Жаңалықтар

Шалқар ауданына — 80 жыл

Тереңге тартқан тарих

Шалқардың Ақтөбе облысының құрамына еніп, аудан болып ірге  көтергеніне 80 жыл толып отыр. Бұл — тарих үшін қас қағым  сәт болғанымен,  осынау кезеңде аудан ғасырларға пара-пар жолдан өтті, жақсыны да, жаманды да көрді.

1931-1932 жылдардағы қолдан  жасалған ашаршылық Қазақстанда 4 миллионға жуық адамның өмірін алып кетсе, 1 млн. адам  Қытай, Моңғолия, Түркия,  Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақ елдеріне қоныс аударды. Бұлардың ішінде Шалқар ауданының халқының да үлес салмағы аз болған жоқ. Міне, осындай ауыр жағдайда Шалқар Ақтөбе облысының құрамындағы дербес аудан ретінде өзінің өндірістік, экономикалық және әлеуметтік саладағы жаңа өмірін бастады.

Сол кезде қаншалықты қиын жағдай болса да, партия мен үкімет халықты отырықшылыққа айналдырудың барлық шараларын жасады. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығы да қолға алынды.

1934 жылы ауданда 6370 гектар жерге  тұқым себілген. 1934 жылы каучук өңдейтін зауыт, электр стансасы, наубайхана, «Красный Восток» артелі, қуаты 150 ваттық радиостанция, 2 пошта бөлімі жұмыс жасады.

1937-1938 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін басталып, тіпті қиян далада алаңсыз өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың арасынан да «Халық жаулары» табылып, «Жапонияның тыңшысы» деген дақпыртпен ешқандай жазығы жоқ жандар ұсталып жатты. Кейбір деректерге сүйенсек, сол жылдары бір ғана Шалқар ауданының өзінен жарты миллиондай адам ұсталыпты.

«Жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, осы дүрбелеңнің аяғы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына ұласты. Бүкіл елдегідей, шалқарлықтар да майдандағы  жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешектен қолдарынан келгенінше жәрдем көрсетті. Соғыс жылдары Шалқардан майданға 7500-дей жігіт пен қыз аттанған екен. Олардың 1951-і қаза болып, хабарсыз кетіп, 1800-дейі елге аман-сау оралды. Ел басына күн туған шақта осындай ауыртпалықты бастан кешірген шалқарлықтар соғыстан кейін де өзінің елдігін, рухының асқақтығын, қандай қиыншылыққа да төзімді қайтпас қайсарлығын, жасампаз еңбеккерлігін көрсете білді.

Менің сәл шегініс жасап отырған себебім, өткенсіз бүгін жоқ, ал бүгінсіз ертең жоқ. Қазақ елі Тәуелсіздік алғанға дейін жетпіс жылдан астам уақытын Кеңес Одағының құрамында өткізді. Ол кезеңнің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері жеткілікті болды. Бұл — диалектика заңы, өмір заңы. Қоғам үшін де, адам үшін де өмірде тақтайдай тегіс жол жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы қиыншылықтар да көз алдымызда. Кеңес үкіметіне арқа сүйеп қалған қарапайым халық егемендікпен үзеңгілес келген нарық заңын әу баста түсіне алмады. Ауыл шаруашылығы — ауыр шаруашылыққа айналды. Кеңшарлар таратылып, оның бар мүлкі орынсыз талан-таражға түсті. Ауылдағы ағайынның санасына «бартер» деген ұғым түрпідей тиді. Оған дейін күнделікті дастарқандарынан үзілмейтін қант пен шай да қардар болды. Әлі есімде, 1992 жылдың жаз айында бір келі қанттың бағасы бір тәуліктің ішінде 94 тиыннан 7 сом 20 тиынға бір-ақ ырғыды.  Екі жандықтың құны бір қап ұнға тең келді.

Ел ішіндегі жұмыссыздық, еңбекақының, зейнетақының уақытында төленбеуі, кәсіпорындардың бірінен соң бірінің жабылуы аудан халқын әбден күйзелтті. Халық арасында іссапарларда болған аудан және барлық бөлім басшылары халықпен кездесу өткізді, тұтастай республика көлемінде осындай қиындық орын алып отырғаны, мұның уақытша  жағдай екені, алда Тәуелсіздіктің  үлкен  нәтижелері  күтіп тұрғаны халықтың санасына жеткізіле берді. Әрбір елді мекен орталықтарында әкім күндері өткізіліп, халықтың арыз-шағымдары қаралып, мүмкіндігінше шешім алынды. Сол жылдары аудан шаруашылықтарында алғашқы жеке шаруа қожалықтары құрылып, шағын кәсіпорындар ірге көтерді, яғни, жаңа қоғамның талабына халық бейімделе бастады. 1995 жылдың басында аудан көлемінде 7 мыңдай жеке тұлға, 170-тей  шағын кәсіпорын тіркелді.

