Жаңалықтар

Нұрдәулет атқа мінген жылдар

Ақтөбе топырағында туғанмен, тағдыр талайына байланысты сырт жерде жүріп жұмыс істеп, халықтың қалаулысына, елдің мақтанышына айналған аға ұрпақтың өкілдері аз емес. Соның бірі  қиын жылдарда Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында бірінші басшы болып ұзақ жылдар жасаған аяулы жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрдәулет Күзембаев  еді. 

Ол  Доңызтау  жерінде, малдың жағдайына қарай көшіп-қонып жүретін көшпелі қазақтың   отбасында  дүниеге  келді. Бала түгілі, бір төл артық туса, бір түп жусан артық шығады деп қарайтын қыр қазағының шаңырағында  әр сәбидің қосылуы той еді. Ал бұл олай да емес, Күзембайдай әкенің сағынып көрген қамшы ұстары болатын. Сондықтан да оның іңгәлап өмірге келуі ағайын-туғанды,  құда- жегжаттарды үлкен қуанышқа бөледі.

Сәбилік алданыш, балалық қызық тез өтіп, өмірдің есею дейтін айрығына келгенде, әке баланы оқыту керек деп шешті. Дала өмірінде ақ пен қызылдың шарпысуы әлі түпкілікті жеңісіп болмаған дүбәрә шақ еді бұл. Дегенмен, тым ерте байқалған  зеректігі, көзіқарақты ата-ананың ендігі жерде баланың оқумен ғана адам болатынын түсіне қалуы Нұрдәулет есімді баланы Темір қаласындағы көне орыс-қазақ мектебіне алып келді.

Ол кезде патшалы Ресей халықтар түрмесіне айналдырған Темірдегі бұл мектепте   Петербургтан жер аударылған революциялық ағымдағы  атақты мұғалімдер сабақ беретін еді. Осындай ұстаздардан дәріс алған шәкірт тез сауаттанып қана қоймай, ерте де есейді. Төрт кластық орыс-қазақ мектебін үздік бітіріп, Доңызтаудағы елге келіп  көшпелі ағайындардың балаларын оқытуға жарады. Өзге жұрт малдың жағдайымен үдере көшкенде, бұл өз алдына үй тігіп, еш жаққа қозғалмай, балаларға сабақ беруін жалғастырды.

Бұл оның жаңа ғана ержетіп,  алды-артын енді байқап жатқан шағы еді. Оның өзі де ұзаққа созылмады. Көп кешікпей бұлан-талан заман басталып, тәркілеу,  малы барды қамауға алып,  малдарын тартып алу, бар қазақты мәжбүрлеп  ұжымға  кіргізу басталды. Осы науқандар іле қазақты ашаршылыққа ұластырған  дәуірге әкеліп киліктірді. Заманның ауыртпалығымен бірге, тағдырдың кесапаты да шалғайынан ала түсті. Бар сүйеніші әкеден айрылып, жас бозбала ең ауыр күндерді басынан өткереді.

Елдің біразы тәркілеудің құрбаны болды. Әлі барлар мұнан шет елге қашып қана құтылды. Сол шет ел асып көшкендердің арасында мұғалім бала да жүр еді. Кеңес өкіметінің құрығынан қашқан көшке ере жүріп, бірде жаяу, бірде атпен, жас қазақ  1928 жылы Доңызтаудан Қарақалпақстанға жетті-ау әйтеуір.  Бұл жақта саяси жағдай қазақ арасына қарағанда кеңшіліктеу еді. Барғаннан кейін жаңа ортаға тез сіңісіп, Кегейлі, Қыпшақ аудандарының қаржы бөлімдеріне  кіші қызметкер болып жұмысқа орналасты.

Көп ұзамай  бұл жақта да партия ұйымдары көбейіп, аудандарда коммунистік партия комитеттері  қүрылды. Бастапқыда олардың штатында  үш адам: бірінші хатшы, оның орынбасары және партиялық есеп жүргізуші қызметкер болды.  Қыпшақ ауданында партиялық есепші қызметін   атқарған талапты жігіт араға бірер жыл салып Ақтөбеге оралады. Шамалы жұмыс істеп,   Ленинград қаласындағы қаржы институтына оқуға түсті. Шындығын айтсақ, отызыншы жылдардағы елде белең алған көп бәлелерінен осы жоғарғы оқу орнының студенті болып аман қалады.

