Бюджет толықты…
Үстіміздің жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 112, 7 пайызға орындалды. Бюджеттің кіріс бөлігі, болжам бойынша, 28 млрд. 367 млн. теңгені құраса, нақты түсім 31 млрд. 958 млн. теңге болып отыр.
Бұл жөнінде 20 шілдеде өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында айтылды.
Мәжіліске, депутаттармен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Бірлескен отырыстың күн тәртібіне сәйкес, алдымен облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 7 желтоқсандағы «2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Осы мәселеге байланысты депутаттар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ғани Тасмағанбетовтің хабарламасын тыңдады.
Жоғарыда айтылғандай, 2012 жылдың алғашқы жартысында облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 3 млрд. 590 млн. теңгеге артық орындалды. Оның ішінде, облыстық бюджет 2 млрд. 796 млн. теңгеге толықты. Осыған байланысты облыстық бюджетті нақтылау мақсатында ұсыныстар енгізілді.
Ұсыныстарда көрсетілгендей, облыстық бюджетті толықтыру мақсатындағы қаражаттың қомақты бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалмақ. Мысалы, 20-дан астам мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу; балабақшалар ашу; облыстағы 15 кәсіптік лицейде оқитын аз қамтылған отбасылар балаларын тамақтандыру мәселесін шешу; т.б. қажеттіліктер үшін облыстық білім басқармасына 540 млн. теңге қаражат бөлу көзделген. Сонымен қатар, сегіз ауданға және Ақтөбе қаласына қарасты бірқатар елді мекендерге газ және су апару үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге 592 млн. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр.
Сондай-ақ қауіпсіздік мәселелерін шешу; уческелік инспекторларды көлікпен қамтамасыз ету; әлеуметтік жұмыс орындарын ашу; Ойыл ауданы Көптоғай ауылында мәдениет үйіне жөндеу жүргізу; жолдарды жөндеу; санитарлық машиналар алу; егіс алқаптарында зиянкестермен күресу сынды істерге де қаражат қарастырылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында келешегі зор қалалар шоғыры қатарында аталған Ақтөбе қаласын, сондай-ақ моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізілген Хромтау қаласын, облыс көлеміндегі басқа да шағын қалаларды дамытып, тірлігін алға жылжыту мақсатындағы бірқатар істерге де қаржы бөлу көзделген.
Депутаттар бұл ұсыныстарды жан-жақты талқылап, жобаны бекіту үшін алдағы сессияның күн тәртібіне ұсынуға шешім қабылдады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Әлімжан Үсенғалиев «Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдалану Қағидасы туралы» хабарлама жасады. Депутаттар бұл мәселе бойынша да тиісті шешім қабылдады.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Нұрлан Боранбаевтың «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендері аумағын абаттандыру Қағидасы туралы» хабараламасын да депутаттар қызу талқыға салды. Талқылау барысында айтылғандай, абаттандыру Ережесі осы кезге дейін облысымыздың алты ауданында ғана болған, басқа аудандарда бұл мәселе ескерілмеген. Мысалы, көптеген елді мекендерде қатты қалдықтарды, қоқыстарды жинау мәселесі назардан мүлде тыс қалып отыр.
Депутаттар Қағида жобасына өзгерістер енгізу үшін өз ұсыныс-пікірлерін жеткізе отырып, бұл мәселені де алдағы сессияның күн тәртібіне ұсынуға шешім қабылдады.
Ақтөбе өңірі — тоғыз жолдың торабы. Мұны есірткі тасымалы үшін пайдаланатындар жоқ емес. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында облысымызда есірткіге байланысты тіркелген қылмыстар саны, өткен жылдың алғашқы алты айы мәліметтерімен салыстырғанда, әлдеқайда артқан. Сонымен қатар, есірткіні өткізуге байланысты қылмыстар 14,7 пайызға көбейген. Бүгінгі күні облыста 2107 адам нашақор ретінде есепке алынған.
Осыған байланысты «Ақтөбе облысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің Өңірлік бағдарламасы» қабылданбақ. Бағдарлама 2012-2016 жылдарға арналған.
Бұл жөнінде жиында облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Руслан Мәжитов хабарлама жасады.
Отырыста осы мәселеге қатысты тиісті шешім қабылданды.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



