Жаңалықтар

«Ит иесі үшін жүгіреді» немесе жеті қазынаның бірін жекпе-жек үшін өсіретіндер туралы

Ит төбелестіру үрдісі Ежелгі Рим империясынан  бастау алыпты. Римдіктер  амфитеатрларында иттерді бір-бірімен, жолбарыс немесе арыстандармен төбелестірсе, кейде тіпті адамдарға айдап салып қызықтаған екен. Кейін бұл  XIX ғасырда Англия мен Францияда кеңінен таралады. Сөйтіп, Еуропадан бастау алған ит төбелестіру үрдісі біртіндеп бүкіл  әлемге жайылды. Ал итті малды қасқырдан қорғайтын күзетші ретінде ұстаған қазақ үшін  бір-біріне айтақтап, төбелестіру дегеннің  жат нәрсе болғаны белгілі. Бірақ  заманның көшіне қарай бұл үрдістен біздің еліміз де тыс қалған жоқ. Бүгінде  Қазақстан — ТМД елдерінің ішінде спорттың белгілі бір түрі ретінде төбелескіш иттер спортын  заңдастырған жалғыз ел. Қазір елімізде «Бөрібасар — қазақ төбеті» республикалық федерациясы жұмыс жасайды. Спорттың бұл түрін дамытуда Ақтөбе облысы алда тұр.

Ақтөбе қаласында ит төбелестіруден халықаралық жарыстардың тұрақты түрде өткізіліп жүргеніне он төрт жылдай уақыт болды. Бір қарағанда мұны біреулер еріккеннің ермегі дер, алайда ит төбелестіру спортының пайдалы тұсы да бар. Үш жылдан бері осы спортқа ден қойған ақтөбелік Сағадат Салманов ит төбелестіре жүріп, қазақы төбет санын  көбейтуге әрі оның тұқымын сақтап қалуға барынша күш-жігерін жұмсауда.

Айбаш — клипке түскен ит

Сағадаттың ит төбелестіру спортымен айналысқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын Байғанин ауданының Дияр ауылынан ата-анасын көшіріп әкелген жігіт, қаланың Кірпішті ауданынан үй салады. Күзет үшін алабай тұқымды иттің күшігін асырайды. Ит төбелестіруге деген қызығушылығы осыдан басталды. Жастайынан ит асырап, аңға шығып үйренген ауыл баласына төрт аяқтыны жазықсыз төбелестіріп, қызықтау әрі кейбіреулер секілді иттің асты-үстіне түсіп, мәпелеп, оны серуендетіп жүру  жат қылық боп көрінетін. Уақыт өте келе Сағадаттың бойында ит төбелестіруге деген қызығушылық пайда болды. Ұлының бұл әрекетіне алғашында бірінші болып ата-анасы қарсылық білдірді. Сол кезде Сағадаттың ит өсіруге әрі төбелестіруге деген әуесқойлығын естіген кейбір тума-туыстары «Жақсығалидың баласы қалаға барып ит асырап, есі ауысып кетіпті» деген әңгіме таратыпты.

Үйдегілер қарсы болды, бірақ мен  ит төбелестіруден бас тартқаным жоқ. Сатып алған алабайды сайысқа салдым. Өкінішке қарай, бұл ит төбелеске жарамайтын болып шықты. Содан азулы, мықты  итке қол жеткізуді  ойладым. Алматыдағы таныс жігіттерге хабарласып,  бір төбет сатып алуға келістім. Иттің дене бітімін, қалай төбелесетінін көру үшін бейнежазба сұратқанымда,  олар  жас әнші Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы  «Біздің жігіттер»  әніне түсірілген клипті қарауымды өтінді. Клипте жігіттермен бірге екі ит бір-бірімен төбелесіп жатады. Маған сатуға ұсынғандары сондағы қара ала ит екен. Сөйтіп, клипке түскен Айбаш деген итті мен  сатып алдым. Ақтөбеге әкелгеннен кейін жарыстарға қатыстырдым. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған турнирде жеңіске жеткен Айбаш биыл чемпион атанды. Қазір  жиырмаға жуық ит асырап отырмын. Олардың көпшілігі — «чемпиондардың» тұқымы.