Қазан төңкерісінің бесігі болған, Одақтың сүт бетіне шығар қаймағы дерлік зиялы қауымдары топтасқан шаһарда  пісіп жетіледі. Оның үстіне өмірлік серігі жар таңдауда да жолы болады. Маскеудің  атақты өнер театрында Күләш Бәйсейітовамен бірге оқыған, ажарына ақылы сай  Ақмарал жеңгемізге үйленеді.

Қаржы институтын бітірген жас маман жолдамамен Қазақстанның сол кездегі  коммуналдық банкісіне  жіберілді. Осында ол 1937-38 жылдары кіші қызметкерден бастап, банктің жоғары лауазымды басшысына дейін  көтерілді.

Кеңестік шенеунік арқалайтын жүк ауыр еді. Берілген лауазымды дұрыс атқару, өзінен жоғары тұрған басшылардың кеулінен шығу үлкен білімді, біліктілікті, адамгершілікті талап ететін. Сондай тындырымды жұмысымен Қазақстан республикасы орталық партия комитеті басшыларының көзіне түседі. Білікті жас кадр кеңес қызметіне шақырылады.  1939 жылы жаңадан ашылған Шығыс Қазақстан облысының атқару комитетінің , әуелі ұйымдастастыру  комитетінің басшысы, кейін төрағаның бірінші орынбасары лауазымына көтерілді.

Өзіне тапсырылған жұмысты  заман талабына лайық сенімді атқаруы, сол тұстың басты өлшемінің бірі — орыс тіліне аса сауаттылығы, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы Нұрдәулетті ілгері жетеледі. Қазақ елінің тарихында бірінші басшы ретінде жақсы атымен қалған Нұртас Оңдасыновтың үлкен сеніміне ие болды. Бір-бірінің бағасын білген азаматтар өмірлерінің ақырына дейін бірге жұмыс істеп, сыйлас, тату болып өтті.

Ағамыздың бір айтқан әңгімесі  есімнен кетпейді.  Алматы қаласының басшысы болып жүргенде, Абай атындағы опера-балет театрын ашуға қарар жобасын даярлайды. Сол қарардың жобасына  қол қоюға апарғанда,  Н.Ондасынов өз қолымен «академиялық» деген сөзді қосыпты, және «мұны қазір біз жазбасақ, бұл театр еш уақытта академиялық атты ала алмайды» депті.  Соның арқасында Алматының  Абай атындағы  опера-балет театры  академиялық деген атақты алып қалған.

Нұрдәулет ағамыз ұзақ жылдар Алматы, Шымкент областарының кеңес атқару комитеттерінің төрағасы болып жұмыс жасады. Екі жылдай Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.

Кеңес өкіметінің басшылығына келген Н. Хрушевтың Қазақстанға қырын қарағанын  сол кездегі әрбір қазақ баласы жақсы біледі. «Қазақстан сияқты зор республикаға Жұмабай Шаяхметовтың күші жетпейді» деген сылтаумен,  орнынан алып, Қазақстан компартиясының бірінші хатшылығына  А. Пономаренконы, екінші хатшылығына Л. Брежневті сайлады. Ал Жұмабай Шаяхметов Сталин дәуірінде іскерлігімен танылып, үлкен абыройға ие болған адам еді. Сондай іскер басшы Н.Хрущевтің пікірінше, бір күнде  әлсіз болып шыға келді. Әрине, оның да өз есебі бар еді, байырғы кадрларды шетке ығыстырып шығаруды көздеді.

Осындай солақай саясаттың салдарынан  Нұрдәулет те Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан алынды.

Алайда, күннің жарығын көлеңкелеуге болмайтыны сияқты, нағыз топ жарып тұрған іскер басшыны да тұсаулап ұстау мүмкін емес еді. Арада шамалы уақыт өткенде,  Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.

