Жаңалықтар

Қайда барып демаласың, журналист?

Халықпен біте қайнасып, қоғамның тыныс-тіршілігіне түгел араласатын дәл журналистер сияқты мамандық иелері жоқ. Дегенмен күнделікті қарбалас тірліктен бір сәт дамыл тауып, тынығу үшін журналистердің де кезекті еңбек демалысын асыға күтетіні рас. Төл мереке қарсаңында әріптестерге демалысты қалай және қайда өткізетіні жайында сауал тастаған едік. Жауап төмендегідей болды.   

ТЫНЫШТЫҚ БАР ЖЕРДЕ, ДЕМАЛЫС БАР

Алтынай Сағындықова, республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі:

— Журналистика мамандығын тәмамдап, жұмысқа кіріскен алғашқы жылдары жазғы демалыс дегенді білмедім. Біз үшін басқа қалаларда өтетін семинар, басқосулар, аудандарға жұмыс сапарымен бару үлкен демалыс еді. Кейде сәтті ұйымдастырылған туристік жолсапарлар болады. Бәрін де демалыс деп қабылдаймын. Үздіксіз жұмыс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл жазға да жоспар құрмадым, «демалыс алайын» деп сұрамадым. Негізінен туған жерге бару ойымда бар. Ауылдан соң сауықтыру орындарына барғым келеді. Әрине, өңірде бәрі тыныш болса, біздің де демалыс сәтті өтеді деп ойлаймын.

ШИПАЖАЙҒА ДА БАРАРМЫЗ

Мұхтар Мырзалин,  аудандық «Шалқар» газеті бас редакторының орынбасары:

— Менің аудандық  газетте жұмыс жасап жатқаныма жеті жылдай уақыт болды. Өз басым осы уақыт аралығында кезекті еңбек демалыстарының көбісін Шалқарда өткізіппін. Демалыс арасында уақыт тауып отбасыммен Оралдағы қайын жұртқа да барып қайтамын. Еліміздегі түрлі шипажайларға барып,  демалып қайтуға айлыққа қараған журналистің жағдайы келе бермейді. Келешекте ондай орындарға барып, демалатын күн туады деп үміттенемін. Ол үшін алдымен жергілікті билік аудандық газеттегі журналистерге  материалдық, рухани  қолдау көрсетіп, кәсіподақ ұйымына тарту мәселесін басты назарға алса деген ой бар.

ӘЗІР ШЕТЕЛДЕ ТЫНЫҚПАЙМЫН

Кәмшат Сағынбазарова, жергілікті «Рика-ТВ» телеарнасының тілшісі:

—Үш жыл қатарынан анамды ерітіп Сарыағашта демалдым. Биыл жұмыс және өзге де жеке шаруалармен демалысты кейінгі шегеруге тура келіп тұр. Өз еліміздің керемет-керемет жерлерін аралап тауыспайынша, шетелге демалуға бармаймын.

«АЛАКӨЛГЕ ҚАШАН БАРАМЫЗ?»

Ардақ Қонақбаева, облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің тілшісі:

— Менің еңбек демалысына шығуымды өзімнен гөрі балам асыға күтіп жүр. Жыл сайын шетел аспағанмен, жазда Алматы, Астана сияқты қалаларды аралатып қайтушы едім. Былтыр университетте бірге оқыған достарым шақырып, шілденің ыстығында  Алакөлдің жағасында демалдық.  Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Жарбұлақ ауылы жағындағы көлдің шығыс жағалауына барғанбыз. Суы тұзды, салқын, түрлі-түске еніп құбылып тұрады екен. Әрі емдік қасиеті де жоғары, құрамы минералдарға өте бай көрінеді.  Әлемде теңдесі жоқ көл деседі. Кеңес өкіметі кезінде ғарышкерлерді Алакөлдің суына түсіріп, денсаулығын қалпына келтіріп алады екен. Тіпті Шыңғыс ханның әскерлері осы көлге түсіп, жарақаттарын емдеген екен деген аңыз да айтылады. Өте терең, аумағы үлкен көл. Қасында «Барлық Арасан» санаторийі бар.

