Жаңалықтар

Интернет арқылы ажырасу деген не?

Неке тіркеу үшін интернет арқылы арыз беруге болатынын қазір тұрғындар біледі. Енді бұған қоса некеңізді бұзу үшін де АХАТ-қа бармай-ақ, интернет арқылы арыз бере аласыз.  

Қалалық АХАТ бөлімінің неке бұзу және бала асырап алу бөлімінің жетекші маманы Мейрамгүл Ихсанованың айтуынша, неке бұзуға интернет арқылы арыз беруші ерлі-зайыптыларға қойылатын мынадай талаптар бар: олардың ортақ балалары болмауы керек, немесе балалары 18 жастан асқан болуы керек, екіншіден, екеуінің де электронды қолтаңбасы болуы шарт.

— Ескерте кететін нәрсе — некені электронды түрде беру қызметіне 2008 жылдың 1 маусымынан бергі мезгілде некеге отырған азаматтар ғана жүгіне алады. Өйткені жалпы азаматтық хал актілері туралы мәліметтер ақпараттық жүйеге осы уақыттан бастап енгізілген. Интернет арқылы өтініш бергісі келгендер  «Электронды үкімет» пор­талына кіріп, қызмет түрін таңдайды да, жеке иден­тифи­ка­циялық нөмірлерін енгізеді. Өтінішін білдіріп, оған электронды қолдарын қоюы керек. Бұдан соң олардың мекенжайына АХАТ органынан некенің бұзылғаны ту­ра­лы куәлікті алу мерзімі көрсетілген ха­бар­ландыру келеді, — дейді М.Ихсанова.

Әрине, ажырасу жақсы нәрсе емес. Бірақ адамдарға қызметтің ыңғайлы әрі тиімді, кедергісіз көрсетілгені жақсы.

— Бір тиімдісі, ерлі-зайыптылар біздің де, өздерінің де мазасын алмай, үйде отырып-ақ ғаламтордың көмегіне жүгіне алады. АХАТ-тың неке бұзу жөніндегі бөліміне келушілер саны өте көп, кей күндері тек арыз қабылдаумен, кеңес берумен ғана отырамыз. Арыз беріп отырып, бір-бірін сөзбен қағытып, ұрысып отыратын жұптар бар. Тіпті кейбірі әйелім келгенше құжатты тезірек толтырып тастайын деп өзіне тиесілі графаны толтырады да, әйелі келгесін оны көргісі, сөйлескісі келмей, дәлізге шығып, шеттеу барып тұрады. Мұндай жағдайларда ерлі-зайыпты адамдардың арасында ешқандай сезімнің, сыйластықтың, қимастықтың қалмағанын көресің. Оларға әлде де ақыл таразысына салып ойлануға, райынан қайтуға кеңес бергенімізбен, оның мағынасыз екенін түсінеміз. Интернеттің бір жақсысы, ажырасудан басқа ешқандай жол қалмаған, бір-біріне мүлде жат боп кеткен адамдар үшін тиімді, — дейді М.Ихсанова.

Деректерге қарағанда, Ақтөбеде тіркелетін әрбір үшінші неке қайтадан бұзылады екен. Былтыр тіркелген 4669 некенің он пайызға жуығы бұзылып үлгерген. Биыл жыл басынан бергі некесін қиған 1642 жұптың 576-сы ажырасып тыныпты. Бұлардың көпшілігі, тіпті 98-99 пайызы, өздерінің өтініштерінде көрсететіндей, «мінезі келіспегендіктен» ажырасады екен. Арасында бірен-сараны ғана «балалары болмағандықтан», «қайын енесі, қайын сіңлісі күн бермегендіктен», «күйеуі арақ ішетіндіктен», «күйеуі көзіне шөп салғандықтан» ажырасқысы келетіндіктерін өтініштерінде жазған.

Кейбір жұптардың ажырасуында материалдық мүдде болуы мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Оларға некені бұзу «толық емес отбасы» статусын алу үшін, яғни, әлеуметтік қорғауға жататын отбасы ретінде мемлекеттің кейбір жәрдемақыларына қол жеткізу үшін қажет секілді.