Жалпы ит төбелесі спорты еліміздің оңтүстік, батыс аймақтарында жақсы дамыған. Дегенмен өңірлерде  бұл спортты дамытудың бір-бірінен  айырмашылықтары байқалады. Қазір  оңтүстік өңірдің әуесқойлары иттен  пайда тауып отыр. Олар итті жайдан-жай төбелестірмей, жарысқа ақша тігіп,  табыс табуды көздейді. Ал бізде керісінше, ит ұстайтындар едәуір шығындалады. Кез келген ит төбелесіне бәс тігілмейді. Біз  жеңіске қол жеткізіп, чемпиондыққа ұмтылуды ғана мақсат санаймыз, —  дейді Сағадат.

Қазір Сағадат иттерінің жетеуін ғана алаңға шығарады. Бүгінде Айбаш республика бойынша чемпион иттердің көш басында тұрса, Тарзан атты төбеті еліміздің батыс аймағы бойынша өз салмағындағы иттерді бағындырып, әлемдік жарыста жүлделі орындарға ие болып жүр. Екі жарым жасқа дейінгі жас иттер арасындағы тартыста Мойнақ деген ит жеңіс тұғырына көтерілді.

Төбетті  шатастыруға болмайды…

Әлемде иттің 116 түрі  болса, оның ішінде ең ірісі әрі азулысы — қазақы төбет. Алайда соңғы жылдары елімізде төбет тұқымы азайып барады. Статистикаға жүгінсек, 1939 жылы елімізде төбеттердің саны 19 мыңға жуықтаса, бүгінде олардың саны мыңға жетер-жетпес қана. Төбеттің бұлай сиреуінің  түрлі себебі бар. Мамандардың айтуынша, ел басына төнген қиын-қыстау кезеңдер төбеттерді де «қыспаққа» алыпты. Мәселен, 30-шы жылдардағы кәмпескелеу заманында  тұқымы тәуір төбеттерді байлар өздерімен бірге сырт елге ала кетсе,  соғыс жылдары майданға аттандырған иттердің қатарында қазақы төбеттер де көп болыпты. Ол аздай, онсыз да қатары сиреген төбеттердің ит ататындардың құрығына іліккендері бар. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықта төбетін түрікмендер мен орыстарға бір қап ұнға айырбастап жібергендер туралы әңгімені де естідік.

Бүгінде түрікмендер алабай иттерін мемлекеттік  деңгейде  қорғауға алған. Соның арқасында қазір түрікмендердің алабай итімен аты асқақтап тұр. Ал бізде, керісінше, нағыз  төбет иттерді алабай атап кеттік. Шын мәнінде  ит ұстаушылардың арасында үлкен сұранысқа ие алабай итінің, оның ішінде түрікмен алабайының  арғы тегі қазақы төбет екенін бірі білсе, бірі білмейді.  Ілгеріде ата-бабаларымыз далада малды төбет иттерге күзеттірген. Бірақ кейін салғырттығымыздың кесірінен қазақы төбетті сырт елден келгендер иемденіп кетті.  Сөйтіп, төбеттің өзін төбет атаудан қалдық. Сондықтан қазір мен өзім асырап отырған ортаазиялық алабай иттерінің барлығын төбет деп атаймын. Егер бәріміз  осылай атасақ қана қазақы төбетті сақтап қала аламыз. Ал төбеттің тұқымы азайып кетті деп айта берсек,  болашақта қазақы төбетті мүлдем жоғалтып алмасымызға кім кепіл, — дейді Сағадат Жақсығалиұлы.

