«Ақтөбе» газеті — Мұғалжар ауданында

Екі бағыт. Елеулі мәрттік
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастамасымен облыста «Көркейе бер, туған жер!» атты акция өтіп жатқаны белгілі. Осы акция аясында Мұғалжар ауданының елжанды азаматтарының мәрттік жасап жатқаны қуантады.
Бұл ауданда «Көркейе бер, туған жер!» акциясы екі бағытта өріс алып отыр. Бірінші бағыт — әлеуметтік объектілер салу, жөндеу және абаттандыру, екінші бағыт — әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту. «Қазақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Андрей Решетнев Қандыағаш қаласының жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге 109,0 миллион теңге бөліпті, соның арқасында Байғанин, Интернациональная, Сейфуллин көшелеріндегі жолдар тақтайдай тегістеліпті.
Ал «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы Қандығаштағы Западная, Қалиев көшелеріндегі жолдарды жөндеуге 58 миллион теңге бөлді.
«ТАНА ПАРКС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 12 миллион теңгеге «Жастық» шағын ауданында салынатын 205 орындық балабақшаның жобасын жасап, мемлекеттік сараптамадан өткізді.
Аудандағы ауылдар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. «ВестМоторсСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талғат Назаров Ақкемер ауылдық округіндегі орта мектептің жылу жүйесін жаңартып, толық құралдарымен 2 бу қазандығын сатып алуына (9 000, 0 мың теңге), сол мектеп орналасқан көшені жөндеуге (2,5 миллион теңге) көмектесті. Сол ауылдағы аз қамтылған отбасының үйін 500 мың теңгеге жөндеткізіп берді. Ақкемердің бір көшесінің жарықтандыруға ақша бөлді. Жалпы саны 17 миллион теңгенің жұмысын жасады.
Ащысай ауылдық округіндегі Н.Крупская атындағы орта мектептің шатыры толық жаңартылып, мектеп ішіне күрделі жөндеу жүргізілді. Оны жүзеге асыру үшін «Ащысай» ЖШС директоры Болатжан Омаров 5 миллион теңге бөлді.
Туған жерін көркейтуге деген пейілі түзу азаматтардың халық алдында жүздері жоғары.
Үш жылда — 8 нысан
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай Мұғалжар ауданында да 8 жоба іске асырылыпты.
Республикалық бағдарламаға Ақтөбе облысының жалпы сомасы 631,5 миллиард теңгені құрайтын 68 жобасы енгені белгілі. Ал Мұғалжар ауданында соңғы үш жылда жалпы құны 61,8 миллиард теңгені құрайтын 8 жаңа нысан іске қосылды, соның арқасында 468 жаңа жұмыс орны ашылды.
2010 жылы шілдеде қуаты 110 мегаватты құрайтын Жаңажол ГТЭС-і іске қосылды. Жобаның жалпы құны 3523,6 миллион теңге, оны жүзеге асырған — «Ақтөбемұнайфинанс» акционерлік қоғамы. Бұл нысанның құрылысына 69 адам жұмылдырылды. Қазір онда 16 жұмысшы еңбек етуде.
Сол жылы күзде жылына 306 мың текше метр қиыршық тас өндіруге қабілетті «Теміржол Құрылыс Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қиыршық тас өндіру зауыты іске қосылды. Жергілікті халықты 60 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ фосфорит ұнын шығару зауытын салынды. Жылына 200,0 тонна фосфорит ұнын өндіру мүмкіндігі бар. Қазір зауытта 113 адам жұмыс істейді.
№4 мұнай дайындау зауыты Жаңажол және Северная Трува кен орындарындағы шикі мұнайды өңдеуге арналған технологиялық нысан болып табылады. Тағы бір жоба — Солтүстік Трува кен орнынан газды айдау насосты стансасы, ол жылына 3,5 миллион тонна мұнай, 1,5 миллиард текше метр газ өндіруге қабілетті. Бұл зауыт 40 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Өткен жылы жүзеге асқан жобалардың бірі — «Қазақойл-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған Әлібекмола мен Қожасай кен орнындағы мұнайға ілеспе газын өңдеу кешенінің құрылысы. Жобаның құны 41 700,0 миллион теңгені құрайды. Оның қуаты жылына 420 миллион текше метр ілеспе газды жоюға, 320 миллион тауарлық газ , 57 мың тонна сұйытылған газ шығаруға жетеді. Бұл жобаның құрылысына 500 адам жұмысқа тартылса, кешен іске қосылғанда 144 жұмыс орны ашылды.