Жарнамасын асыру үшін айтып жатқаным жоқ. Алакөлге жету оңай емес, пойызбен Алматыға, одан 16 сағат автобуспен Жарбұлаққа  жеткенше ішегің түйіледі.  Дегенмен ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жетсек те, көлге бір түсіп шыққан соң бәрі ұмыт болды.

Ақтөбеден келгенімізге таңырқап жатқандар да жоқ емес, дегенмен демалушылардың  ішінде Ресейдің қалаларынан, Астанадан, Көкшетаудан, Атыраудан, тағы басқа жерлерден көп екен. Адамның көптігі сонша, жағажайда аяқ алып  жүргісіз.

Жақсы демалдық, 10 күн он минуттай өте шықты. Балам қыстай «Алакөлге қашан барамыз?» деумен болды. Сірә, қатты ұнаған болуы керек. Денсаулығына да жақсы әсер етті. Сонымен, құдай қаласа, биыл тағы да «Алакөл, қайдасың?» деп жолға шыққалы отырмыз.

АУЫЛҒА БАРЫП ҚАЙТАМЫН

Бердібай Кемал, «Керек-инфо» газеті ақпараттар бөлімінің редакторы:

— Еңбек демалысын Ақтөбеде өткіземін. Арасында уақыт тауып туған ауылыма барып қайтуды жоспарлап отырмын.  Ауылдағы әкемнің, ата-бабаның зиратына соғып, құран оқып қайтамын.  Мүмкіндігіне қарай ауылдағы ақсақалдардың басын қосып, әкеме арнап садақа беремін.

ШІРКІН… ПАРИЖГЕ БАРЫП ҚАЙТСАМ ҒОЙ!

Т, журналист:

— Мен атымды айтпай-ақ қояйын. Журналиске қоятын сұрақ емес бұл. Себебі, журналист демалмайды. Оның демалысының өзі — жұмыс. Жақында бір әріптесімнен қайда демаласың деп сұрасам, ауылдық жерге барып, мақала жинаймын дейді…

«Қазақ та адам баласы» деп Абай айтпақшы, журналист те адам баласы. Ол да Түркияға, Абу-Дабиге, басқа шетелдерге барып демалғысы келеді. Бірақ, қолы қысқа. Айлығы шайлығына жетпейді. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «алтын арқаласа да, жегені жантақ» түйе сықылды қарапайым журналистің еліміздің мықты деген санаторийлеріне баруына да аса мүмкіндігі жоқ. Басқа өңірлерді білмеймін, Ақтөбеде жағдай солай. Содан кейін ол журналист ауылға барып, мақала жинамай қайтеді…

Журналиске мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да мамандық иелері секілді емделуге берілетін бір реттік жәрдемақы да берілмейді, бір жылдық заңды еңбек демалысына берілетін қаржы көлемінің өзі бір айлық ақшасына жетпейді… Оны жалаңаяқ журналист жалдап тұрып жатқан пәтерақысына, үйінің жөндеуіне, несиесіне, бала-шағасының киіміне, оқуына… жұмсайды.

Шіркін… Парижге барып қайтсам ғой…

АУЫЛҒА АҢСАРЫМ АУАДЫ

Ақсәуле Бәйменшина, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тілшісі:

— Шынымды айсам, мен шетелдерге шығып демалып көрмеппін. Оның бір себебі бар. Мен жоғары оқу орнын Орал қаласында тәмамдап, сол жақта еңбек жолымды бастадым. Он жылдан астам уақыт жергілікті телеарналарда қызмет еттім. Еңбек демалысына шығысымен Шалқар қаласында тұратын ата-анам мен бауырларымның қасына баруға асығатынмын. Жат жерде жүрген соң, туған жеріңе келіп демалу — бір ғанибет. Аңсап жеткен ауылың шетелдің кез келген демалыс орнынан артық боп тұрады. Қолым бос кездерде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында тұратын достарыма барып, демалған кездерім болды. Енді Каспийдің жағалауына барып, Маңғыстаудың киелі топырағын бір бассам деймін. Бұйырса, келесі демалысымды сол жақта өткізгім келеді.

