Нарғыздың күзгі көйлегі

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта «Көңілге күй тербеген алтын күз» атты мерекелік шара өтті. Кешке Ақтөбе қаласындағы бірқатар мектептерден келген ұстаздар қонақ ретінде қатысты.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат — оқушылардың танымдық қабілетін кеңейтіп, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Күзгі балға мектеп-интернаттың 5-11 сынып оқушылары түгел қатысты. Бұл күні мектеп-интернат ауласында оқушылардың қиялынан шыққан туындылар, яғни қалдық заттардан жасалған бұйымдардың көрмесі болды. Көрмеге қойылған бұйымдардың басым көпшілігі пластикалық заттардан, ағаш пен қағаздан жасалыпты. Әсіресе, бұл заттардың ішінде оқушылардың әйнекке салған суреттері мен бір қолданысқа арналған пластикалық стаканнан тұрғызылған аққала, төменгі сынып оқушыларының пенопластты пайдалана отырып жасаған теледидары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қағаздар мен түрлі бижутерияларды қолдана отырып жасалған жеміс-жидектер, аққайың, аққу құс, күзгі пейзаждың көрінісіне сүйсіне қарағандар да көп болды.
Ақтөбедегі облыстық қазақ-түрік лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алтынгүл Дүзімованың айтуынша, қазір мектеп-интернат пен лицей оқушылары, ұстаздар арасында тығыз байланыс бар.
— Дарынды жастарды тәрбиелейтін мектеп-интернаттағы оқушылар шеберлігі жағынан тағы бір мәрте өздерін мықты қырынан дәлелдеді. Мектеп-интернат оқушылары түрлі деңгейде өтетін білім додаларында алдыңғы орындардан көрініп жүр. Облыстық қазақ-түрік лицейі мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернат арасында тығыз байланыс бар. Қазір осы мектепте оқыған оқушылардың бірсыпырасы білімдерін лицейде жалғастырып жатыр. Екі мектеп оқушыларының жарыстарға бірге дайындалатын кездері де болады, — деді А.Дүзімова.
Күзгі балды тартымды әрі қызықты етіп ұйымдастырған мектеп-интернаттың ұстаздары Нұргүл Жетімекова, Мейрамгүл Нұрбаева, Гүлназ Мыңжасаровалардың еңбегін ерекше атауға болады. Осы мектептің түлегі, студент Балтабек Нұрғалиевтің ұйымдастыруындағы күз сұлулығын суреттеген театрландырылған көрініске де оқушылар қатысты.
Кеште қалдық заттардан ұйымдастырылған «Қыздардың күзгі көйлектері» атты көрмеде жұртшылық алдына етегін пластикалық стаканнан жасаған 10-сынып оқушысы Нарғыз Көбекованың көйлегі тым көрікті болып, бас жүлдені жеңіп алды.
Шараға белсенді қатысқан оқушылар келген қонақтардың қолынан мақтау грамоталарын алды.
Арайлым НҰРБАЕВА.