Биыл шілденің соңында Әлібекмола кен орнындағы 4 алаңнан химиялық реагенттер өндіретін зауыт іске қосылды. Онда 25 жұмысшы бар.
Алдағы жылы жүзеге асырылатын жобалар да баршылық.
Жалпы мұның бәрі жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін жобалар әрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері болып табылады. Аудан бойынша іске қосылған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар бақылауда тұр.
Мұғалжарлықтар жұмыссыз қалмайды
Ауданда «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша нақты істер тындырылуда. Жұмыссыздардың саны азайып келеді.
Аудан көлемінде еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласында экономикалық белсенді тұрғындар саны 38,5 мың адамды құрайды екен. Оның 36,3 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны — 152.
Мұғалжар ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Қ.Аймағамбетовтің айтуынша, осы жылы жоспар бойынша 47 тұрғынға кәсіптік білім алуға жолдама беру жоспарланған екен. Бірақ бұл жоспар артығымен орындалыпты, кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға аудан бойынша барлығы 81 адамға жолдама берілген. Олардың 43-і жылу қазандықтарының операторы мамандығын алып шыққан.
Осы бағдарлама аясында аудандағы кәсіпорындар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер бірлесіп, 151 адамға жұмыс орындарын ұйымдастырған. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 19 миллион 944 мың теңге қаражат бөлінген, оның 73,2 пайызы игеріліпті. Жыл аяғына дейін бұл қаржы толық игерілмек.
Жыл басынан бері бағдарлама бойынша 127 адам жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның екінші бағыты — ауылда кәсіпкерлік дамытуға жәрдем беру болса, 2012 жылы 13 адамға 18,3 миллион теңге көлемінде шағын несие берілген. Кәсіпкерлікке даярлайтын арнайы курстан 11 адам өтіпті.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша ауданда еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға, азаматтарды әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аудару мәселесіне баса назар аударылып отыр. Бұл бағыт бойынша ауданда әлеуеті төмен 3 елді мекен бар, олар: 57 (53) разъезд, Жамбыл, Терісбұтақ. Нысаналы топқа жататын осы ауылдардың тұрғындарына әлеуеті жоғары елді мекендерге қоныс аударуға ұсыныстар жасалған. Құмсай ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында тұратын 4 отбасының 14 мүшесінің құжаттары Ақтөбе қаласына көшуге дайындалып жатыр.
Сондай-ақ «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында көшіп келген оралмандар арасынан 4 отбасы Хромтау ауданының Көктау-2 ауылына қоныс
аударыпты.
Қысқы мал азығы дайын
Ауданда ауыл шаруашылығы ішінде мал шаруашылығына басымдық берілген. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, мұғалжарлықтар малдың жемшөбін алдын ала дайындап алуды ұмытпапты.
Аудан бойынша алдағы қысқа мал азығын дайындау жұмысы да аяқталыпты. Бұл науқанға ауданның ауылдық округтері бойынша 149 шөп шабу бригадалары, 292 трактор, 149 шөп шабатын техникалар, 340 трактор тіркемелері жұмылдырылған. Мал азығын даярлау науқаны кезінде аудандағы қалалар, шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындары арасында жиналыстар өткізілген. Округтердегі аз қамтылған отбасылар анықталып, оларға серіктестіктер мен ірі шаруа қожалықтары мал азығын дайындап беруге көмек қолын созған. Аудан қысқа дайын. 145,8 мың тонна мал азығының қоры бар.
Марстың мәнері
Қандыағаш қаласындағы Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин сынды қазақ ақындарының атын иеленген көшелердің басында олардың портреттері ілінген. Сол портреттердің авторы, Мұғалжар ауданына кіре берістегі арканы ұлттық нақышта безендіріп, келген қонақтарды қарсы алатын киіз үйдің жобасына атсалысқан Марс Үмбетовті жұрт жақсы таниды.