ҮЙДЕ ЖҮРІП ДЕМАЛАМЫН

Самал Ендібаева, «Төртінші билік» Ақтөбе журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

— Жыл сайын жазғы демалыста бір жақтарға шығып, демаламын ба деп ойлаймын. Бірақ сәті түспейді. Көп жағдайда отбасы тірлігімен еңбек демалысымды үйде өткіземін. Тіпті жұмысты тастамай, бірнеше жыл демалыс алмаған кездерім де болды. Журналистердің демалысы ұйымдастырылған семинарлар мен іссапарлар кезінде өтеді. Егер сәті түссе, жылына бір рет жаз немесе күз мезгілдерінде еліміздің табиғаты көркем де көрікті жерлері — Көкше өңіріне, Каспий жағалауына барып, серуендегенді ұнатамын. Биыл, ең болмағанда, Ақтөбенің әсем жерлеріне көлікпен серуендеп қайтатын шығармын.

ҚЫЗ ҰЗАТЫП, КЕЛІН ТҮСІРЕМІН

Индира СПАН, «Қарғалы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі:

— Журналистер де ет пен сүйектен жаралған адам. Біреудің жұбайы, біреудің әкесі, біреудің келіні… Әсіресе, нәзікжандылар қауымына журналистика саласында жұмыс жасаудың да өзіндік қиындықтары бар. Қолымыз қалт етсе, туыстарымыздың жанынан табылатын халықпыз ғой. Биылғы еңбек демалысындағы ең бірінші жоспарым — төркінге барып аунап-қунау. Содан соң демалысым қыз ұзату, келін түсіру тойларымен жалғаспақ. Шетелге барып демалу — жас отбасылар үшін әзірге арман.

ӨЗІМІЗДЕГІНІ БАҒАЛАҒАН ЖӨН

Әлия Таласова, «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі:

— Еңбек демалысына шығысымен алдымен ауылға барамын. Әке-шешемнің қасында аз уақыт аунап-қунап демаламын. Өткен жылғы демалысымды да туған жерім Қотыртас ауылынан бастаған болатынмын. Астанадағы достарыма барып, содан соң Бурабайда тынықтым. Достарыммен көңілді уақыт өткіздім. Оның алдында еліміздің оңтүстік өңірлері —  Түлкібас, Шымкент, Алматыға бардым. Биыл Маңғыстау облысын көріп келсем деген жоспарым бар. Шетелге саяхаттағаннан өзіміздегі барды бағалаған дұрыс. Қай облысқа барсаң да тарихи, мәдени орындар жеткілікті. Рухани байып келуге болады. Еңбек демалысын тиімді өткізуге аса мән беремін. Жыл он екі айда бір келетін демалыстың мәнді өткені жөн.

ШИПАЖАЙЛАРДА ТЫНЫҒАТЫНБЫЗ

Жаңагүл Жүрсін, журналист:

— Жыл сайын жазда отбасымызбен қазақстандық шипажайларда тынығатынбыз. Бірқатарын аралап шықтық. Бірақ көңілімізге қонғаны аз. Стандарттық  үлгідегі   нөмірлерде негізінен  кеңес заманынан қалған жиһаз. Қызмет көрсету деңгейі де сонымен «жасты». Люкс, жартылай люкс үлгісіндегі нөмірлердің де одан айырмашылығы  жоқ. Шетелге шығатындай қызымыз әлі  кішкентай.

Бұйырса, Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара  секілді  тарихи  қалаларын аралағымыз келеді. Ташкентте  тұратын досымыз көптен қонаққа шақырып жүрген. Бір шаруалардың ретін қарайлап отырмыз. Сондықтан Өзбекстан сапарының нақты уақытын айта алмаймын.

ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ДЕМАЛЫСТЫ КӨП ОЙЛАЙМЫН

Жанат Сисекенова, республикалық «Литер» газетінің меншікті тілшісі:

— Мен зейнеткерлік демалысқа шыққанды көп ойлаймын. Құдай қалап, сол күнге жеткізсе екен деп тілеймін. Бүгінде зейнеткерлік жасқа толса да жұмыстан қол үзбей жүрген ағайлар мен апайларды көріп, таң қаламын. Бір жағынан олар өз орындарын жұмыссыз жүрген жастарға бермейді. Мүмкін, ондай жандар балаларына сенімсіздік танытып, күнделікті наны үшін табыс табуды жалғастырып жүрген шығар.

Сауалнаманы жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button