Қонысбекке көмектесейік!

22 жастағы Қонысбек сіз бен біздің көмегімізге зәру. Көрермендерін күн сайын таңертең таңғы бағдарламамен бірге оятататын «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының тілшісі Қонысбек Рысмағанбетов аты жаман ауруға шалдыққан. Дәрігерлер Қонысбекке бүйрек рагі («феохромоцитома») диагнозын қойған («рак надпочечника и опухоль вненадпочечниковый локализации»). Ел медицинасының бұл ауруды емдеуге толық мүмкіндігі жоқ. Израиль мамандары Қонысбекке көмектесуге әзір. Израильдегі Шиба клиникасында ота жасату үшін оған 16 миллион 500 мың теңге қаржы қажет…
Ата-анамның жүрегіне қайғы жамамай-ақ қояйын дедім…
Миллион адамның біреуінде ғана кездесуі мүмкін бұл дертпен осы уақытқа дейін ешкімге айтпай жалғыз өзі күресіп келген шынашақтай баланың үлкен жүрегіне, ерік-жігеріне таң қаласың. Бірінші рет былтыр желтоқсан айында тікелей эфир кезінде бағдарламаны аяқтауға 2-3 минут қалған кезде есінен танып құлаған Қонысбекке жергілікті дәрігерлер көмек көрсеткенімен, диагнозын анықтай алмай, Астана қаласына жіберді. Астанада келісім-шартпен жұмыс жасап жатқан қытайлық дәрігерлер баланың сырқатының өте қатерлі екенін анықтаған. Ал Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталық мұндай аурудың өте сирек кездесетінін, ота жасау өте қиын екенін айтыпты.
— Өз диагнозымды биыл ақпан айында білдім. Бірінші рет естігенде, ең алдымен, бұл жайында ата-анам білмесе екен деген ой келді. Өйткені алдыңғы жылдары өте жақын ағаларым бірінен соң бірі 25 жастарында қайтыс болған еді, әкемнің ағасы да дүниеден озды. Үйде де бір жайсыздау жағдайлар болды. Әрі ата-анам осы уақыттарында зейнет демалысына шығып жатқан болатын. Бейнетінің зейнетін көретін шағында тағы да осындай жайсыз хабар айтып, онсыз да әртүрлі жағдайлардан қиналып жүргенде, жүректеріне қайғы жамамай-ақ қояйын деген едім, — дейді Қонысбек. Шалқарда тұрып жатқан ата-анасы мен бауырлары Қонысбектің жайын жақында естіп, қу жандарын шүберекке түйіп отыр.
Алматыда дәрігерге қаралып жүргенде 15 күннің ішінде төрт рет реанимацияға түскенде де, сол жағы түгел жансызданып қалғанда да, тіпті денесі түгел қимылдамай жатқанда да ол өлім жайлы ойламағанын айтады. Миллион адамның бірінде болатын бұл аурудың Қонысбекке жабысқанына налыған жанашыр достарына:
— Сол миллионыншы адам мен болмасам да, біреу болады ғой. Оған да қиын болар еді. Адамның бойында өз басына түскен қайғыны көтеретін күш болады. Егер, құдай бетін әрмен қылсын, бұл ауруға менің бір жақыным душар болса, маған дәл қазіргіден де ауыр болатын еді… — дейді ол.
Таңды әрең атырамын…
Дерті жанын жегідей жеп жүрсе де, Қонысбек бір күн жұмыстан себепсіз қалып көрген жоқ. Сүйікті жұмысы оның жанына желеу, дәтіне қуат болады.
— Таңды әрең атырамын. Менің әр түнім бір ғасырмен бірдей… Ауырдым деп төрт қабырғаға қарап жатқаннан гөрі, жақсы көретін жанашыр әріптестерімнің арасында сүйікті жұмысымды жасап жүрген әлдеқайда артық. Мен жайлы естіген адамдардың барлығы жан-жақтан хабарласып, қолдау көрсетіп жатыр. Көрермендерім де мені жақсы көреді екен. Осындай адамдардың ортасында өмір сүргенге не жетсін, — дейді Қонысбек.
Шетелдегі студенттер стипендияларын аударып жатыр…
Қонысбектің дерті жайында жақында ғана білген әріптестері көмекке алдымен өздері келді. «Қазақстан-Ақтөбе» арнасы Қонысбектің шотына 500 мың теңге аударды, «Төртінші билік» Ақтөбе журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі 100 мың теңге, «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын берді және «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС 100 мың теңге қаржы бөлді. Жергілікті «РИКА» арнасы, «Ақтөбе Таймс» газеттерінің ұжымы да көмек қолын созуға әзір отыр. Бірінші болып көмекке келгендердің қатарында «Қазақстан» арнасының қызылордалық филиалы бар — 230 мыңдай қаржы бөлді. Республикалық «Халық сөзі» газетінің ұжымы әріптесімізге бір күндік жалақыларын аудармақ.
— Жақында «Ақтөбе» газетіне шыққан Қонысбек жайындағы шағын ақпаратты көрген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те Қонысбекке міндетті түрде қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты, — дейді Қазақстанның Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы.
Республиканың бірқатар басылымдары, интернет газеттері Қонысбекке ақпараттық қолдау көрсетіп отыр. «Фейсбук», «Твиттер», «Мой мир» әлеуметтік желілерінде Қонысбекке арналған арнайы парақтар ашылды.