Қандыағаш қаласындағы көшелерді көркем безендірумен айналысып жүрген Марс Үмбетов теміржол саласында жүргенімен, оның негізгі мамандығы — қолданбалы өнер суретшісі. Ол Алматыдағы қазіргі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған соң, көп жылдар Өзбекстанда қызмет істеді де, осыдан он жыл бұрын өзінің туған жері Ақтөбе облысына оралып, Қандыағаш қаласына қоныс тепті. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде суретші-безендіруші болып жұмыс жасап жүргенде теміржол саласының басшылары Марсқа қолқа салып, өздеріне жұмысқа шақырған. Қазір № 64 теміржолда қызмет жасайды, ондағы міндеті де көркем безендіру. Ауданда ол сияқты суретшілер қолға түсе бермейді. Сондықтан оның көмегіне жүгінетіндер аз емес.
Қандыағаштағы аудандық мұражай әкімшілігінің сұранысымен Тәуелсіздік қыраны ескерткішінің шағын мүсінін жасады. Аудан көлемінде болып жатқан шараларға мүмкіндігінше атсалысуды парыз санайтын Марс Үмбетовтің қолынан қылқаламы түскен емес. Бір көргеннен өнер адамы екені білініп тұратын келбеті келген азаматтың мақсаты да мол.
— Шығармашылық адамы ретінде қолымнан шыққан дүниелерді жинақтап, көрмелерге қатысып көрмеппін. Мен салған портреттердің бүгінде көбі жоқ. Мүсін жасаудыңда қыр-сырын игергенмін. Бала-шаға қамымен зейнет демалысына шыққанша еңбектене беремін ғой. Негізі, жас кезімде мамандығыма сай зергерлік бұйымдар жасаумен де айналысқам, ол іс өзіме ұнайды, қазір қолыма алсам да бір нәтиже шығара алам, бірақ оған біржола мойын қоймаса, тиіп-қаштыға көнбейді. Сондықтан қол босағанша ағымдағы тірліктермен айналыса берермін. — дейді Марс.
Қандыағаштың ажары кіріп келеді
Қалада жаңа тұрғын үйлер салынып, бұрынғы үйлер терможөндеуден өткізіліп, кәріз жүйелері жаңартылуда.
Қазір Қандыағаш қаласындағы Самал шағын ауданында 9 жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй салынуда. Құрылыс жұмыстарына 50 адам тартылды. Бұл да жұмыссыздықтың азаюына әсер етері сөзсіз. Тұрғын үй бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен 49 миллион теңге бөлінді. Бұл нысан аяқталған соң, 9 жас отбасы баспаналы болмақ.
Сумен жабдықтау жүйесін дамыту бағдарламасы бойынша 2010-2012 жылдары Жұрын ауылындағы су құбыры кешенін реконструкциялауға 178 463 000 теңге бөлінді. Қазір оның барлық жұмыстары аяқталды, бірінші, екінші деңгейдегі насос стансалары салынды,15 шақырымға созылатын су құбырлары желісі тартылды. Әзір стансаларды жұмысшылар комиссиясы қабылдап алды, енді мемлекеттік қабылдау комиссиясының сарабынан өткізілмек. Осы құрылыстың арқасында 38 жұмыс орны ашылды.
Қандыағаштың ескі бөлігін ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін жалпы сметалық құны 37 миллионды құрайтын бірінші деңгейдегі 2 ұңғыма қазылды. Ембі қаласындағы Бекенбаев көшесіндегі Желтоқсан жаңа сумен жабдықтау жүйесін салу көптің өтінішімен жүзеге асты. Жалпы сметалық құны 37 418 мың теңге болатын жұмыс жобасы жасалды. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, ол жақын айларда аяқталмақ.
Бірлік, Құмжарған ауылдарын газ желісіне қосу жұмыстары 2013 жылы аяқталады. Жұрын ауылына да газ желісі тартылады. Бұлардың бәрі республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына орай Басшилі ауылындағы Мұхамбетжанов атындағы негізгі мектептің құрылысы жүріп жатыр, ол келер оқу жылына дейін аяқталады.
