Жаңалықтар

Үздік инновациялық жобалар қолдау табады

«Инновациялық форсаж» арнайы автобусы бұл күндері республикамыздың барлық өңірлерін аралауда. Олардың мақсаты — тұрғындардың инновациялық белсенділігін арттыру, соған байланысты ынталандыру шараларын жүргізу.

Ақтөбедегі кездесу «Нұр Отан» ХДП-ның ғимаратында өтті.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатқан жобаның негізгі мақсаты — отандық өнертапқыштарға қолдау көрсету, олардың ілгері идеяларын жүзеге асыруға жол ашу. Мүмкіндікті пайдалануды көздеген жергілікті өнертапқыштар ұйымдастырушылар назарына өздерінің жаңалықтарын ұсынды. «Технологиялық даму» ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры Серік Маратов облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековпен жүздесу барысында өздерінің бағдарламалары туралы айтып берді.

Ұлттық агенттік басшылығы ақтөбелік үміткерлердің жобаларымен танысты. Солардың бірі инерциялық электр генераторы — Арман Әбілкамиевтің жаңалығы. Қондырғыны пайдалану жолында автор 5 жыл еңбектенген. Генератор серпілісті электр тогына айналдырады. Бұл қондырғы ірі мұнай компаниялары үшін тиімді. Аталған генераторға Сауд Арабиясының мұнай компаниясы қызығушылық танытқан. Бірақ олардың өз шарттары бар. Өнертапқыш «Инновациялық форсажға» қатысуды ниет етіпті. Ол бастапқы тәжірибелік нұсқасын әзірлеуге шамамен 3 мың АҚШ доллары қажет дейді. Жобаға қатысушылардың барлығы заманауи кәсіпкерліктің барлық қыр-сырымен таныстыратын арнайы тренингтерден өтеді.

Байқауға Ақтөбеден 14 жоба ұсынылды. Олардың басым бөлігі елдегі өндіріс пен шаруашылықтарды дамытуға бағытталған. Жоба ұсынушылар құрылыс, өндіріс, темір жол саласын жандандыруға арналған құрылғылар ойлап тапқан. Соның ішінде сымсыз электр қуатын тарататын мұнара макеті де бар.

Мәртөк ауданындағы «САК» шаруа қожалығының жетекшісі Қилыбай Қаламғазин «Нива» автокөлігіне орнатылған «Аналог-2» бүріккішін ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдеуге тиімді деп санайды. Ол биыл өз қожалығындағы 600 га жерді өңдеп, шегірткеден, басқа да зиянкестерден арылтыпты. Бұл қондырғыға ресейлік диқандар қызығушылық танытып, пайдалана бастапты.

Ауыл шаруашылығы саласы үшін қажетті «агрогель» сығындысы да бүгінгі күннің жаңалықтарының бірі. Жазғытұрым тұқыммен бірге салынған гель ылғалды ұзақ уақыт ұстайды. Құрамында фосфор, азот пен су мол. Сондықтан қуаңшылықта да оның пайдасымен 20-25 пайыз артық өнім алуға болады. Шикізатқа үнем жасалады. Бұған қатысты «Ақтөбе» аймақтық индустриалды технопарк маманы Жанна Орынғалиева: «Агрогельді» ауылшаруашылық өнімдеріне ғана емес, қаланы көркейту, гүлдендіруге, әшекейлендіруге арналған тал, гүлді суғаруға пайдалануға болады. Бұрын 1 аптада 2 рет суаратын болса, енді агрогельмен 2 аптада 1 рет суаруға болады. Оның суды, бензинді аз жұмсауға пайдасы бар» деп түсінік берді.

«Жобалар бағыттарына шектеу қойылмайды. Олар өнеркәсіппен немесе машина құрылысымен қатысты ғана емес, мәселен, медицина саласын да қамтуы мүмкін. Конкурс жеңімпазы 7,5 млн теңге мөлшеріндегі грантқа ие болады. Екінші орынға 2 млн, ал үшінші орынға 1 млн. теңге белгіленді. Конкурстың үздік қатысушылары телебағдарлама кейіпкері болмақшы. Бұл жоба қыркүйектің аяғында жұртшылыққа ұсынылмақшы»,— деді Серік Маратов журналистермен сұхбаттасу барысында.

«Технологиялық даму» ұлттық агенттігі» АҚ жарғылық қорда мемлекеттің 100 пайыздық қатысуымен құрылған. Агенттік инновациялық даму процестерді үйлестіру және мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды қамтамасыз етуді көздейді.

Астаналық қонақтар жергілікті экономикалық ілгерілеу көрсеткіштерімен кеңінен танысты. Соның бірі — ENRC тобының құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы ферроқорытпа зауытында салынып жатқан 4-цех. Бұл құрылыс жаңарту және техникалық даму бағдарламасына сәйкес жүргізілуде. Аталған жоба Қазақстанның мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген және «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы жоғары көміртекті феррохром өндірісін ұлғайту жөніндегі стратегиясы аясында жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта құ­ры­лыстың металл құрастыр­маларын мон­таж­дау жұмыстары жүріп жатыр. Зауыт­тың ең негізгі балқыту корпусынан басқа 10 корпус салынады. Құрылысқа қажетті барлық материалдар, зауытқа кіретін құрал-жабдықтар жұмыс басына түгел тасып жеткізілді.

Осы жайлардың барлығы арнайы дайындалған хабарлама арқылы таныстырылды. Жаңа зауыт құрамына жылына қуат­тылығы 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром бал­қытатын заманауи үздіксіз токты төрт пеш кіреді. Құрылыстың жалпы құны — 750 млн. АҚШ доллары шамасында. Осындай ғасырлық маңызы бар ірі жобаны 2013 жылы аяқтау көз­делуде.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының профессор-оқытушылары, жобаларды ұсынушылар, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері мен кәсіпорындардан келген мамандар өз ойларын ортаға салды.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button