Ережесіз төбелес

Ит төбелесі спортының да өз ережесі бар. Иттер белгілі бір салмақ бойынша сынға түсіп, жеңісіне қарай атақ-дәрежеге ие болады. Иттер үш салмақ бойынша, яғни 54 келіге дейін жеңіл салмақ,  64 келіге дейін орташа, ал одан жоғарылар ауыр  салмақта күш сынасады. Алаңға шыққан иттерге халықаралық дәрежедегі төрешілер төрелік етеді. Сағадаттың айтуынша, төбелес кезінде екі иттің күші  тең түсетін жайттар жиі кездеседі. Бұндай кезде төрешілер он секунд уақыттан соң иттерді бір-бірінен айырып жібереді. Он бес минуттан кейін иттер алаңға қайта шығады. Егер осы уақытта иттің бірі төбелеске шықпай,  жатып алса, жеңіс қарсыласына бұйырады. Төбелес кезінде иттің жеңілгенін даусынан аңғаруға болады. Ұтылған ит қыңсылап, ырылдап, тістерін ақситады. Кейбір иттер жеңілгенін сезсе, құйрығын артқы аяқ­тарының арасына тығып алып, алаң­нан сытылып шығады екен. Сағадаттың айтуынша, кез келген итті төбелестіруге болады. Бірақ  ит ұстаушылар үлкен айқастарға негізінен спорттық мақсатқа пайдаланатын төбет,  алабай, кавказ овчаркалары секілді иттердің түрін шығарады.

Кейде алаңда ұялас иттердің бір-біріне қарсылас болатын кездері жиі ұшырасады. Бойымызда қазақы намыс болғасын,  ұялас иттерді біз алаңға шығармауға тырысамыз. Мәселен, былтыр батыс аймақ бойынша өткен сында Айбаш пен Тарзан бір салмақта сынға түсіп, финалға екеуі қатар шықты. Бірақ екеуін төбелестіргенім жоқ. Айбаш кәрі иттердің қатарында болғандықтан, «зейнет демалысына» чемпион ретінде шығарғым келді.  Чемпион иттерді сұраушылар да көп болады. Айбашты сатуға қимағандықтан, үйде ұстап отырмын. Өйткені бұл иттен тұқым алып қалуға тырысамын. Себебі, қазір атағы жер жарып тұрған иттердің бағасы 15-20 мың АҚШ доллары тұрады, — дейді Сағадат.

Ақтөбеде әлемдік жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған иттердің қатары көп. Мәселен, ақтөбелік Саттар Ахуновтың Зидан атты иті  ТМД елдері арасында өткен  чемпионатта екі рет екінші орынға ие болды.  Биыл әлем чемпионатында жерлесіміз Аслан Мұқашевтың Қонақ атты иті өзбекстандық «мықтыны» жеңіп, әлем чемпионы болса, Дауыл атты иті де жеңімпаздардың қатарында. Ал облыстағы «Бөрібасар» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Марат Оразаевтың Дюбель атты иті мен осы бірлестіктің мүшесі Қуандық Шалекеновтің Ақнар атты иті қазір әлемдік жарыстарда қарсыласын шаң қап­тыра­тын азулылардың қатарында жүр.

Халықаралық турнир өтеді

Қазір облыста ит төбелесін ұйымдастыру жұмысымен облыстық «Бөрібасар» қоғамдық бірлестігі айналысады. Мақсат — мұндай кәсіппен шұғылданатын азаматтардың басын қосып, жарыстарды жүйелі түрде өткізу. Бүгінде  бірлестік құрамында жиырма бес адам бар. Кезекті халықаралық турнир осы жылдың 13  қазанында ұйымдастырылады. Бұл күні қала сыртындағы ипподромға Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Кавказдан мықты-мықты деген  иттердің небір түрі келеді.  Бұндай тартысты тіпті ит арқасы қияннан келіп  тамашалайтындар да бар көрінеді. Бұл сайысқа ақтөбелік Хамит Баймашев  демеушілік жасамақ. Сағадат Салмановтың айтуынша, мұндай халықаралық  төбелестерді ұйымдастырушылар  бүкіл әлемдік желі арқылы байланысқа түсіп отырады. Мәселен,  биыл Азия  мен Еуропа чемпионаты бір уақытта басталыпты. Аталған екі жарыста жеңімпаз болған иттер алдағы көктемде еліміздің бір облысында бас қоспақ. Осы сында қарсыластарын ұтқан  ит Евразия чемпионы атанады.  Бұндай додалы жарыстарға тігілетін бәйгенің құны да аз емес. Мәселен, Азия чемпионатында әр салмақ бойынша сынға түскен жеңімпаз иттердің иелеріне бір-бір көлік беріледі. Ал кейбір халықаралық турнирлерде үш мың долларға дейін жүлде тағайындалса, кейде демеушілер тарапынан бәйге тігілетіндері де бар.