Сол сияқты коммуналдық шаруашылық нысандарын дамыту бағдарламасына сәйкес аудандық әкімдік ғимараты тұғызылып жатыр.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту» бағдарламасы бойынша Қандыағаш қаласындағы 2 көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Үйлердің төбесі, кіре берісі, жертөлесі, сырты түгелдей жөндеуден өткізілуде. Оған республикалық бюджеттен 173,5 миллион теңге бөлінді.
Қандыағаш қаласында сондай-ақ аймақтарды дамытуға арналған бағдарламаға орай кәріз желілері мен құрылғыларды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Ақтөбеспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы уақытқа дейін 8 кәріздік-насосты стансаны жөндеуден өткізді.
Киіз — керек шикізат
Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында «Ғазиза» атты көркемсурет салон-ательесінің иесі Әселдің қолынан шыққан жұқа киізден жасалған кеудешелері мен көйлектері сонадайдан көз тартады. Киіз сәннен қалып, орнын шетелдің арзан кілемдері басқан уақытта табиғи жүннің артықшылығын дәлелдейтін киіз киімдер мен білезіктер, әйелдер бас киімдері, мойын орағыштар, сөмкелер, алқалар, түйреуіштер, басқа да аксессуарлар өткен-кеткенді қызықтырмай қоймайды.
Әсел Хайруллина — Алматы технология университетінің түлегі, көркем безендіру және сән үлгілерін жасау мамандығының иесі. Дизайн және жеңіл өнеркәсіп технологиясы кафедрасының оқытушысы Тоғжан Құттығаевадан тәлім алған. Ал Тоғжан — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, гобеленші Сәуле Бапанованың шәкірті. Сәуле Бапанова — танымал суретші, киіз киімдері үлкен көрмелерге қатысып жүр.
Әсел: «Біреулерге жұмыс істегенше, өз кәсібімді жолға қоюды жөн санадым. Әжемнің құрметіне салонды «Ғазиза» деп атадым. Университетте осы кәсіптің әліппесін үйретті, лекало жасау, пішу, киізбен жұмыс жасау технологиясынан хабардар болып шықтым. Республикада киізден киім тігетін қолөнер шеберлері бар шығар, облыста тігіс салмай киімдер дайындайтын бір адам болса, сол мен шығармын деп ойлаймын. Киіз дайындайтын жүнді де, оны бояйтын бояуларды да Алматыдан алдырамын. Алматыда қолөнер шеберлерінің басын қосып, «Шебер» байқауын ұйымдастырып жүрген Айжан Бекқұлова апай арқылы тапсырыс беремін, ол кісінің «Шебер» деген галереясы бар», — дейді.
Әселдің анасы Зере — мектепте технология пәнінен сабақ берген, қызын кішкентайынан іс тігуге машықтандырған. Іс тігуге ебі бар Әсел жасынан осы кәсіптің иесі болуды армандаған. Университетті 2010 жылы тәмамдаған Әсел өзі туып-өскен Қандыағашқа келіп, «Ғазиза» салонын ашқаны өз алдына, сол арқылы өзіне, өзінің суретші сіңлісі Әйгерімге, әжесі Дәмегүлге жұмыс орнын тауып беріп отыр.
Әсел «Лукойл-Ақтөбе» ұйымдастырған «Арай» конкурсына қатысып, өз жобасы бойынша грант жеңіп алған, жеке кәсібін ашып алуына сол негіз болған көрінеді. Ол 2010 жылы Алматы технология университеті атынан жас таланттар форумына, 2011 жылы Ресейдің Новосибирск қаласында өткен «Сибирское кутюрье» конкурсына қатысқан. Үстіміздегі жылы Санкт-Петербургте өтетін халықаралық «Дизайн-Дебют» конкурсына өзінің киім үлгілерінің жинағын жіберіпті.
Өткір мінезді, пысық қыздың талабы таудай. Әсел Хайруллина мұндай ерекше киімдерді даярлағанда коммерциялық мақсатты көздемейді. Әрине, әрі жеңіл, әрі жылы, әрі сәнді болеро, матамен астастырыла тігілген, әдемі өрнектер салынған көйлектерге қызығушылық танытатындар да аз емес. Тапсырыс беретіндер де, сатып алатындар да бар. Оның қолынан шыққан дүниелер бүгінгі сәнге де сәйкес келеді. Салыстырмалы түрде алғанда бағалары да көңілге қонымды.
