Мәдениет

Ақтөбе мен «Ақжелкең»

Өткен аптада Ақтөбеде Қазанғап атындағы ІІ республикалық «Ақжелең» күйшілер байқауы өтті. Қазанғап атындағы І республикалық байқау күйшінің туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген болатын. Өнер зерттеушісі Әбдулхамит Райымбергенов бұл доданы болашақта халықаралық деңгейде өткізуді ұсынды.

 

Елу домбыраның күмбірі

«Ақжелең» байқауына республиканың әр өңірінен 17-35 жастағы елуге тарта күйші келді. Ә.Райымбергенов бастаған қазылар алқасы күй орындаушылардың шеберлігін бағалау үшін түн ауғанша отырғанын айтады.      

Облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген шараға мектеп оқушыларынан бастап оқу орындарының студенттері, оқытушылары мен өнер ұжымдарының өкілдері қатысты.

Бірінші кезеңде қатысушылар Қазанғаптың «Көкілін», «18 жасар Балжан қызын», екінші кезеңде «Торы аттың бөгелек қағуы» мен «Ақжелеңнің» бір түрін міндетті түрде ойнауға тиіс болды және бұған қосымша өздері қалаған күйшісінің қалаған шығармасын орындады.

— Жастардың бұл сайысқа қатысуға деген ынтасынан Қазанғап шығармасының оқушылар мен студенттер, жас күйшілер арасында кең таралғандығын көріп отырмыз. Байқауға қатысам деушілердің кәсібилігіне, әуесқойлығына шектеу қойылған жоқ. Дегенмен, қазіргі уақытта басқа шаруаны ысырып қойып, домбыраның соңына түсу аса оңай шаруа емес, сондықтан бұл додаға негізінен осы салада оқып, не қызмет етіп жүрген жастар қатысты. Қатысушылардың орындау шеберлігі, сахна мәдениеті, шығарма тексінің тазалығы секілді критрийлеріне қарап бағаладық. Жеңімпаздарды анықтау өте қиын болды. Дегенмен, сайыстың аты сайыс. Бірақ жас күйшілердің ең үлкен жеңісі — Қазанғаптың төл шәкіртінен дәріс алған Жұмабай Жансүгіров ақсақалмен тілдесіп, оның батасын алғаны дер едім, — деді Ә.Райымбергенов.

Қазанғап дәстүрлі күй мектебін жалғастырушы күйші Әбдулхамит Райымбергенов, ҚР телерадиокомпаниясы «Мәдениет» телеарнасының директоры Сағатбек Қалиев, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов, күйші Жайлау Асылханов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдиновалардың бағалауынша байқаудың бас жүлдесіне ақтөбелік күйші Асылбек Кенегесов лайық деп танылды.

— Бәйгеден 3-4 күйші бірге келді деуге болады. Бәрі де шебер. Бірақ Асылбектің күй тартысы ерекше. Күй орындау барысында оның үн шығаруында ерекшелік бар. Бұл — аспапта күйді илеп, иінін қандырып, күйді еңіретіп тұрып жаныңа тигізіп тартады деген сөз. Домбырада өте ұшқыр ойнайды. Жалпы, Ақтөбеден қатысқан жас күйшілердің барлығы мақтауға лайық. Екінші орын алған Құрманғазы Асылханов, үшінші орын алған, негізі ақтөбелік болғанымен, Атыраудың атынан қатысқан Айнұр Сакупова мен Астана атынан келген Ардақ Елеусіздер де өте шебер орындаушы ретінде бізді таңғалдырды. Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті Айгүл Қарғабаева да жақсы орындаушы, бірақ өте ұяң, өзін-өзі көрсету шеберлігін шыңдауы керек, — дейді қазанғаптанушы, күйші Н.Жанаманов.

Жүлделі орындардан өзге Сәдуақас Балмағанбетов, Кәдірәлі Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Бақыт Басығараев, Жұмабай Жансүгіров атындағы арнайы жүлделер де тағайындалды.

Байқау барысында Ж.Жансүгіров пен Ә.Райымбергенов жас күйшілерге шеберлік сабақтарын өткізді.

