме — «А-Еврострой» ЖШС. Заман талабына сай салынып жатқан ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Мектептегі оқу кабинеттерінің бәрі де соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Балалардың бос уақытында спортпен шұғылдануы үшін арнайы спорт алаңдары, жасанды мұз айдыны да қарастырылған. Мектеп биылғы оқу жылының ІV тоқсанында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.




9 қазақ сыныптарына қанша бала алынады?
Мен іріктеуден өттім.Ал енді мектеп 1-ші ақпанда ашылады дейді сол распа
kanwa bal aldin???))
келесі іріктеу қашан болады?
1 турдан оту ушин ен азы канша бал алу керек?!