Ұлтжанды арудың негізгі ойы басқа, ол айтады:
— Менің мақсатым — халықтық қолөнерді жаңғырту, қазақтың киіз басу өнерінің қыр-сырын, ерекшелігін, одан жасалатын заманауи эксклюзивті-дизайнерлік дүниелерді Қазақстанның қалаларына, шетелдерге таныту. Бұлар — зауыттан топ-тобымен шығарылып жатқан заттар емес, жекелеген қолөнер бұйымдары. Таза жүннен жасалған киіз киімдер экологиялық жағынан таза, эстетикалық талғамға сай, халықтық ою-өрнектермен әшекейленген, осылардың бәрі оған даралық сипат береді.
Жас шебердің шағын шеберханасының іші әсем безендірілген, әзірге екі-үш іс тігетін мәшіңке бар. Әйгерім салған суреттер салон ішіне сән беріп тұр. Келешекте кәсібін кеңейтуді ойлайтын Әсел Хайруллина болашаққа нық сеніммен қарайды.
Шынында қазір еліміздегі қолөнер шеберлерінің ішінде киіз бұйымдарын жасап, оны сатумен айналысатындар күннен күнге көбейіп келеді. Мысалы, былтыр Ақтөбеде республикалық «Қанатты әйел» жәрмеңкесі өткенде ұлтарақ, байпақ, үйге киетін аяқ киімдер тәрізді киіз киімдерді бағасына қарамай, таласа-тармаса алып жатқандарды көргенбіз, Ал Әсел дайындаған, әрқайсысы бір көркемөнер туындысы болып табылатын заттардың жөні тіпті басқа.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.
Жұрынның жаңалықтары:
Гранттың көмегі
Ауылда күнделікті нәпақасын адал еңбегімен айырып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі— «Арай» бағдарламасы арқылы грант жеңіп алған Гүлзада Шақатова, ол жұрындықтарды өзі пісірген ақ нанымен қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл дүкенінен Гүлзаданың жаңа піскен нанын көргенде, кім-кімнің де сілекейі шұбырары хақ. «Арайдан» ұтып алған 850 мың теңгесіне пеш сатып алып, үйінің жанындағы наубайханасында нан пісіріп, халыққа сатып жүрген Гүлзаданың жүзі жарқын. Нан бағасы да қымбат емес, 50-55 теңге. Шағын наубайханасына барып аралап көрдік, бәрі де санитарлық талапқа сай жабдықталыпты.
— Бұрын бұл пеш жоқ кезде де ауылда нан пісіріп сататынмын, тәтті тоқаш та пісіремін. Одан грант жеңіп алып, мына пешті алғалы тіпті жақсы болды. Күніне отыз нан мен бөлке пісіріп жүрмін. Бұл кәсібім жаман емес. Әрине, қазір бәсекеге қабілетті болу керек, заман соны талап етеді. Ауылда «Тағам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі наубайханаларынан шығатын нан да сатылады. Ауыл әкімі Талғар Әбдірзақ ініміз көмектесіп, нанымның ауылдың азық-түлік дүкенінде сатылуына жағдай жасап берді. Нанымның өтпей қалған күні жоқ.
Кәсібімді кеңейтуді ойлап жүрмін, қамыр илегіш құрал, жаңа пеш, нан салатын қалыптар, оларды қоятын сөрелер сатып алсам деймін. Бар жұмысты бір өзің атқару оңай емес. Қызым Парчагүл мен көршім көмектеседі, — дейді ол.
Жаңа вокзал. Көне дерек
Жұрын ауылдық округіне қарасты Талдысай мен Жұрынның өзінде екі вокзал салыныпты. Былтыр басталған вокзал құрылысы аяқталған, көп ұзамай пайдалануға берілмек.
