Жаңалықтар

Ер-азаматтың беделін көтеру керек!

Бейсенбі күні «Мега-Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінің конференц-залында «Отырар Ақтөбе журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Гендерлік теңдік саясатын, үкіметтік емес ұйымдардың міндеттері мен мақсаттарын халыққа түсіндіру мен насихаттауға журналистер қауымын жұмылдыру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон, облыстық дәрігерлер мен провизорлар ассоциациясының президенті Роза Ізтілеуова, «Керек info» газетінің бас редакторы Бақыт Жаншаева, облыстық «Ақтөбе» газетінің және «Керек info» газеттерінің журналистері, «Ырғыз» аудандық газетінің бас редакторы Марат Мырзалы, «Ойыл» аудандық газетінің бас редакторы Серікбай Қойбағаров, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ербол Шыма, «Бостон» университетінің студенті Алмаз Жаңаболов қатысты.

Осымен үшінші рет өтіп отырған басқосуда БАҚ өкілдері гендерлік теңдік саясатының қоғамда алатын орнын халыққа кеңінен насихаттау керектігін сөз етті. Соның ішінде ер-азаматтың қоғамда, әкенің отбасында алатын орнына тоқталды. «Керек info» газетінің бас редакторы Бақыт Жаншаева:

Гендерлік саясат туралы түрлі пікірлер бар. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Рас, қазір арамызда білімді, алғыр қыз-келіншектер көп. Олар қызметте көптеген жетістіктерді бағындырып, биіктен көрініп жүр. Алайда сол қыз-келіншектеріміз — отбасында жар, балаларының анасы. Сол себепті бүгінгі жаһандану заманында ұлттық түбірімізден ажырап қалмауымыз керек. Шариғат бойынша отбасының тізгіні ер-азаматқа жауапкершілік ретінде тапсырылған. Ер адамдар — әйелдерге пана, қамқоршы. Сондықтан қоғамда ер-азаматтың орны ерекше. Гендерлік теңдік саясаты тек әйелдің құқын ғана емес, ер-азаматтың мәселелерін де көтеруі керек, — деді.

Ал облыстық дәрігерлер мен провизорлар ассоциациясының президенті Роза Ізтілеуова әйел денсаулығын тексеру шаралары ер-азаматтарға да арналуы керектігін айтты. Бүгінде облысымызда ер адамдардың денсаулығын тексеру орталықтары ашылған.

Дөңгелек үстелде сөз алған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон елімізде гендердің теңдік саясаттың мақсаты мен міндеттеріне, соның ішінде әйел мен ерлердің билік құрылымдарында қатар жүруіне, отбасында құқықтар мен мiндеттердi тең жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасауға болатындығы жөнінде әңгімеледі.

—  Гендерлік саясат — еліміздегі демократиялық процестің маңызды құрамдас бөлігі. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы  негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталған. Сол себепті гендерлік теңдік саясат  тек әйел-аналарға ғана емес, ерлерге де қызмет етеді, — деді А.Хон.

Дөңгелек үстелде бас қосқандар қоғамда ер-азаматтың беделін көтеру, мектепте ер мұғалімдердің санын көбейту, отбасында әке беделін төмендетпеу тәрізді мәселелерді сөз етісті. Сонымен қатар басқосудың нәтижесі ретінде гендерлік теңдік қағидаттарын алға жылжыту жөнінде ұсыныстар айтты.

 

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button