Нұрдәулет басшы болып, атқа мінген жылдар тар жол, тайғақ кешу дерлік, ауыр кезең еді.  Ол ел жүгін қайыспай  арқалап, халықтың құрметіне бөленген  Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Ондасынов, Ғабидулла Каржаубаев, Жұмабай Тәшенов, Хайдар Арыстанбеков, Ораз Жандосов сынды азаматтармен замандас, сырлас болды, бірге қызмет істеді. Уақыттың салмағына жон арқасын тосып, ауыр жүкті бірге көтерісті. Бұл азаматтардың елдің басшылық тізгінін алған дәуірі айтатыны жоқ ауыр кезең еді. Ашаршылықтан,  жазықсыз қамап, сотсыз атудан, соғыстың ауыртпалықтарынан  жаңа ғана құтылып, ел-халық әлі толық есін жыйнай алмай жатқан күндер еді. Елді күйзелістен шығару тапсырмасы өте ауыр болатын. Елдің ресурстарын соғыс сарқыған-ды. Халық шаруашылығының техникалық жарақтандырылуы әлсіз болды. Негізінен көп жұмыс қол еңбегімен атқарылды.

Қазақ арасында басшы қақында қалыптасқан теріс түсінік бар. Көпшілік адамдар  үлкен лауазымды қызметке сайланғандардың жұмысы жеңілдейді деп ойлайды. Іс жүзінде олай емес, лауазымы өскен сайын жауапкершілік те жоғарылайды, міндет салмағы өседі.

Әрине, Орталық партия комитетінің,  облыстық, аудандық партия комитеттерінің бюросын көрмеген қазіргі адамдарға ол кездегі жұмыстың жауапкершілігінің ауыр болғанын түсіндіру қиын. Сондай бюролардан қаңтар айында қара терге малшынып шыққан адамдарды талай көрдік. Өйткені, кейде адамның шамасынан артық, орынсыз талаптар да қойылатын. Жөнсіз тағылған айыптар, орынсыз талап

сау адамды есінен тандыратын. Нұрдәулет ағамыз іс басында болғанда осының талайын басынан кешірді, жақсыны да, жаманды да көрді. Сөйтіп жүріп қазақ елінің көркеюіне, қалыптасуына, қиын кездерде халқымыздың әл-ауқатының жақсаруына үлес қосты. Осындай азаматтардың табан ақы, маңдай тері арқасында бүгінгі жарқын күнге жеттік деп ойлаймыз.

Нұрдәулет ағаның қырық бес жылы ел басқаруға кетті. Осы уақыттың ішінде  қанша аудан, облыс, республика көлемінде табанының ізі қалды. Қанша жерге аяқ басты, қалың көпшіліктің ортасында жүрді. Өзіне жүктелген міндетті орындау жолында уақытпен санаспай қызмет істеді. Өзі бастан кешкен дәуірде  қанша мәрте халық алдына шығып  сөйледі, қанша адам алдынан өтті, бұларды санап болу мүмкін емес.

Өмірден бір байқағанымыз, қандай басшы да үнемі дәуірлеп тұра бермейді. Айдың құдыретімен судың  молаятыны және шегінетіні сияқты, басшы да шығар биігіне шығып, халқына берерін бергеннен кейін, лауазымды орынды босатуы мүмкін.  Нұрдәулет аға да солай болды.  Ірі лауазымды қызметтерден босап,  екінші дәуірі басталды. Алматы облысының статистика басқармасының  бастығы, Қазақстан Республикасы жоспарлау комитетінде бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Сөйтіп жүріп,  экономикалық тақырыптарға   кітаптар жазды.  Білігін, білімін, ұзақ жылғы тәжірибесін экономика  ғылымын зерделеуге, зерттеуге  жұмсады.  Көп еңбектеніп экономика саласынан  кандидаттық, докторлық ғылыми диссертациялар қорғады. Нұрекеннің тіккелей араласуымен,  Одақта бірінші болып, Қазақстан мемлекеттік жоспарлау комитетіне қарасты Экономикалық ғылыми-зерттеу  институты ашылды.  Оның бірінші директорына да өзі сайланды. Бұл ғылыми-зерттеу институты көп жылдар республиканың барлық шаруашылық салаларын  зерттеп,  ұсыныстарын үкіметке беріп отырды. Ғылыми зерттеу институты елімізге ондаған ғылым докторларын,  жүздеген экономика ғылымдарының кандидаттарын берді. Еліміздің  жер асты, жер үсті байлықтарын толық зертеп, осы байлықтарды  игеру, пайдалану жөнінде ғылыми ұсыныстарын жасады.

