Тамыз кеңесі: кемшін тұстар мен жетістіктер
Ақтөбе қаласының білім қызметкерлері Т. Ахтанов атындағы драма театрында өткен тамыз кеңесінде бас қосты. Кеңес жұмысына Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров, оның орынбасары Айгүл Арынғазиева, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова, қала мектептерінің мұғалімдері, ата-аналар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиыннан күн бұрын 2250 мұғалім қала мектептерінде ұйымдастырылған 40 пәндік секцияда жаңа оқу жылына құрған жоспарлары бойынша пікірлесіп, интернеттің ақпарат көздерін, мультимедиялық құрылғылардың, компьютердің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өткен интерактивтік ойындарда, дөңгелек үстелде, әдістемелік сабақтарда тәжірибе алмасты.
«Білім беру жүйесін жаңғырту — адами капиталдың сапалы дамуының басты бағыты» деген тақырып биылғы тамыз кеңесінде Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бастығы Ләззат Оразбаева жасаған баяндамаға арқау болды. Қаланың бас мұғалімі баяндамасында өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім мен тәрбие беру ісінде жіберілген кемшіліктерге және жеткен жетістіктерге тоқталып, мектепке дейінгі тәрбие мен қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жөнінде, алдағы міндеттер, жоспарлар туралы айтып берді.
Өткен оқу жылында қаланың 64 мектебінде 48690 оқушы білім алған десек, оның 2448-і ҰБТ тапсырып, орташа көрсеткіш 84,7 балға тоқталғаны туралы айтылғанда зал толы мұғалімдер «Біздің қаланың мектептері биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша республикада 2-орынға лайық баға алды. Ал қалалар деңгейінде салыстырар болсақ, еліміз бойынша Қостанай мен Петропавлдан кейін үшінші тұр», — деп қала әкімі Ерхан Омаров келтірген мәліметті місе тұтты. Бірақ негізгі баяндама екі жыл бұрын ақтөбелік мектептер аталған көрсеткіштен де жоғары нәтижеге қол жеткізгенін ескертіп, деңгейді көтеру үшін қатаң талап қойылып отырғанын еске салды.
Осы тұрғыда көп жұмыс мектептердің заманауи технология түрлерімен жабдықталуына, дамыған елдер қолданып отырған әдістеменің жетістіктерін жарату үшін электрондық құрылғыларды, интернет ресурстарды пайдалануға мүмкіндік жасау мәселесіне келіп тіреледі. Баяндамасын осыдан бастаған қаланың бас мұғалімі Ләззат Оразбаева жыл бойына мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға республикалық бюджеттен 24 582,0 мың теңге, облыстық бюджет тарапынан 16 300,0 мың теңге қаражат бөлінгендігі жөніндегі деректерді толықтырды.
— Қазір қаланың жалпы орта білім беретін 64 мектебінде оқушы пайдаланып отырған 2850 компьютер бар десек, 941 компьютердің әбден тозығы жеткен. Оны есептемегенде қазір 26 оқушыға 1 компьютерден келеді екен. Қаланың барлық мектебі ғаламтор жүйесін пайдаланып отыр, ал, 45 мектебінде 238 интерактивті тақта бар. Біз оқушыға білім берудің барлық талаптарын орындау мақсатында биыл қала мектептеріне химия кабинетін орнату үшін 24 млн. 582 мың теңге, баспанасы мектебінен шалғай орналасқан қала сыртындағы елді мекен балалары үшін 9 млн. 600 мың теңге мектеп автобустарын алуға берілгенін зор қуанышпен жеткізгіміз келеді. Қала халқының саны күн санап өсіп жатқанын ескеріп, қала басшылығының тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде Садовая ауылында, «Ақжар-2», «Оңтүстік-Батыс», «Заречный-2» елді мекендерінде және «Гүлдер» аялдамасы аумағында салынып жатқан 5 мектептің құрылысын аяқтағалы отырмыз, — деді Ләззат Оразбаева.
