Жаңалықтар

Қажеттілік пен мүмкіндік

Ветеринария саласының еліміздегі ет өндірісінде, тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы саласында алатын ролі зор. «Ветеринарлық қызметті дұрыс жолға қоя алмасақ, ет экспорты туралы айтуға да болмайды. Мал шаруашылығымен айналысушылардың барлығы осыны есте сақтаулары керек», — деген болатын Елбасы Н.Назарбаев агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында. Осы форумда ветеринария саласының жоғы мен бары айтылып, мақсаттары мен міндеттері нақтыланған болатын.

Осы міндеттердің бір тармағы ретінде кеше Ақтөбе қаласында облыстың ветеринария саласының қызметкерлері семинарда бас қосты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған семинарға ветеринария ғылымдарының докторы, «ҚазАгромаркетинг» АҚ бас сарапшысы Бауыржан Құрманов қатысты.

Аталған салада жасалып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы Асанхан Жұмаш мал ауруы, малды бірдейлендіру мәселелерін тілге тиек етті.

— Биыл мүйізді ірі қара малының арасында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда сарып ауруы біршама азайды. Дегенмен, Ойыл, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында малдың сарып ауруы азаятын емес. Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би аудандарындағы күрделі эпизоотиялық ахуал өзгермей отыр. Ал қой-ешкі малының арасында сарып ауруы Ойыл ауданында көп. Ұсақ малдың сарып ауруы Қобда, Хромтау, Темір аудандарында азаймай отыр, — дейді А.Жұмаш.

Ветеринария ғылымдарының докторы Бауыржан Құрманов ветеринария қызметкерлеріне малға жасайтын вакцинациялар, кездесетін аурулар жөнінде мол мағлұмат берді.

— Шетелден әкелінетін мал арасында түрлі инфекциялық аурулар болуы мүмкін.  Мысалы, малдың трихофития инфекциясы Австралия, Латын Америкасы, АҚШ, Канадада жиі кездеседі. Малға ешқандай вакцинация жасамайтын елдер бар. Мысалы, Австралия. Себебі бұл елде ауа райының құбылмалылығына байланысты малдың кейбір инфекциялары вакцинациясыз-ақ кетеді. Дегенмен, шетелден әкелініп жатқан малдың бойында кейбір басқа, біздің елде бұрын-соңды тіркелмеген инфекциялар болуы мүмкін. Соны дер кезінде білу маңызды, — дейді ол.

Басқосу барысында ветеринария саласындағы күрмеуі көп мәселелер де айтылды. А.Жұмаштың айтуынша, қазір кей аудандарда ветеринарлық мамандар жоқ, кей бөлімшелер арнайы автокөліктерге қол жеткізе алмай отыр, елді мекендерді мал өлекселерін көметін орындармен қамтамасыз ету жұмысы да көңіл көншітпейді. — Тағы бір мәселе — бұл салада кәсіпкерлік қызметпен айналысатын мамандардың жасы негізінен 40-50-ден асқандар. Сол себепті Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжінде даярланатын орта буынды ветеринария мамандарының сапалы білім алуына және олардың ауылдық жерде жұмысқа орналасуына жағдай жасауымыз керек. Аталған саладағы барлық мәселенің оң шешімін тапқан жағдайда ғана  өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақтандырып, тұрғындардың мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, оның экспорттық әлеуетін арттыра аламыз, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы А.Жұмаш.

 М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button