Адамзат үш мыңыншы  жылдықты қарсы алуға дайындалған 2000 жылға қарай аудан экономикасы мен халықтың әл-ауқаты жақсара бастады. Өткен ғасыр халықтың қабырғасын қайыстырар небір қиындық кезеңдер әкелумен бірге, біз үшін ең қымбат сый — ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікті тарту етті.

Тәуелсіздікті жаңа ғасырда баянды етіп, еліміздің экономикасының қуатты, әлемге танымал мемлекетке айналуына атсалысу — аудан халқының ең негізгі де басты міндеті болды. Еліміздің тарихи жолын ой елегінен өткізген адам Тәуелсіздік алған алғашқы тоғыз жыл ішінде  қиындықтармен бірге қаншама жарқын істерге қол жеткізілгенін де түсінеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз тарих үшін аз ғана уақыттың ішінде ауыр кезеңдерді артқа тастап, дамыған елдермен түрлі қарым-қатынастар орнатып, экономикамыз өрге басып келеді. Ең бастысы, жиырма бірінші ғасырға аяқ басар жылда біздің халқымыз қиыншылықтардың уақытша екенін, ең  қымбат дүние — Тәуелсіздік екенін бар жанымен түсінді. Жер байлығы бар жерде ел байлығы болмай қоймайды. Жаңа ғасырға бүкіл еліміздегідей аудан халқы да зор намыспен, қажымас қайрат-жігермен, ұлттық биік рухпен қадам басты.

2002 жылы қаңтарда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2002 жылға арналған индикативтік жоспары және оны жүзеге асыру жөніндегі негізгі шаралар белгіленді. Атап айтқанда, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 734,3 млн. теңгені құрап, 3800 тонна ет, 8200 тонна сүт, 1млн. 25 мың дана  жұмыртқа өндіру жоспарланып, ол асыра орындалды.

Осы жылдың басты жаңалығы — халық тұтынатын газ отыны едәуір арзандады. Бұдан бұрын  халықты «ИнтергазОрталықАзия» компаниясы табиғи газбен қамтамасыз етіп келген болатын. Оның 1 текше метрінің құны 8 теңге 10 тиын еді. Аталмыш компания 1 маусымнан бастап газ беруін тоқтатқаннан кейін, «Ақтөбегаз» жабық акционерлік қоғамы облыс халқын  облыс территориясынан шығатын ілеспе газбен қамтамасыз етуге шешім қабылдады. Сөйтіп, әр текше метр газ үшін тұрғындар енді 3 теңге 92 тиын  төлейтін болды. Бүгінгі таңда Шалқар қаласымен бірге Бозой, Бегімбет, Аққайтым, Қайдауыл, Мөңке би ауылдары көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

Елбасының Жарлығымен 2003-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп аталып, осыған байланысты біздің ауданымызда да бизнес-инкубатор, жастар кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының желісін дамыту, жас маман дәрігерлер мен педагогтерді ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру, оларға жағдай жасау, шығармашыл жастардың ауылдарға барып әртүрлі шаралар өткізуіне, балалар мен жастар арасындағы патриоттық тәрбиені күшейту саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің  2008 жылғы бұйрығына сәйкес  Шалқарда да телемедициналық орталық ашылды. Бұл орталық Дүниежүзілік Денсаулық сақтау  ұйымының анықтамасы бойынша аралық өте қиын фактор болып табылатын жерлерде медициналық қызмет көрсетеді.

Ел Тәуелсіздігінің екінші онжылдығының әрбір айы, жылы Шалқар ауданының халқы үшін айтарлықтай жаңалықтарға толы болып келеді. 2009 жылы 2 наурызда Шалқар қаласының оңтүстік-шығыс беткейінен орын тепкен 1200 орындық жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанаты болды. Бұл мектеп ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынды. Мемлекет және демеушілердің қаржысымен Шалқар қаласында тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана, 4 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, ауылдар мен аудан орталығында бірнеше балабақшалар мен мәдениет ошақтары ашылды. Қаладан саз мектебі, Аққайтым, Біршоғыр елді мекендерінде  дәрігерлік амбулатория, Есет ауылында  медпункт салынып, іске қосылды. Теміржол бойындағы халықтың сұранысы бойынша Қарашоқат орта, Шоқысу негізгі мектептері ашылды. Қаладағы Әліби Жангелдин орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аяққұм ауылына электр қуаты беріліп, Бозой, Бегімбет, Қаратоғай, Алабас елді мекендері ауыз сумен қамтылды.