Оның баяндамасы өткен оқу жылында атқарылған қыруар шаруаның есебін көрсететін цифрлардан құралғанын жақсы түсінетін мұғалімдер мұқият тыңдап, қала мектептерінің басшылары түртіп алып отырды. Мәселен, Елбасының өзі «Балапан» бағдарламасы аясында талап қойып отырған мектепке дейінгі тәрбие беру, қосымша білім беру, мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивтік оқыту ұйымдарының жағдайы туралы қаланың бас ұстазы келтірген деректер білім саласында болып жатқан жаңалықтардан хабардар етті.
— Қалада «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты жаңа балабақшалар ашу жұмысы жүйелі түрде қолға алынды. Мектепке дейінгі ұйымдар саны 72 пайыздан 74 пайызға артып, жалпы мектеп жасына дейінгі қала балаларының қамтылу деңгейі 52 пайыз болып отыр. Жеке кәсіпкерлік саласы мен мемлекеттік тапсырыстың серіктестігі арқасында қалада әрқайсысы 140 орындық №42 «Балақай» және «Аружан» балабақшалары іске қосылды. Ол ғана емес, 70 орындық «Әмина», 80 орындық «Кен және Барби» балабақшаларының балалар игілігіне берілуі жеке меншік сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықтың белгісі болып табылады. Енді көп ата-ана бір мезгілде 300 бөбек сиятын «Еркемай», «Ертөстік» бақшаларының ашылуын күтіп отыр. Сол сияқты 372 орындық «Ақбөбек» сауықтыру орталығының ашылуы да осы сабақтастықтың жемісі деуге болады, — деп сөзін жалғады қалалық білім бөлімінің бастығы.
Ал «Алма», «Ақбота», №5 «Жұлдыз» сияқты арнаулы бақшаларда мүмкіндігі шектеулі 531 бала тәрбие алып жатыр. Қазір мүгедек жандарға деген мемлекет қамқорлығын нығайта түспек мақсатында еліміз бойынша қайырымдылық шараларының басым көпшілігі мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасауға бағытталып отыр. Осы игілікті істің нышаны ретінде мектепке дейін тәрбие беретін 7 ұйымда коррекциялық түзету кабинеттері жұмыс істейтінін айта кету керек. Бұл жерлерде мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға да қолдау көрсету мәселесі қаралған. Өткен оқу жылында 700 бала психологтың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. 3 балабақшада арнайы сенсорлық кабинеттер жұмыс істейді, инклюзивтік білім беруді насихаттайтын әдістемелік кітапшалар да жарық көріпті. Қазір қала бойынша мүмкіндігі шектеулі 384 балаға инклюзивтік білім беру әдісі қолданылады, оқу жасындағы 169 бала үйінде оқиды, 41 баланың диагнозы білім алу мүмкіндігі жоқ екенін дәлелдеп отыр.
Дегенмен мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан бөлініп қалмауы үшін қалада ұйымдастырылған «Мейірім» қайырымдылық акциясы 5 нотбук, 21 балаға мүгедектігіне байланысты комплектілі құралдар сыйлаған көрінеді.
Ал мектептердің біліміне қосымша білім, қосымша тәрбие беретін 13 ұйымға қала бойынша 11736 оқушы барады. Сол үйірмелер 7474 балаға мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Балалардың бойында жауапкершілікті, отансүйгіштікті, басқа да ізгі қасиеттерді қалыптастыру мақсатында өткен оқу жылында «Шұғыла», «Жасұлан» сияқты оқушылар ұйымдарына 13112 оқушы қабылданыпты. Мұғалімдер де, ата-ана да бұл ұйымдардың жасөспірімдерді қазір қоғамда орын алып отырған экстремистік бағыттағы секталардың, әртүрлі қылмыстық топтардың, есірткі қолданатын жағымсыз ортаның ықпалынан қорғауға мүмкіндік беретініне сенімді. Мәселен, өткен жылы қала мектептерінің оқушылары арасында тонау, ұрлық-қарлық, қорқытып ақша талап ету сияқты заң бұзу фактілері бойынша 32 қылмыс тіркеліпті. Қаланың бас мұғалімі сабаққа хиджап киіп келетін 15 қыз бала оқитын бірнеше мектептің түрін түстеп, атын атады. Осы және басқа да тәртіп мәселелеріне байланысты қалалық білім бөлімі тарапынан 10 мектептің директорына ескерту, 6 директорға сөгіс, бір директорға қатаң сөгіс жарияланған.
