Ғасыр дертін ауыздықта!
26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні
Біздің қоғамда есірткінің зияны туралы көп айтылғанымен, нашақорлардың саны аз емес. Есірткі пайдаланғанның салдарынан қанша қылмыс жасалып, қанша өлімнің болғандығын есептеу қиын.
Облысымызда нашақорлардың өлімі жиі тіркеледі. Наркологиялық диспансер есірткіге тәуелділерді емдеуде көп жұмыс жүргізіп жатыр. Емдеу тегін. Емделуші көп.
Қазір кейбір дәрілер есірткілік мақсатта қолданылады. Әңгіме құрамында кодеині бар препараттар жайында, оның есірткілік және ауру басатын қасиеті бар. Осы дәрілер негізінде өте қатты есірткі-дезоморфин дайындалады. Мұны ел аузында «крокодил» деп атайды. «Крокодилдің» құрамына дәрілерден басқа бензин, сіріңке күкірті, йод, сонымен қатар тұрмыстық еріткіштер бар. Бұл қосынды нашақордың өмірін қысқартады: 2-3 жылдан артық өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Бұл есірткінің «крокодил» аталуының себебі оның адамға әсер етуіне байланысты: ине шанышқан жерде іріңді жара пайда болады. Соның салдарынан нашақордың терісі қолтырауының терісіне ұқсас болады. Дезоморфин героиннен 16 есе уытты. Героин тұтынушылар 10-25 жыл өмір сүрсе, «крокодилді» пайдаланатындар небары 2-3 жыл өмір сүреді. «Крокодилге» тәуелділік бір-екі қабылданғаннан кейін-ақ пайда болады. Ауырсыну, ірің, жара, бұлшықеттердің өлуі — осының бәрі нашақорды үрейлендіріп, өзін тежеуге де мүмкіндік бермейді.
Ғасырымыздың обасы, заманымыздың тажалы есірткі екенін бүкіл әлем мойындады. Бұл індеттен құтылудың жолдарын әлем бірлесіп іздестіріп жатыр. Олай болса, есірткіден сақ болайық! Егер ел боламыз десек, ұлт боламыз десек, ел болып, халық болып есірткіні ауыздайық. Ғасыр індетіне қарсы тізе қосып күресейік!
Балзада МЫРЗАТІЛЕУОВА,
облыстық наркологиялық диспансердің
емхана меңгерушісі.