— «Фейсбукте» ашылған қазақ және орыс тілдеріндегі арнайы парақ арқылы, «Твиттердегі» #konysbek хештегі, «Мой мирдегі» konysbek қауымдастығы бойынша Қонысбектің жайын білген шетелдегі қазақтар хабарласып, үн қосуда. Сингапур, Германияның қазақтары хабарласып, қаржы аударамыз деген ниеттерін білдірді. Францияда оқитын бір студент қыз Ақтөбедегі ағайындарына хабарласып, Қонысбекке қаржы апарып беруін өтінетінін айтты. Ресейде оқитын қазақ жастары бір жолғы стипендиясын береміз деген ниеттерін білдіріп, ауылдағы ата-аналарымызға да хабарласып, көмек берулерін сұраймыз деп жатыр. Алматыдағы бір оқу орнында қызмет ететін мұғалім Қонысбектің шотына бес мың теңгесін аударды, — дейді «Тілші» ОФ өкілі, журналист Асқар Ақтілеуов.
«Төртінші билік» Ақтөбе журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Самал Ендібаеваның айтуынша, аймақтағы баспасөз қызметтерінің өкілдері, республикалық басылымдардың меншікті тілшілері Қонысбекке 50 мың теңге қаржы жинап берген.
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева, «Медианет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Игорь Братцевтер де көмектесеміз деп отыр.
Мұғалжар, Шалқар ауданының әкімдіктері қолдау көрсетті. Ойыл мен Ырғыз ауданы әкімдіктері де бұл жайтқа бейжай қарай алмайтындықтарын айтып, қамданып жатыр.
Қарапайым халықтың Қонысбекке көмектессем деген ниеті ерекше. Былтыр жолдасы қайтыс болған бір келіншек «тығып жүрген» он мың теңгесін аударған. Баласымен үйден шыға алмай отырған, тазалықшы болып жұмыс жасайтын бір келіншек Қонысбектің әріптестерінен ақшаны үйден алып кетулерін өтінген. Телеарнаға келіп, қалтасынан қаржысын суырып беріп, аты-жөндерін айтпай кетіп жатқан азаматтар да баршылық.
Облыстағы ірі компанияларға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» үлгі көрсетті — Қонысбектің шотына 1 миллион теңге қаржы аудармақ. Ақтөбе халықаралық әуежайы атынан келген адам 1000 доллар көлемінде қаржыны конвертпен әкеліп берген. «Ақбұлақ» АҚ қызметкерлері де ақша жинап жатқанын айтады. Олыстық «Нұр Ғасыр» мешіті қаржы жинастырып жатыр.
Осы істің басы-қасында жүрген журналист А.Ақтілеуовтің айтуынша, облыстағы басқа да кәсіпорындарға, облыстық, қалалық мәслихаттарының депутаттарына, аудан әкімдеріне хат жіберілген. Әнші, облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Айтбаева жергілікті өнер адамдары да қаржы жинап жатқанын, одан қалды журналиске қолдау ретінде қайырымдылық концертін ұйымдастыратынын айтты. Ертең, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Қонысбекті қолдау мақсатында «Ана жүрегі» атты қойылым көрсетіледі. Билет құны 1000 теңге, оны театр мен облыстық телеарнадан алуға болады. Қойылымнан түскен қаражат Қонысбектің шотына аударылады.
— Басқа өңірлердегі әріптестеріміз де көмектесіп жатыр. Қаржыны шот арқылы емес, қолма-қол бергісі келетіндер бар. Соған орай, Алматыда қаржыны «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Сәкен Көкенұлына (телефоны 8 777 779 31 07), Астанада «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбайға (телефоны 7(717)253-53-94) әкеліп тапсыруға болатындығын айтқым келеді. Ақтөбеде болса, 8-705-604-03-13 нөмірі бойынша Қонысбектің өзіне хабарласуға болады, — дейді А.Ақтілеуов.
Алла жар болсын саған!
Қонысбек үшін әр күн маңызды. Ол әне-міне Израильден жіберілетін шақыруды күтіп отыр. Бұйырса, қажетті қаржы жиналса, Қонысбек құлан-таза айығып кетеді. Израильдік мамандар солай деп отыр.
— Бұрындары жас балалар керемет көлік мініп бара жатса, «осылар осы көлікті қай еңбегімен алды екен…» деген пендешілік ойлар болатын еді. Тіпті кейде қызығатын да едім… Қазір мен үшін ештеңе де қызық емес. Тек Алла денсаулық берсе болды, — дейді Қонысбек.
… Қалай болғанда да, Қонысбекке бір Алла ғана жар болады. Халық та —құдайдың бір аты. Халықтың қолдауы, тілегі, көмегі қазір Қонысбекке ауадай қажет. 16 миллионнан астам халықтың әрқайсысы 1 теңгеден берсе, Қонысбекке қажетті 16,5 миллион теңге жиналады екен… Сондықтан, сіз де қайырымыңызды аямаңыз, оқырман. Хадис шарифтерде айтылғандай, «Бір мұсылманның қиыншылығына көмектесіп, оны қуантқан адамды Аллаһу тағала қияметте ең қиын сәттерде қиыншылықтардан құтқарады» екен…
Аллаһ разылығы үшін бауырымызға көмектесейік! Лайым сіздің үйде мұндай қиын жағдай болмасын…
Қаражатты Қонысбектің төменде көрсетілген банктік шотына аударуға болады:
БАНК ЦЕНТР КРЕДИТ 4667 2072 0465 9319 (кез келген банк карточкасындағы қаражатты банкомат арқылы аударуға болады).
АО БанкЦентрКредит. МФО KCJBKZKX РНН 061800105495 ИИККZ718560000003862710 БСН/БИН 901041000015 ПЕРЕЧЕСЛЕНИЕ НА СЧЕТ: KZ 438560000005434808 Рысмағанбетов Қонысбек Терекұлы РНН 061720124244
Ұлы телефон: 8 705 604 03 13
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