Мектеп жасындағы балалар арасында болатын қылмыстар, тәртіп бұзу фактілері туралы өз сөзінде қала әкімі Ерхан Омаров та кеңінен тоқталды. Ол қазір мемлекет тарапынан оқушының білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.
— Тамыз кеңесі — жылына бір рет мұғалімдердің басын қосып, дәстүрлі баяндама жасап тарқасатын жиын емес. Ол — күн сайын көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып келе жатқан заман көшінен білім саласының қалып қоймауына, қатар дамуына бағыт сілтейтін, түйінді мәселелердің күрмеуін тарқататын алқалы кеңес. Сондықтан кеңес жұмысында оқу жылының алдында тұрған аса маңызды міндеттер талқылануы тиіс.
Ұрпақ тәрбиесі — жауапкершілік жүгі ауыр сала. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі білім саласының дамуына барынша жағдай жасалуын үнемі назарда ұстап келеді. Оның білім алу мәселесіне қатысты бірнеше өміршең жобалары үш тілде білім беретін бағдарламаларды, дүниежүзінің алпауыт елдерімен тайталасатын жоғары оқу орындарының өзіміздің елімізде ашылуын қамтамасыз етті. Қалада сондай ірі жобалардың ықпалымен салынып, заманауи техникамен жабдықталған 5 мектептің құрылысына 2,5 миллиард теңге жұмсалды. Облыс әкімінің бастамасымен облыс жұртшылығы арасында қолдау тапқан «Көркейе бер, туған жер!» акциясының аясында кәсіпкерлердің көмегімен 106 миллион теңге қаражатқа 94 білім беру ошағы ағымдық жөндеуден өтіп, керекті құрал-жабдықтар алынды. Қазір қала бойынша 19839 сәби балабақшаның кезегінде тұр.
Осы мәселені шешу мақсатында бүгінгі күні жеке бизнес секторында ісін жолға қойған кәсіпкерлермен тіл табысып жұмыс істеудің нәтижесінде қалада балабақшалар санын арттырып отырмыз, — деді қала әкімі Ерхан Омаров.
Кеңестің екінші бөлімі «Бос микрофон» форматында өтті. Бұл жерде білім беру жүйесін жаңарту, балаға рухани тәрбие беру, мектеп пен мектептен тыс ұйымдардың байланысы туралы ойларымен бөлісуге тілек білдірген бір топ мұғалімдер, ата-аналар сөз сұрады.
Соңғы 3 жылда ҰБТ бойынша жоғары нәтиже көрсетіп жүрген №32 орта мектеп-гимназияның директоры Марта Малайдар биыл мектеп 7 «Алтын белгі», 3 ерекше үлгідегі аттестат иегерін беріп отырғанын, 32 түлектің грант негізінде оқуға түскенін және биылғы жылдың 4 түлегі шетелде оқитынын мақтаныш етті. Бұл жерде мұғалімнің, оқушының және ата-ананың бірлескен жұмысының нәтижесі көпшілік мектептерге үлгі бола алды.
Ал үш тілде білім беретін озық үлгідегі мектеп — №21 гимназияның директоры Маржангүл Тойшыманова үш тілде білім беруді бастаған кластың биыл бірінші түлектері мектепке, қалаға зор абырой әперіп, 7 «Алтын белгі», 1 ерекше үлгідегі аттестатқа қол жеткізгенін айтты. Республика бойынша бүгінгі күні 37 мектеп үш тілде білім беру бағдарламасын қолданып отырған көрінеді. Солардың ішінде №21 гимназия республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
Сол сияқты №39 мектеп те үш тілде білім беруді 2004-2005 жылы бастаған. Биыл үш тілде оқитын кластың оқушылары 10-класқа барады. Бұл мектеп те ҰБТ қорытындысында үздік үштіктің қатарынан орын алды.
Алқалы басқосудың соңында ұстаздар, ата-аналар комитетінің төрағалары қала әкімі Ерхан Омаровтың сыйлығын иеленді. Оның ішінде қала әкімі үздік білім беру мекемелерін «Ұлттық Бірыңғай Тест көшбасшысы», «Креативті мектепке дейінгі ұйым», «Жаңашыл мектептен тыс мекеме» номинациялары бойынша марапаттады.
Айгүл БАЙМЕНОВА.



