Акция
Ақтөбеде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің мәжіліс залында «Дұрыс тамақтан, еркін өмір сүр» атты акция өтті.
Соңғы жылдары халық арасында семіздікпен күрес бас ауыртар үлкен мәселеге айналды. Шектен тыс салмақ жинауға бірден-бір себеп — қозғалыстың аздығы, яғни адамдар қазір күнделікті дене шынықтыру жаттығуларын жасамайды, компьютер алдында ұзақ уақыт отырады. Оған қоса тез әзірлеуге арналған жартылай дайын өнімдерді кез келген жерден сатып алып жейді.
Бұл туралы акция аясында өткен баспасөз мәжілісінде Ұлттық салауатты тамақтану орталығының Ақтөбе облыстық департаментінің жетекшісі Төленді Кәрімов әңгімеледі. Сондай-ақ ол жастар құмар энергетикалық сусынды университет студенттеріне сырттан әкеліп, тегін таратушылардың барын, бұл сусынның есірткі секілді адам ағзасын улайтынын айтып, жас ұрпақтың денсаулығына алаңдайтынын жеткізді. Қолдан келсе, бұдан басқа да жарнамасы мықты «коко-кола», «спрайт», «фанта» секілді газдалған сусындарды ішпеген жөн екенін баса айтты.
Одан соң адам бойындағы ақуыздар, майлар, көмірсулар, минералдар мен дәрумендердің қажеттілігі туралы дәріс оқыды.
Баспасөз мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бастығы Гүлнұр Мамбетжанова аналар баланы екі жасқа дейін емізіп, одан соң құзырлы орындар тексерген, сапалы азық-түлікті пайдалану керектігін айтты. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Гүлнәр Сейталина: «Дені сау ұрпақ — ел болашағы», сондықтан да дұрыс тамақтануды балалардан бастап үйретуіміз керек», — деді. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Нина Акимова:
«Аурудың 75-80 пайызы ішкен тамаққа байланысты пайда болады екен, сондықтан да салауатты өмір салтын ұстанып, рационалды тамақтануды үйренейік», — деді.
Акция барысында өнерпаз жастар би билеп, ән айтты. Фойеде Ұлттық салауатты тамақтану орталығы әзірлеген парақшалар тегін үлестірілді.
Бұл күні «Дұрыс тамақтан, еркін өмір сүр» және «Салауатты тамақтану — заманауи өмір дәстүрі» атты республикалық акциялар «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР ДСМ Ұлттық салауатты тамақтану орталығы және Қазақ тағамтану академиясының тапсырысы бойынша еліміздің әр өңірінде өтті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
Өмірі өнермен өрілген
Облыстық Достық үйінде белгілі күйші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Момын Байғаниннің 75 жасқа толу құрметіне арналған «Өмірін өрген өнермен» атты кеш өтті.
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония жанындағы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» күйімен сахна шымылдығын ашты. Одан соң оркестр сазгер, дирижер Қайырғали Қожанбаевтың жетекшілігімен Ахмет Жұбановтың «Би күйі», Құрманғазының «Адай» күйлерін төкпелетті. Мерейтой иесі Момын Байғанин Қазанғаптың «Құс қайтару» және Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін шәкірті Жайлау Асылхановпен бірге қосыла тартып, көрермен ықыласына бөленді. Туған күн иесі: «Халық күйі «Қарасайды» әкем «Қарасай-Қази» күйі деп тартып отырушы еді», — деп әңгімелеп, әкесінен үйренгені бойынша орындап берді. Одан соң Жантөренің «Шалқымасын» ұлы Ерболатқа арнап шалқытты. Ерболат қазір Алматыда атасы Нұрпейіс Байғанин атындағы қорды басқарады. Атасының 150 жылдығына арнап «Нарқыз» жыр жинағын шығарды.
Кешті жүргізуші облыстық саяси-қоғамдық кеңестің үйлестірушісі Еркін Құрманбеков мерейтой иесі Момын Байғаниннің 1937 жылдың 5 қазанында Темір
ауданы Сүлікті ауылында дүниеге келгенін, әкесі Нұрпейістің де осы жерде туғанын әңгімеледі.
– Қазір Нұрпейіс аталарыңның ұрпағы — менен бес бала — Алпысбай, Алпамыс, Гүлмира, Ерболат, Марат бар. Құдай қосқан жарым Манар екеуміз тәрбиелеп, өсірдік. Қазір бәрі де ержетті. Ұлым Ерболат келінім Әлиям екеуі аталарының атында қор ашып, біраз еңбектеніп жүр. Кітап, дискі шығарды.
Айтпақшы, ол екеуінен Нарқыз есімді немерем бар, — деді жыршының тұяғы. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова мерейтой иесіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан құттықтау хат пен ат-шапан табыстады. Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Жәния Исатаева: «Мен де Темір ауданының қызымын. Сізді алғаш рет 35 жыл бұрын көріппін. Сіз өнер жолымен қатар білім саласына да елеулі үлес қосып келесіз. Шәкірттеріңіз де көп. Жаңа бірімен қосыла күй тарттыңыз. Деніңіз сау болсын! Мерейтойыңыз құтты болсын!» — деп, басқарма атынан гүл шоқтары мен Алғыс хат табыстады. Кеш одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Фойеде Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы Зинегүл Нұрғайқызы келушілерге Момын Байғаниннің өмір жолына байланысты материалдар мен кітаптардан әзірлеген көрмені таныстырып тұрды.
Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.