Жаңалықтар

Аралтоғайда ас берілді

Өткен демалыс күндері Әйтеке би ауданы Аралтоғай селолық округіндегі  Жылкелді бұлағының басында Әлімнің Төртқара руынан тарайтын Шобан атаның рухына арнап ас берілді. Астың өтуіне Шобан руынан шыққан Зейнолла Төлеутаев, Сәдір Асанов, Мұратбай Аңсатбайұлы, Іскендір Мұратханов  секілді азаматтар ұйытқы болды.  Жиынға жер-жерден  Шобан атаның ұрпақтары келді. Әрісі Өзбекстан, Қарақалпақстан, берісі Астана, Алматы қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келген қонақтар екі күн бойы бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болды. Аталарының рухына құран бағыштады. 

Жылкелді бұлағының басына  жағалай киіз үй тігіліпті. Асқа келген қонақтарды Аралтоғай ауылындағы Шобан ағайындар құшақ жая қарсы алды. Сөйтіп Шобан атадан тараған Әтембет, Суыншы, Бөпем ұрпақтары ұзақ жылдардан кейін қайта бас қосты. Асты бұл арада өткізудің де өзіндік орны  бар. Себебі біздің өңірдегі Шобандардың ата қонысы — Әйтеке би ауданындағы Аралтоғай, Ақкөл ауылдары.  Ал еліміздегі Шобандардың қоныстанған жерлері Ырғыз ауданы,  Қызылорда облысында Қазалы, Арал, Төретам, Қарақұм өңірлері, Өзбекстанда Кенимех ауданының Қарақата, Шөркөл аудандары, ал Қарақалпақстанда Төрткүл, Беруни, Еңлікқала, Өзбекстанда Үргеніш қалалары екен. Ал ертеректе Шобан атаның ұрпақтары Тәжікстан, Түркия елдеріне дейін барған.

Мақсатымыз — кейінгі ұрпағымыз біліп жүру үшін қиын кезде жан-жаққа тарап кеткен Шобан руынан шыққан ұрпақтардың басын қосу, ру шежіресін жинақтау. Себебі жүздеген жылдар бойғы тарихи оқиғалар, ашаршылық, қуғын-сүргін елдің тарыдай шашырап, бір-бірін білмей өсуіне әкеліп соқты. Егемендік алғаннан кейін ғана ата-тегімізді тануға мүмкіндік туды. Сондықтан Зейнолла ініміз бастаған бір топ азаматтар ақылдаса келіп, осы игі істі қолға алуды жөн санадық. Бұндағы ағайын-туыс құшақ жая қарсы алды. Алдағы уақытта осы байланыстың үзілмеуін тілейміз, — дейді Сәдір Асанов.

Сәдір ақсақал Өзбекстанның Науайы облысы, Кенимех ауданы Қарақата ауылында туып, өскен. Самарқанд ауыл шаруашылығы институтында білім алған. 2002 жылы тарихи Отанына қайта оралып, қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылында тұрады. Үлкендердің ақыл-кеңесімен «Үш Шобан» шежіре кітабын құрастырды.  Аста жинақ жұртшылыққа таратылды. Сәдір ақсақал, Алла сәтін салса,  алдағы уақытта шежіре толықтырылып, қайта шығарылатынын айтты. Ал қарақалпақстандық Бегабат Арғынбайұлы  бұндағы ағайындармен жүздескеніне дән риза.

—  Ілгеріде үлкендер бабаларымыздың тараған жері Ақтөбе аймағы Қарабұтақ өңірі  екенін айтып отырушы еді. Алайда ол уақытта жас болдық, көп нәрсеге мән бермеппіз. Есейген шақта ата-тегімізді түгендеуге мүмкіндік болмады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ағайын-туыстарымызды тауып, төбеміз көкке жетті.  Бүгін, міне, еркіндіктің арқасында жан-жақтағы үш атадан тараған ұрпақ бас қосып отыр. Бұндағы қарсы алған ағайындардың ықыласына дән ризамын.  Зейнолла ініміз бастаған азаматтар  құрметтеп жатыр. Сәдір інім Шобан руының шежіресін құрастырып, көпшілікті қуантуда. Шежірені жинақтаудың кейінгі ұрпақ үшін маңызы өте зор.  Ұлттың, нәсілдің тазалығын сақтап қалу үшін қазақ халқы  жеті атаға дейін қыз алыспайды. Ал жеті атаны білу үшін шежірені білу керек, — деді Бегабат ақсақал.

Алматы облысы Іле ауданынан келген  жасы сексенге таяған Әбдімұрат Шерниязұлы бұндай астың Шобан руының ішінде  алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айтып, жастарға ақ батасын берді.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, ата-баба рухына құран бағыштап, ағайындармен араласқанның кейінгі жастарға берер тәрбиелік мәні зор. Аллаға шүкір, қазір еліміздің еркіндігі осы дәстүрді қайта жалғастыруға мүмкіндік берді. Сондықтан осы шараның өтуіне мұрындық болып, қызмет етіп жүрген азаматтарға Алланың нұры жаусын, — дейді ағынан жарылып.

«Басың бірігіп ас ішпесең, басың бірігіп ел болмайсың» деген Шобан руынан шыққан Жарқынбай бидің немересі  Қалдыгүл Исмайлова Өзбекстаннан арнайы келіпті. Елдегі ағайындарға риза болған Қалдыгүл әже жиналғандарға ақ батасын беріп, қуанышын әнмен жеткізді. Асқа келген  әжейдің інісі Баймұрат пен қызы Назым да ағайындарға жүрекжарды тілегін айтты. Олар еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ата қонысқа оралыпты. Қазір Баймұрат  Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақсу қаласында, ал  Назым Астанада тұрады.

Шараның алғашқы күні жан-жақтан жиналған ағайындар бір-бірімен танысып, біліссе, ертеңіне өткен үлкен ас кезінде көп балалы аналарға ұйымдастырушылар арнайы Алғыс хат пен сыйлық табыс етті. Яғни Шобан ұрпағын көбейткен аналарға құрмет көрсетіліп, сырт елден келген ақсақалдарға шапан жапты. Ал ауыл жастары қонақтарға ән мен жырдан шашу шашты.  Мәселен, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Аманша Смағұлова «Аралтоғай» әнін шырқап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Шобан руынан шыққан термеші, әнші, күйші жігіттер домбыра тартып, ән айтып жиналғандардың көңілін көтеріп тастады.

Сондай-ақ спорттық шаралар ұйымдастырылды. Аралтоғайдың  жігіттері арқан тартып,  кір тасын көтерді. Жеңімпаздарды асты өткізуге ұйытқы болған, қазақша күрестен облыстан шыққан тұңғыш спорт шебері, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, қажы Зейнолла Төлеутаев арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Осы ас баруден кейін Қазалы қаласында да кездесу болып ағайындардың шежіресі толықтандырылып
    2014 жылы «Шобан шежіресі» деген атпен кітап шығардық. Хабарласыңыздар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button