 

Қазанғап мұрасының 20 пайызы ғана зерттелді…

Өнер зерттеушісі Ә.Райымбергеновтің айтуынша, Қазанғап күйлерінің кейбір иірімдері нотаға бағынбайды. Оны нотаға қарап отырып домбыраға түсіру жеткіліксіз, құлақпен тыңдап, көзбен көріп, түйсікпен сезіну керек. Осы тұрғыда байқауға қатысқан орындаушылардың Қазанғаптың төл шәкіртінен дәріс алған Жұмабай Жансүгіровпен кездескені үлкен олжа болғаны рас.

Жұмбай ақсақал сексеннің үшеуіне шыққан. Шалқар ауданында тұрады. Қазанғаптың көзі тірісінде күйлерін өзінен естіп, өзінен үйренген төл шәкірттерінің қатарында Жәлекеш Айпақов, Кәдірәлі Ержанов, Матай Қуантайұлы секілді күйшілерді айтуға болады. Қызыл империя кезінде әртүрлі себептермен шығармалары зерттелмей, тың күйінде жатқан күйшілердің өмірі мен өнерін зерттеп, бір ізге түсірген ғалым, академик Ахмет Жұбанов Қазанғаптың мол мұрасын осындай шәкірттері арқылы алғаны белгілі. Қазір күйшінің көзін көргендерден ешкім жоқ.

Ә.Райымбергеновтің айтуынша, Қазанғаптың шығармалары бар болғаны 20 пайызға ғана зерттелді. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы күйшінің шығармаларын жүйелі түрде зерттеп келе жатқан Ә.Райымбергенов композитордың сол уақыттағы белгілі 25 күйін нотаға түсіріп, алғаш рет «Ақжелең» деген жинақ шығарды. Ал қазір Қазанғаптың 50-60 күйі орындалып жүр. Өнер зерттеушісі бұл күйлердің көбін Кәдірәлінің бүгінде көзі тірі жалғыз шәкірті Жұмабай Жансүгіровтен жазып алғанын айтады.

—  Мен 8 жасымнан бастап төрт жыл бойы Кәдірәлінің түйелерін бақтым. Кешке өрістен түйелерімді айдап келгеннен кейін күйші маған 5-6 күйін тартып береді. Соны нотасыз, құлақпен есту арқылы, көңілмен түйсіну арқылы дереу қағып аламын. Қазіргі уақытта күйшінің өзім білетін күйлерінің көпшілігін қазаққа беріп болдым. Кейде Қазанғаптың күйлері ұйықтап жатқанда түсіме кіреді, домбырамды алып, тартып жатамын.

Кезінде Ахмет Жұбанов Кәдірәлі Ержановтың орындауындағы Қазанғап күйлерін таспасына жазып алған, әрі оған күйші мұрасын сол күйінде жеткізгені үшін консерватория есебінен өле-өлгенше стипендия тағайындатқан. Міне, алтын қордағы сол таспаның көшірмесін Әбдулхамит балам маған әкеліп берді. Бұл маған үлкен сый болды, — дейді Жұмабай ақсақал.

Жұмабай ақсақал көзінің тірісінде жас күйшілердің Қазанғаптың шығармаларын қалай орындап жүргенін көзімен көрмекке келіпті. «Балалардың домбырада қисықтау ойнайтын жерлері болса, түзетейін дедім, шатыстырмасын дедім. Қазір, шүкір, Жайлау, Нұрболат секілді күйшілердің барлығы жақсы тартып жүр. Жас балалардың да ойнауы жақсы. Әсіресе, Әбдулхамит шебер ойнайды, дәл менің тартқанымдай тартады. Енді менің осы балаларға айтатын өсиетім — менің төл шәкіртім Рүстембек Сейітовтен көз жазбаңдар. Қазанғаптың күйлерін тез үйренген осы бала», — дейді Ж.Жансүгіров.

Р.Сейітовтің айтуынша, Әбдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов секілді күйшілер Жұмабай ақсақалдың үйіне қона жатып, күйлерін тыңдап, таспаға жазып, зерттеп жүр. Өнер зерттеушілері Қазанғаптың қазір орындалып жүрген, мысалы, «Торы айғырдың табақ тартуы», «Ұршықтың жұртта қалғаны» секілді күйлерді осы ақсақалдан алған. «Жұмбай ақсақал арқылы жеткен Қазанғаптың «Ұмыттық, алға», «Сауранкөк» секілді күйлері қазір таспаға түсіріліп жатыр», — дейді Р.Сейітов.

Әбдулхамит Райымбергенов мұрағатта зерттеуді күтіп тұрған әлі талай жазба бар екендігін айтады.

