Қандастарымыздың қарышты қадамы
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын насихаттау мақсатында Ақтөбедегі оралмандардың «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігі және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қыркүйектің 14-і күні «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қандастарымыздың қарышты қадамы» атты Батыс аймақтық конференция өтеді.
Тәуелсіздік алғаннан бері шеттегі қандастарымыз Қазақстанға оралуға мүмкіндік алды. 21 жыл шамасында Ақтөбе облысына 8178 отбасы, 40891 адам көшіп келіпті. Моңғолия, Қытай, Иран, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінен келген бауырларды ел-жұрты құшақ жая қарсы алды, бүгінде ақтөбеліктермен біте қайнасып кетті. Олар қоғамның барлық саласында еңбек етіп, ел экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлес қосуда.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Қазақ и Я» ҚБ төрағасы Базарбай Иман былай дейді:
— Елбасының: «Әлемнің әміршісі — тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек» деп басталатын мақаласын оқығаннан кейін, онда айтылған мәселелерді Батыс Қазақстан аймағындағы атажұртқа қоныс тепкен қандас бауырларымыздың арасында кеңінен насихаттауды мақсат еттік. «Алаш» жобасы бойынша өткізіліп жатқан конференцияда тәуелсіздік алғаннан бергі Отанға оралған қандастарымыздың жаңа жалпыға ортақ еңбек қоғамындағы тыныс-тіршілігі, үлесі, жетістіктері талқыланады.
Конференцияға Алматыдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, облыстарда оралмандарға үй салып беріп жүрген «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан, Атыраудан «Оралман — Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдабай Қаржауов, Ақтаудан республикалық «Руханият» партиясының Маңғыстау облыстық бөлімшесінің төрағасы Ильич Берниязов, Оралдан Батыс Қазақстан облыстық оралмандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ахметзада Жәңгір қатысады.
Ақтөбе облысына ең алғаш 1991 жылы еңбек шарты бойынша Моңғолиядағы қандастарымыз көш түзеді. Ал бұрынғы ТМД құрамында болған елдердегі бауырларымыз тарихи Отанына қайтуға 1999 жылдары ғана мүмкіндік алды. Бүгінгі оралмандар — бір кезде тағдырдың желімен шетел асқан ата-бабаларымыздың аман қалған үрім-бұтақтары. Атажұртқа келгендерді жұмыспен қамтуда қыруар шаруа тындырылғаны аян. ҚР Үкіметінің «Нұрлы көш» бағдарламасы этникалық, ішкі және сыртқы көші-қон процестерін реттеуге және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесіне бағындыруға, көшіп-қонушылардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Ақтөбе облысынан келген оралмандардың ішінде 7 ғылым кандидаты бар, олар Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында дәріс береді. 2771-і жоғары білімді, 509 адамның аяқталмаған жоғары білімі бар, 4360-ы арнаулы орта білімі бар мамандар. Олардың 4 пайызын зейнеткерлер құрайды.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