Ит иесін емес, иесі итті күзетеді

Сыртқы пошымы зор, төбе­лес­ке бейім, тұрқы таудай төбеттер бір қарағанда мықты көрінгенмен, күтім жасамасаң ауруға бейім келеді. Сондықтан Сағадат Жақсығалиұлы мұндай төбеттерді күшік кезінен мәпелеп, түрлі ауруға қарсы егіп отырмаса, ерте ажал құшатынын айтады.

Итті күшік кезінен күтіп, жаттықтырып отырсаң ғана алысқанын алып жығатын азулы етіп өсіруге болады. Алайда ол үшін ерінбей еңбек ету керек. Алғашқы уақытта иттерді ветеринарлық бөлімдерге  алып баратынмын. Қазір мамандардың кеңесімен барлық ем-домды өзім үйде жасаймын.  Екі ай сайын  түрлі ауруға қарсы дәрілермен, ал аптасына бір рет кальций секілді қажетті дәрумендермен егіп тұрамын. Өйткені уақытында екпесе, иттер түрлі ішек ауруларына тез шалдығады.

Иттің мықты болуы оның дұрыс тамақтануына байланысты. Сондықтан мал сататын базардан шикі ет пен ішек-қарын әкеліп беремін. Балабақшалармен келісіп, тамақ қалдықтарын әкелемін.  Күн сайын далалыққа апарып серуендетіп қайтамын. Ал  күз,  көктем айларында иттер тұратын қораның ішін тас кенеге қарсы улаймын. Өйткені тас кене жабысса, ит екі күнде өліп қалады. Аурудан айыққан күннің өзінде ит бұрынғыдай болмайды. Сондықтан бұндай санитарлық тазалық жұмыстарын дер кезінде жасап отыру керек. Бұл жұмыстардың барлығы былайғы жұртқа ерсі көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл —  менің күнделікті жұмысым, — дейді Сағадат.

Жиырма итті асырап, бағу үшін де қомақты қаржы керек. Сағадаттың  айтуынша, күнделікті ас үйдегі тамақ қалдықтарынан бөлек, иттер аптасына бес қапшық ішек- қарын жейді. Яғни ит күтуге арналған барлық шығындарды қоса есептегенде айына үш жүз АҚШ долларына жуық қаржы жұмсалады екен. Сондықтан ит асырап, оның қызығын көріп жүргендердің көпшілігі — жеке кәсібі бар қалталы азаматтар.

Бұған қоса төбелескіш  иттерге қызығатындар көп. Егер күзет мықты болмаса төбеттердің қолды болып кетуі әбден мүмкін.  Демек ит иесін емес, иесі итін күзетеді. Қазір Сағадат ит тұратын қораға арнайы бейнебақылау қондырғысын орнатып қойыпты. Бір жерге жол жүретін болса, иттерін көрші ағасына тапсырып кетеді.  Ал былайғы уақытта төбеттерді тұрақты түрде серуендетіп, жүгіртіп, шомылдырып, жаттықтырып отырады. Суға жиі шомылған иттің тыныс алу жолдары жақсарып, айқас кезінде жеңіске жетуіне септігін тигізеді екен.

Мақсат — питомник ашу

Көрші Ресей мен Украинада ит баптайтын  арнайы питомниктер жұмыс істейді. Сағадаттың бір мақсаты осы — питомник ашып, төбет тұқымын көбейту.

