«Мәдениет — ұлттың парасаты…»

Бұдан он жыл бұрын облысымызда мәдениет ошақтарының саны — 300 еді, қазір 480-ге жетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленгені белгілі. Үстіміздегі жылы бұл мереке елімізде бірінші рет атап өтілді. Сенбі күні Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында мәдениет қызметкерлері мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қатысып, сөз сөйледі.
— Кез келген халықты басқалар мәдениеті мен өнері арқылы танып, бағалайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мәдениет — ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» — деген сөзі баршаңызға мәлім. Елімізде, облысымызда мәдениетті дамыту мен қолдау мақсатында көптеген шаралар жасалып жатыр. Мәдениет ошақтарының саны күннен-күнге көбейіп келеді, — деп атап өтті Сара Қайыржанқызы.
Сара Нұрқатова мәдениет саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, осы салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға «Мәдениет саласының үздігі» белгісі мен облыс әкімдігінің Алғыс хатын табыстады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен мәдениет саласының ардагері Өтеміс Әкімов, Жастар сарайының директоры Орал Байсеңгіров және Қазанғап атындағы саз мектебінің мұғалімі Нұрболат Жанаманов «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
Ал Темір аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Алмас Римов, Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлжайнар Артықбаева, суретші Ирина Құрманәлина, т.б. облыс әкімдігінің Алғыс хатына ие болды.
Тағы бір топ адам облыстық мәдениет басқармасы бастығының Алғыс хатына ие болды. Марапатталғандар қатарында Ойыл аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Бағдат Құсайынова, Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің үрлемелі аспаптар оркестрінің артисі Бектұрған Дүйсенбаев, т.б. бар.
Жиынға облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысып, мәдениет саласы қызметкерлеріне сый-сыяпат жасады.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүлайым Төлебаева, спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Орынбаевтар мәдениет саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздері мен ақ тілектерін жеткізді.
Облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары тарапынан мерекелік марапатқа ие болғандар арасында «Аққу» би ансамблінің бишісі Ақмарал Нұрпейісова, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының әдіскері Ерлан Нұртаза, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Жанар Рсалина және басқалар бар.
Сондай-ақ жиында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова құттықтау сөз сөйледі.
Жиналғандар алдында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық хоры, «Аққу» би ансамблінің бишілері, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі сынды өнер ұжымдары, сонымен қатар, облыстық драма театрының әртістері Айнагүл Өлмесекова мен Шынтас Омаров, белгілі әнші Светлана Айтбаева өнер көрсетті.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