—  Қазір Қазанғаптың шамамен 50-60-тай күйі белгілі. Көпшілігі нотаға түсірілді. Ғылым үшін, әрине, күйлердің нотаға түскені жақсы. Алайда мен балалардың күйді нотамен орындағанына іштей қарсымын. Себебі біз ғасырлар бойы күйді құлақпен есту арқылы үйреніп келе жатырмыз. Әрі Қазанғап күйлерінің кейбір иірімдері, сазы нотаға бағынбайды. Сондықтан балалар күйді білетін адамдардан құлақпен есту арқылы үйреніп, соны өздері нотаға түсіргені дұрыс болар еді, — дейді Ә.Райымбергенов.

Ә.Райымбергеновтің айтуынша, өнерді зерттеу жеке зерттеуші тұрғысынан алып қарағанда аса тиімді жұмыс емес. Ол ұлт үшін, тарих үшін, кейінгі ұрпақ үшін ғана қажет. Шынайы өнер зерттеушілерінің, саф өнерге қамқоршылардың саусақпен санарлық екендігі де сол себептен.

…Өткенде Ойыл өңірінде болған «Ұлы Жібек Жолында қайта жаңғырған Жібек жолы» мерекесіне арнайы шақырылған күйші Әбдулхамит Райымбергенов пен жыршы Ұлжан Байбосынова Жұмабай ақсақалды Шалқарға әдейі іздеп барып, қона жатып, күйін тыңдағанын айтады. Және… сол сапарында Қазанғаптың тікелей ізбасары Жұмабай Жансүгіровтің тозығы жеткен домбыра тартып отырғанын көріп, осы жолы арнайы Алматының шеберлеріне домбыра жасатып әкеліп бергенін айтады.

Күйді насихаттау — ұлттық идеологияның ең мықты құралы

Саз зергері Қазанғаптың домбыра күйлеріндегі Ақжелең жанрының шебері екені тарихтан белгілі. Қазақ жерінің батыс өңірлерінде домбырашылар өзін күйші деп танытуы үшін алпыс екі Ақжелеңді түгел тарту шарт болған екен. «Ақжелеңнің»  «Қыз Ақжелең», «Кербез Ақжелең», «Шілтерлі Ақжелең», «Шілтер Ақжелең», «Бұраңбел Ақжелең», «Шидемелі Ақжелең», «Ілме Ақжелең», «Ақ ілме», «Бұлбұл Ақжелең», «Түйдек Ақжелең», «Шәлдіріш Ақжелең», және «Қақпалы Ақжелең» секілді бірнеше түрлері бар.

Ел арасында «Алпыс екі Ақжелең», «Алпыс екі салалы Ақжелең» немесе «Алпыс екі тамырлы Ақжелең» деген сөздер содан қалған. Алпыс екі Ақжелеңді мықты күйшілердің барлығы шебер орындаған. Сол секілді Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Еспай секілді күйшілер сол дәстүрдің ізімен өз Ақжелеңдерін шығарған екен.

Ақжелеңнің Қосбасар, Науаи, Байжұма секілді домбыра күйлеріндегі жанрлардан ерекшелігі, ол — құрылысы жағынан ықшам, ойнақы, қабылдауға жеңіл.

XIX ғасырдың соңында Қоңыраттағы Әзберген хан Қазанғап, Орынбай, Дүкенбай, Қаратөс-Аймағанбет, Қаналы төре секілді мықты деген тоғыз домбырашының шеберліктерін сынау мақсатында ірі күй тартысын өткізген. Күйшілерге қойылған басты шарт — алпыс екі Ақжелеңді орындау болыпты. Сол сайыста Қазанғап Ақжелеңнің ең біріншісі — «Күй шақырғыш Ақжелеңге» «сірке қондырып» тартып, бас жүлдеге ие болған.

— Қазақ зергерлеріндегі аса күрделі технология — күмістен тарының үлкендігіндей етіп сірке жасап, оны білезіктің, жүзіктің бетіне қондыру арқылы нәзік бедер жасайтын бұйымды сіркелеу деп айтады. Мысалы, бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салған сақинаны сіркелі сақина деп айтады. Сол секілді күйді байыптап, мәнерлеп тартуды да «сірке қондырып» тарту деп атайды. Міне, Қазанғап мықты деген күйшілердің арасында өзін осылай дәлелдеген, — дейді Ә.Райымбергенов.