Аудандағы өндіріс орындары, әсіресе «Жаңатас-Продактс» ЖШС, «Таукен» ЖШС, «Ырғыз-Тасқұм» ЖШС, Біршоғыр шағылтас зауыты, темірбетон  зауыты, вагон доңғалақтарын  жөндеу шеберханасы, нан, жылу, су өндіретін кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеуде.

Ауданда шағын кәсіпкерлікпен  айналысу ісі жылдан-жылға  дамып келеді. Өткен жылы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 1459-ға, заңды тұлға — 48, жеке тұлға — 1411, ал оларда жұмыс жасаушылардың саны — 9 353-ке жетті, өндірілген өнім және көрсетілген қызмет көлемі — 13 млрд. 108,5 млн. теңгені құрады.  Осы жылдар ішінде 142  кәсіпкерлік нысандары ашылып, 175 адам жұмысқа тартылды. Яғни, 93 сауда  және 2 ветеринарлық қызмет, 17 жолаушы тасымалдау, «Сәулет Шалқар» ЖШС, «Отан» автомектебі, «Қожа» ЖШС, тағы басқалары ашылды.

Үстіміздегі оқу жылында аудандағы 39 мектепте 8011 бала оқуға тартылды. Оның ішінде  аула клубына — 1690, өнер лицейіне — 361, қалалық оқушылар сарайына — 590, саз мектебіне 356 бала тартылды. Шалқарлық 17 оқушы облыс бойынша, 4 оқушы республика бойынша пәндік олимпиададан жеңімпаз  атанды.

Биылғы жылғы Шалқар ауданындағы ең басты  жаңалық — бұл ғасыр құрылысының басталуы, яғни «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын  салу ісінің жүзеге асуы.  Аталған алып магистральдің 217 шақырымы біздің ауданымыздың үстімен өтеді. Алып құрылыс басталар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырудағы  қол жеткен табыстар мен алдағы міндеттерді саралап берді. Тартылатын теміржол бойында халыққа жақсы жағдайлар жасалмақ. Ең бастысы, бұл жолды салу үшін  2000 адам жұмысқа тартылады. Теміржол салынғаннан кейін 760 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Автомобиль  жолдары жүреді, байланыс

жоқ жерлерге ұялы байланыстар орнатылады. Теміржол бойлап өтетін төрт округ тұрғындарының өмір сүру деңгейі көтеріледі. Бұл жобаның мақсаты — Қазақстанның  орталық аймағы мен «Достық» стансасынан жүктерді Батыс Қазақстанға, одан әрі Еуропаға тікелей шығару болып табылады. Осы теміржол құрылысының алты бөлігінің бірі  — Шалқар учаскесінде, өзгелермен бірге бір мезгілде бізде де жұмыс басталды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған ауданның 80 жылдық мерейтойы  Шалқар тарихына алтын әріптермен жазылатын мерейлі күн болмақ.

Ежелден жеріне кие дарыған, ұлтымыздың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған Шалқар өлкесінің келешегі кемел, болашағы баянды боларына сеніміміз мол.

 

                                                                             Рахат СЫДЫҚОВ,

                                                                   Шалқар ауданының әкімі.

Шалқардың дүбірлі тойы

 

28 қыркүйек,  жұма

15.00 — Облыстық ақындар айтысы.

22.00 — Қонақтарды орналастыру.

29 қыркүйек,  сенбі

9.00-9.20. — Аудан әкімінің мерейтой қонақтарын қабылдауы.

9.20-9.50 — Аудандық тарихи-өлкетану мұражайымен танысу.

10.00-12.00 — Аудандық Мәдениет үйінде тойдың салтанатты ашылуы.

13.00-15.00 — Түскі ас.

15.00 — Ұлттық ойындар (аламан бәйге, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, қазақша күрес).

17.00-18.30 — Айтыс, концерт, жеңімпаздарды марапаттау.

19.00-21.00 — Кешкі қонақасы

21.00 — «Той-думан» — Орталық саябақтағы көпшілік серуен.

22.00 — Қонақтарды шығарып салу.

Ұйымдастыру комиссиясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button