Ажырасушылар арасында жастары 18-20-ның айналасындағы жастар да, төрінен көрі жақын қарттар да бар.

— Жақында  жасы жастары 74 және 72-дегі ата мен әже келді. 49 жыл бойы отасқан шаңырақтарын бұзу үшін… Екеуінің 14 баласы бар екен. Әже кезінде шалына атастыру арқылы қосылғанын айтады, ал шалы: «Сенен құтылдым ба, жоқ па», — деп кәдімгідей ұрысып жүр.

Кей жұптар бір сәттік ашумен келетін сияқты. Себебі некені бұзуға өтініштерін береді де, он минуттан кейін татуласқандарын айтып, арыздарын қайтадан алып кетіп жатады. Тіпті, арызын жазып алып, дәлізде құшақтасып, сүйісіп тұратындары да болады, — дейді жетекші маман.

Ажырасып кетіп, кейін қайтадан қосылатын жұптар да бар екен. Олардың дені қағаз жүзінде бөлек кеткенімен, уақыт өте қайтадан бастарын қосатын, осылайша азаматтық некеде тұра беретіндер. Тіпті «әйелі бір шапалаққа шыдай алмай, ажырасып», он жылдан кейін қайтадан қосылатын ерлі-зайыптылар да бар деседі.

Көтерілген шаңырақтың бір аптаға толар-толмас уақытта ортасынан түсетін жағдайлар да кездеседі екен. Мысалы, жұмада қиылған некенің келесі сейсенбіде, сенбіде қиылған некенің келесі дүйсенбіде арада 2-3 күн өткеннен кейін қайтадан бұзылған деректер кездескен.

— Ажырасушылар саны көп. Себебі қазір бұрынғыға қарағанда неке қиюшылар саны да көп. Неке қиюшылар санының көбейгендігінің бір себебі — қазір адамдардың некесін тұрғылықты жері бойынша емес, қалаған жеріндегі АХАТ бөлімінде қия беретіндігі. Бұрын неке қияр кезде үй кітапшасы сұралатын, былтыр қабылданған «Неке және отбасы туралы» Кодекс талаптарына сай ендігі жерде ол сұралмайды, азаматтар тек өзінің жеке басын куәландыратын құжаттарын ғана алып келеді. Яғни, ауылдық жерде тұратындар некесін облыс орталығында, басқа ауданда, басқа облыста қидыра беруі мүмкін. Ақтөбе қалалық АХАТ бөлімінде некесін қидыру үшін облыс аудандарынан, ауылдардан келушілер баршылық, — дейді АХАТ бөлімінің бас маманы Шынар Айнабекова.

АХАТ мамандарының айтуынша, интернет арқылы некелерін бұзуға өтініш бергендер әзірге жоқ. Барлығы мұнда өз аяқтарымен келіп, арыз жазуды дұрыс көретін сияқты. Екінші жағынан, олардың барлығында бірдей электронды қолтаңба жоқ.

Ал интернет арқылы некесін қидырушылар саны өсіп келеді. Былтыр қараша, желтоқсан айларында үш жұп интернет арқылы некесін қидырған.

 

Деректер:

 

  • Биыл қаңтар айында ең жас қалыңдық — 17 жастағы бозбала 16 жастағы бойжеткен, ақпан айында ең жас күйеу жігіт — некесін қиған.
  • Қаңтар айында ең жасы үлкен қалыңдық — 58 жастағы азамат пен 72 жастағы әйел некесін қидырған. Қалыңдық күйеу жігіттен 14 жас үлкен.
  • Сәуір айында ең жасы үлкен күйеу жігіт — 68 жастағы жігіт пен 50 жастағы қыз некесін қидырған. Күйеу жігіт қалыңдығынан 18 жас үлкен.
  • Некелескен жұбайлар арасында жас айырмашылықтары едәуір алшақ жұптар да кездеседі, мысалы, жыл басынан бері 56 жастағы күйеу жігіт пен 24 жастағы қалыңдық (арасы 32 жас), 65 жастағы күйеу жігіт пен 43 жастағы қалыңдық (арасы 22 жас), 42 жастағы күйеу жігіт пен 25 жастағы қалыңдық (арасы 17 жас)  некесін қидырған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button