Ит ұстайтын азаматтар будандастыру кезінде аса сақтық танытқаны жөн. Өйткені ұяластарымен будандастырылған иттің тұқымы азғындыққа ұшырайды, мінезі өзгереді, қаны бұзылады. Тіпті түрі итке ұқсамайтын мақұлықтар пайда болады. Әсіресе бұндай жағдай Ресейде көп кездеседі. Мәселен, мен ұрғашы иттерді Ауғанстан мен Тәжікстаннан әкелдім. Әр иттің құжатында шыққан тегі, енесінің  атына дейін жазулы тұр. Бұл кейін иттің қаны араласып, тұқымының азбауы үшін қажет.  Бұған қоса, құжаттардың барлығы компьютерде сақталған. Алайда осыған қарамастан біреуді ит қауып алса, таяқтың бір ұшы бізге тиеді. Шын мәнінде адамға шабатын көшеде жүрген қаңғыбас, қаны бұзылған будан иттер. Олар тіпті қауып алмақ түгілі, адамды жеп қояды. Ал төбелесетін иттер адамға тиіспек түгілі көшенің иттері құсап, шәуілдеп те үрмейді. Бала кезімізден ит асырап өстік қой. Ауылдағы төбет иттер қасқырға болмаса, былайғы кезде жұрттың мазасын алып үрмейтін, — дейді Сағадат.

Иттер көзімен ұғындырады…

Сағадат Салмановтың айтуынша, ит ұстап, оны жарысқа қосу үшін алдымен итпен түсінісе білу керек. Бапкер мен спортшының арасындағы қарым-қатынас секілді ит пен оның иесінің арасында да байланыс болу қажет. Сонда  ғана жарыста жеңуге мол мүмкіндік бар.

Төбелескіш иттер қожайынына адал болады. Оларды күшік кезінен үйретіп, жарысқа шығарсаң, жеңіске тез жетесің. Үйретілген иттер алаңға шыққанда айтқаныңды бұлжытпай  орындайды. Мәселен, менің Асан деген жездем итпен адамша сөйлеседі. Алаңдағы айқас кезінде итіне «жұлқы», «демал» деп дауыстаса, иті түсініп, соның айтқанын орындайды. Иесін иісінен танитын мұндай иттер айқас кезінде қожайынын жерге қаратпайды. Арнайы үйретілген  иттерді біреулер қомақты қаржыға сатып алып, жарысқа қосады. Жаңа қожайынмен ешқандай байланыс болмағасын, қырсығып, алаңға шықпай, жатып алатын иттер де болады. Иттерімнің маған үйреніскені сондай, бір күн сыртқа шығармасаң,  қыңсылап, белгі береді. Ит ұстап  отырғаннан кейін тәжірибе жинақтайсың, олардың не айтқысы келгенін көзінен ұғуға болады, — дейді Сағадат.

Сағадаттың үйінің ауласындағы иттер арнайы торда тұр. Иесін анадайдан таныған олар бейтаныс біздерге арсылдап үрген де жоқ. Дегенмен иесін көргенде құйрықтарын бұлаңдатып, қыңсылағаны рас. Бұл иттердің серуенге шығуға сұранып тұрған белгісі екенін иесінен  білдік.

Төбелеске шығатын иттер жиі жарақат алатындықтан ұзақ жасамайды.  Жарыс кезінде алаң басында арнайы ветеринар дәрігерлер жүреді. Егер ит қансырап қалса, сол жерде антибиотик егіп, таңып береді. Ал бұндай иттерге үйге келгеннен кейін де үлкен күтім  қажет. Биыл Тарзанды  Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатыстырдым. Осы тартыста Тарзан азу тісінен жарақаттанып, сайыстан шығып қалды. Ақтөбеге келген соң  емдеттім. Ал Айбаш төрт жыл қатарынан жарысқа шыққандықтан  қазір бір жағы жансызданып қалған. Төбелес кезінде жүйке талшықтары зақымданған, — дейді Сағадат.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Төбет тарихы

Төбет иттердің шығу тегі жайындағы мәлімет көздері б.э.б. 1121 жылдардан басталады. Қазақы төбеттердің қаңқалары мұздақ дәуірі кезіндегі Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі өлкелерден табылған.