Жезқазған-Бейнеу темір жолын салудың қажеттілігі, оның әкелетін экономикалық пайдасы жөніндегі зерттеу жұмыстарын осы институт 1980 жылдардың өзінде жазған еді. Бірақ мұндай құрылысты салуға  кеңес үкіметі көңіл бөлмеді. Тек қана еліміздің тұнғыш Президенті Н. Назарбаев  бұл жолдың әлеуметтік маңызын түсініп,  қаржы бөлініп, темір жол құрылысы басталды.

Нұрекең қашықта жүрсе де, туған жері Ақтөбені,  Доңызтауды ұмытқан жоқ. Басшылық жұмыстарда жүргенде де, елге келіп, сағынышын білдіріп,  жер, ел аралап кететін. Ағайындардың қуанышын бөлісетін, дүниеден өткен азаматтардың орнына кіріп көңіл  білдіретін еді. Жасы ұлғайған кезде Ираннан оқымысты адам әкеліп,  Барақ атаның басына қойылған құлпытастағы көне араб жазуын оқытып, батырдың туған, дүниеден өткен жылдарын анықтап берді. Ал Барақ-Асау аталарға берілген аста сөз сөйледі, асқа толық қатнасты. Себеппен Байғанин ауданындағы туыстарына барды.

Кезінде үлкен басшы болғанмен, оның тұрмыс-тіршілігінен қанағатшылдық, қарапайымдылық байқалатын. Өзі дүниеден өткенде төрт бөлемелі пәтері ғана болды. Содан басқа артық дүние жимаған адам.

Құдай қосқан қосағы Ақмарал да ерінің қас пен қабағына қарап өтті. Ағайын-туғанға, үлкен-кішіге қонақжай үйдің есігі әркез ашық болды. Ағаның үйінде көбірек болғандықтан мұны жақсы білдім. Сонша сапырылысып келіп -кетіп жататын адамдарға өзінің де, әйелінің де бір қабақ шытқанын  көрмедік.

Мінездегі байсалдылық, дүниеқоңыздықтан аулақ болу —ағамыздың ұзақ ғұмыр жасауына ықпалын тигізді ғой деп ойлаймын. Бұл отбасында  бір ұл, төрт қыз тәрбиеленді. Ұрпағы өсіп-өуде.

Нұрекеңнің жақын араласатын адамдары Ахмет Жұбанов, Сақтаған Байішев, Бек Сүлейменов болды. Басқа да  ақтөбеліктерді үйіне жиі жинап отыратын еді. Анау елуінші, алпысыншы жылдары Ақтөбеден Алматыға оқу қуып барған жастардың Нұрекең  мен Ақмарал жеңгейдің қолынан тұз-дәм татпағаны кемде-кем шығар. Олардың оқуына, жатақханаға орналасуына,  басқа да тосын жағдайларына жиі араласатын.

Нұрдәулет аға одақтың, республиканың, облыстардың сайланбалы органдарына сан мәрте халық қалаулысы болып сайланды.Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін алды. Бірнеше медальдармен марапатталды. Еліміздің Құрметті экономисі атағы бар.

Биыл Нұрдәулет ағаның туғанына 100 жыл толады. Соған байланысты Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларында, өзінің туған Байғанин ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Нұрдәулет Күзембаевты  есте қалдыруға бағытталған  шаралар алынса  дейміз.  Көшелерге есімі берілсе, мемориалдық тақталар орнатылса деген ұсыныстар бар.

Мүсіран ҚЫЙЫНБАЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button