Жаңалықтар

Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының балалар жан сақтау бөлімшесі жаңа аппаратпен толықты.

«Аяла» қайырымдылық қоры, «Бесік» балалар қоры, «Қағанат» асханалар желісі,  «Trade commerce oil», «Besmart», «Эйр Астана» компанияларының демеушілік көрсетуімен Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталық жаңа аппараттармен толықты. Атап айтсақ, орталықтың балалар жан сақтау бөлімшесіне шала туған балалардың тыныс алуына арналған қондырғы мен жан сақтау бөлімшесінің арнайы үстелі, рентген аппараты және жарықты сақтайтын қондырғы әкелінді. Қазір жаңа жабдықтар іске қосылып тұр.

Демеушілердің басқосуымен болған баспасөз мәслихатына облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр, перинаталдық орталықтың директоры Асхат Балықов бастаған ұжым қатысты.

Бұған дейін біз Алматы қаласындағы перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың балалар жан сақтау бөлімшелерін заманға сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін «Тыныс ал, балақай» жобасы аясында жұмыс жасаған болатынбыз. Нәтижелі істерден кейін «Аяла» қайырымдылық қоры бұл жобаны кеңейтуді шешті. Осылайша облыс орталықтарында орналасқан үшінші деңгейдегі босандыру мекемелеріне көмек көрсетсек деген ой келді. Осы мақсатта 2011 жылдың наурыз айында біз Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен әріптестік және өзара әрекеттесу туралы меморандумға қол қойдық. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің Өскемен, Семей, Қарағанды, Атырау және Тараз қалаларында орналасқан облыстық перинаталдық орталықтар мен перзентханаларды заманға сай медициналық қондырғылармен қамтамасыз еттік. Коммерциялық ұйымдар мен қарапайым азаматтардан түскен қаражат тап осы қарқында жинала берсе, онда «Тыныс ал, балақай»  жобасын бұдан да кең көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бар, — деді «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Жанкелді Сәрсенов.

Баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова осындай жоба ұйымдастырған «Аяла» қайырымдылық қорының басшылығына, жобаны жүзеге асыруға ат салысқан демеуші компаниялардың өкілдеріне алғысын білдірді.

2008 жылдан бастап еліміз туу критерийлері бойынша Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына көшкені мәлім. Сол уақыттан бері салмағы 500 грамнан басталатын шарана тірідей туған нәресте деп саналып жүр. Мамандардың айтуынша, жаңа нормативтерге көшу медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен балалар жан сақтау бөлімшелерінің жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандырылу деңгейіне жаңа талаптар қойып отыр.

Бүгінгі күні облыста нәрестелік өлім-жітім көрсеткіші республика бойынша төменгі орында. Дегенмен, облыстық перинаталдық орталық заманға сай көп салалы медициналық аппараттармен жабдықтауды әлі де қажет етеді.

Қайырымдылық ұйымдарының балалар медициналық мекемелеріне көрсетіп отырған көмегі үлкен маңызға ие. Ең бастысы,  дәрігерлер науқасқа заманға сай деңгейде көмек көрсету мүмкіндігіне қол жеткізді, — деді Қайрат Сабыр.

Баспасөз мәслихатында облыстағы «Бесік» балалар қорының төрайымы Алма Жансаринова, «Эйр Астана» компаниясының өкілі Сәуле Серғазиновалар сөз сөйлеп, «Тыныс ал, балақай» жобасына атсалысқан тұрғындарға, ұйымға өз алғыстарын білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button