Мәдениет

Сәйгүліктің шабысы-ай!..

Ат жарыс десе делебесі қозып шыға келетін жанкүйерлер Жоса ауылының маңында өткен аламанның куәсі болды. Бұрын-соңды жиын-терім аяқталған соң бәйге, ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылатынын есіне түсірген жұрт осы жолы ат жарысты өткізген «Кәрім» шаруа қожалығының иесі Жаңабай Ахметов пен атбегі Асқар Қорғанбековке ризашылықтарын айтып жатты.

Ат тұяғы  дүбірлеткен дода басталар алдында Қарашай селолық округінің әкімі Шынтас Тоғызбаев шабандоздарға сәттілік тілеп, аламанды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

— Бұл жай ғана ойын емес, балаларды жастайынан қоғамдық өмірге, еңбекке тартып, оларға ұлттық дәстүрлерімізді насихаттаудың бір түрі деп есептеймін. Ауыл тұрғындары алтын күздің жаймашуақ күндерінде бәйгені тамашалап, біраз сергіп қалды. Бұл әрі бірліктің мерекесі, — деді ол.

Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілі Нұрпейіс Бекқалиев те ат жарыстың өтуіне мұрындық болған ауыл азаматтарына ризашылығын жеткізді.

Сол күнгі аламанның «авторы» Жаңабай Ахметов күн бұрын тырмалап, тегістеп қойған аумақты ат жарыстың өтетін жері ретінде белгіледі. 4 шақырым шеңберді үш айналған сәйгүліктер 12 шақырымға шабу керек болды. Мәре сызығына тізіліп тұрған тоғыз шабандоз белгі берілген соң арғымақтарын қамшылай жөнелді. Родниковка, Қаратаусай, Коминтерн, Жосадан және Дмитриевка мен Еңбекші елді мекендерінен әкелінген сәйгүліктер қатыстырылды. Күннің күрт суытқанына қарамастан, жарысты тамашалауға келген ауыл тұрғындары көп болды.

Алғашқы айналымда көп шашырамай топтасып қара көрсеткен 9 сәйгүліктің қатары екінші айналымда сирей бастады. Бас бермей, ауыздығымен алысқандары жарыс жолынан шығып қалды. Ең соңғы айналымда бірінші болып мәре сызығынан өткен «Адай» атты тұлпарды мінген коминтерндік шабандоз Нұрболат Төреғазин бірінші жүлдеге ие болды. Ол — арғымақтары бұрын да бәйгелерде бірнеше мәрте жеңімпаз болған атбегі.

Артынша ілесе келген қаратаусайлық атбегі Женя Синенконың тұлпары «Серко» екінші орынға табан тіреді. Үшінші жүлдені алаң иесі — «Кәрім» шаруа қожалығының атынан бәйгеге «Мальчик» атты сәйгүлігін қосқан Данияр Каримов қанжығалады. Оның шабандозы Жако Ахметов болатын.

«Дина» шаруа қожалығының иесі Зәкір Құрманаев пен жеке кәсіпкер Яша Есентеміров бәйгеге тігілген жүлдеге қосымша ақшалай сыйлық таратты.

Ат жарыстан соң шаруа қожалықтарының басшылары арасында нысанаға дәлдеп атудан мергендік сайыс өтті. Шевченко ауылындағы «Руслан» ШҚ басшысы Яша Есентеміров пен Қызылжар ауылдық округінің кәсіпкері Жанқуат Хусаинов мергендік танытып, жүлделерге ие болды.

Аманат ҚАЛПИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button