Ауыл әкімі Талғар Шамшатұлы:
— Ауылымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жұрын стансасында жаңа вокзалдың салынуы елдің еңсесін көтеріп тастады. Аз да болса жұмыс орнының ашылуына септігі тиеді. Ауылға көшіп келушілер көбейіп келеді, қазір 334 үй бар. Халық суды құдықтан тартып ішетін еді, ол мәселе шешімін тапты. Енді газ желісін тарту қолға алынып жатыр. Оған қаржы бөлінді, жұмыстың алғашқы сатысы жасалуда.
Ал мына вокзал мемлекеттік «100 вокзал» бағдарламасы бойынша іске асырылды. 1904 жылы Николай патша тұсында салынған Жұрын стансасының вокзалы әбден ескірген еді. Бұл жердің тарихи мәні бар. Қазақтан шыққан тұңғыш профессор, лингвист ғалым жерлесіміз Құдайберген Жұбанов осы стансаның қасындағы ағашқа атын байлай салып, Орынборға оқуға кеткен екен. Сол кездегі заманның жақсылығы шығар, ауылынан адам келіп атты алып кеткенше ешкім тимепті.
Сондай-ақ осы жердің тумасы, Кеңес Одағының Батыры Мәлкәждар Бөкенбаев ағамыз осы вокзалдан екінші дүниежүзілік соғысқа аттаныпты. Соғысқа Жұрын стансасынан аттанған 3500 адамның 1824-і ғана аман қайтыпты, — дейді.
Су жаңа вокзалдың қасында көненің көзіндей ескі вокзалды да қимай суретке түсіріп алдық.
Осындай 10 түлек бар
Жұрындағы Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің түлектері биылғы Ұлттық біріңғай тестілеу кезінде ешкімнен кем түспепті. Жоғары балл жинаған 10 түлектің грантпен оқуға түсуі бұл мектептің мерейін өсірді.
Осы мектептің жақында ғана келген директоры Әлімжан Тасқынбаевтың сөзіне қарағанда, ұстаздар ұжымының ауыл балаларына тыңғылықты білім беріп отырғаны байқалды. Биылғы түлектердің ішінде10 бала тегін оқу грантына қол жеткізген, олардың сегізі Астана мен Ақтөбедегі жоғары оқу орындарына, біреуі лицейге, енді бірі колледжге түсіпті. Қазір мектепте 232 бала білім алып жатыр екен. 52 мұғалім жұмыс істейді.
Жанар жауратпайды
Жұрын ауылында Сейдулла Батпенов атындағы көше бар. Батпенов бір кезде осындағы ауылдық кеңестің төрағасы болған екен. «Жақсыдан шарапат» дегендей, сол Батпеновтің Астанада тұратын қызы Жанар «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында ауылдағы Мәдениет үйінің жылу жүйесін жаңғыртуға 8,5 миллион теңге қаржы бөліпті.
Жұрын ауылдық округінің әкімі Талғар Әбдірзақтың айтуынша, Жанар Жұрында әкесінің атында көше бар екенін білмеген көрінеді. Ауыл әкімі «Көркейе бер, туған жер!» акциясына орай ауылдағы оң шешімін таппай жүрген мәселелерге назар аударту мақсатында Батпеновтің қызына да Астанаға арнайы хат жазған екен. Соның нәтижесінде сең қозғалып, 1992 жылы салынған Мәдениет үйінің түйінді мәселесі шешілетін болыпты.
Өнегелі акцияның арқасында бағы көтеріліп жатқан ауылдағы Мәдениет үйіне бас сұқтық. Екі қабатты, 300 орындық көрермендер залы бар екен. Бұл мәдениет мекемесіне пайдалануға берілген күннен бастап үш-ақ ай жылу беріліпті. Жиырма жылдан бері жылу көрмесе де ғимараттың сырт көрінісі тәп-тәуір.
Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мира Байсеңгірова:
— Мұнда төрт адам жұмыс істейміз. Күн суығанда электрмен жылыту құралдары арқылы жан сақтайтынбыз. Батпенов атамызға рахмет, сол кісінің ұрпақтарының арқасында ғимараттың берекесі кіретін болды.
Ауыл адамдарының бас қосатын жері — осы. Енді ауылға келген концерттерде, басқа да шараларда халық жаурамайтын болды.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.