Өнер зерттеушісінің айтуынша, Қазанғап күйлерінің басқа күйшілердің шығармаларынан айырмашылығы — оның күйлерінің саздылығы. Мысалы, Құрманғазы күйлері дауылды, қазақтың Сарыарқасын тебірентіп, дауыл соққандай әсер қалдыратын болса, Қазанғап адамның ішкі сезімін қозғайды, іштегі жатқан терең сырды, шерді толқытады.

— Құрманғазы күйлері көбіне қара қағыспен ойналады. Сол секілді іліп алып, көсіле, батыра орындайтын ілме қағыс көп. Құрманғазы біресе кіші сағада, біресе үлкен сағада орындаса, Қазанғап күйлерінде ол жоқ, оның күй тарту формасында көбіне кіші сағамен қайтады. Осы форманың өзімен-ақ Қазанғап көп нәрсені айтып тастайды, — дейді Ә.Райымбергенов.

… Өнер зерттеушісі қазақтың ұлттық музыкасын дәріптеудің, насихаттаудың  ұлттық идеологияда алатын орнының ерекше екенін айтады. Және оны насихаттауды мектеп оқушылары жасынан бастау керек деп есептейді. Осыған байланысты Ә.Райымбергенов «Мұрагер» деген бағдарлама жасаған.

— Кезінде мектептерде Кеңес Одағының идеологиясы бойынша оқыдық. Октябрят, пионер, комсомол мүшелері болдық. «Үйімізде, төрімізде, портреті тұрған кім…» немесе «Батыр бала Болатбекті» жаттап өстік. Кейін азаттық алып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға мүмкіндігіміз туды деп қуандық. Алайда қиындау уақыттарда ұлттық тәрбиені уыстан шығарып алғанымыз рас. Сондықтан балаларға ұлттық музыканы үйрету арқылы тәрбиелеу жүйесін жасадым. Бірінші сыныптан бастап балаларға жаппай домбыра үйрету, күйшілік, жыраулық, әншілік өнердің әдістемесін әзірледім. Қазіргі уақытта елімізде 15 мың бала осы жүйе бойынша оқып жатыр. Бұл бағдарламаны тұтастай білім жүйесіне енгізуге әзірге мүмкіндік болмай отыр. Менің мақсатым — осы бағдарламаны мектептерге енгізу, арманым соның нәтижесін көру, — дейді Ә.Райымбергенов.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

         Бас жүлде –  Асылбек Кенегесов, Ақтөбе

 

І орын

  1. Бауыржан Жолдыбеков, Астана
  2. 2.      Асқар Солтанғазин, Алматы

 

ІІ орын

 

  1. Құрманғазы Асылханов, Ақтөбе
  2. Әсел Арынова, Алматы
  3. Сәбит Ділдәбаев, Алматы

ІІІ орын

  1. Елдос Қозыбаев, Алматы
  2. Саят Ешматов, Алматы
  3. Ардақ Елеусіз, Астана
  4. Айнұр Сакупова, Атырау

 

Арнайы жүлделер

  1. Жәлекеш Айпақов атындағы жүлде – Назерке Самарқанова, Алматы
  2. Қ.Ержанов атындағы жүлде – Серік Пазылов, Алматы
  3. С.Балмағамбетов атындағы жүлде – Қымбат Құрманова, Алматы
  4. Б.Басығараев атындағы жүлде – Гүлшара Есқалиева, Алматы
  5. Ж.Жансүгіров атындағы жүлде – Аякөз Елеусінова, Астана
  6. Арнайы жүлде –  Нұрлыбек Қамбаров, Астана
  7. Арнайы жүлде – Әлібек Сәрсембеков, Қарағанды

 

«Жас талапкер» арнайы жүлдесі

 

  1. Айнұр Баймұханова, Қостанай
  2. Жасқайрат Мұқасов, Орал

 

Дипломдар

1. Айгүл Қарғабаева, Ақтөбе

2. Төрехан Қажығали, Алматы

3. Мұрат Құттымұратов, Қызылорда

4. Айман Шерметова, Астана

5. Сырым Нұрмолдин, Алматы

6. Аслан Ғұмаров, Астана

7. Бақытжан Есмағамбет, Астана

8. Мирас Қадырмұрат, Алматы

9. Мақсат Хасанов, Алматы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button