Көшпенділер өмірі дәстүрлі түрде жылқы малымен тығыз байланысты. Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер — тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысының хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мыңға жеткен. Қасқыр алар иттердің хан сарайында осынша мән беріліп, арнайы өсірілуі еріккеннің ермегі емес, жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді.

www.tobet.kz сайтынан

Ислам және ит туралы

Хақ дініміз исламда иттің лас  екенін ескертіп, итті ұстаған адам қолын үш рет жууы керектігі айтылған. Ит тиген ас жеуге жарамсыз болса, ол иіскеген ыдысты құммен жуып тазарту бұйырылған. Аң аулау үшін арнайы үйретілген ит қана  тістеп алып келген аңның етін жеуге рұқсат етіледі, бірақ ол ит аңға жіберілерден бұрын иесі «Бисмилләһи-рахмани-рахим» деп айтуы шарт. Егер ит ұстаған аңының етін аздап жеген болса, жемтік ретінде саналып, ол жеуге жарамсыз деп табылады. Итті белгілі бір қажеттілік болмаса, сәнге ұстау дұрыс емес. Себебі пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде иті бар үйлер мен жанды заттардың суреті ілінген жерлерге періште жоламайтыны айтылған. Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте ардақты Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім шаруашылық пен егіншілік немесе аңшылықтан басқа мақсатта ит асыраса, бір күндік сауабынан бір қийрат (Ухуд тауындай) сауабы кемиді» деген. (Термизи).
Енді бір хадисте ішінде иті бар үйге періште кірмейтіндігі айтылған. Сондай-ақ итті сату және сатып алу, оның ақшасын пайдалану да құпталмайды.

Ал қазақта итке қатысты жылы сөзден, жағымсыз тіркестер көп секілді. Мәселен, «ит тірлік», «иттің итақайы», «ит өлім», «ит мінез», «ит терісін басына қаптау», «итше ырылдасу», «ит сілікпесін шығару», «ит байласа тұрғысыз», «итаршы», «сүтке тиген күшіктей», «күшік күйеу», айта берсек, осылай тізіле береді.

Ауру иттен жұғады

Бауыр эхинококкозы дейтін індет адамға иттер арқылы жұғады. Бұл — ауыр дерт, егер дер кезінде емделмесе, адам өміріне қауіпті.  Бауыр эхинококкозы негізінен, малда кездеседі. Мұндай малдың ішек-қарны немесе басқа  мүшелерін жеген ит эхинококк жұмыртқаларын таратушыға айналады. Эхинококк жұмыртқаларын иттер нәжістері арқылы аулаға, су қоймасына, бау-бақшаға, әйтеуір жүрген жерінің бәріне таратады. Сол суды қайнатпай ішкен немесе сол бақшадан көкөніс жеген адам эхинококкоз ауруын жұқтырады. Ауруды жұқтырған адам  көп жылдарға дейін ешқандай шағым айтпайды. Себебі эхинококкоз іріңді ісігі өте жай өседі де, жылдар бойы ешқандай белгі бермейді. Көбіне ультрадыбыстық тексеру арқылы кездейсоқ анықталып жатады. Эхинококкоз көп жағдайда бауырды және оның оң жақ бөлігін зақымдайды. Эхинококк жұмыртқалары  кейде қан айналымы арқылы өкпеге, ағзаның басқа мүшелеріне таралады.  Бауыры зақымданған адамдар әдетте оң жақ қабырға астының ауыратынын айтады, ол жер кейде іседі және ағзада түрлі аллергиялық реакциялар пайда болады. Мұндай жағдайда міндетті түрде адамға ота жасалады.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button