Жаңалықтар

Тұрмыс

Таза үй көңіл көтереді

Сенбілік жасап, үй тазалағанда есіңізде болуы тиіс қағидалар бар. Солардың бірсыпырасына тоқталайық:

  • Шаң-тозаң мен ескі заттар көңіл күйдің көтеріңкі болуына кері әсерін тигізеді. Қажеті жоқ артық заттарды аямай қоқысқа тастап үйреніңіз. Ескі заттардың өзі жағымсыз энергия беретінін біреу білсе, біреу білмейді. Ескі заттарды лақтырып жатқанда, «Мен оның орнына міндетті түрде су жаңасын аламын!» деп ойлаңыз.
  • Еденді теңіз тұзы қосылған сумен жууды әдетке айналдырыңыз. Тұз бүкіл негативті жұтып алатын қасиетке ие, әрі еденді тап-таза қылады. Тұзды еден мен кілемге шашып тастап, 20 минуттан соң шаңсорғышпен сорып алыңыз. Одан кейін еденіңізді мұқият сулы шүберекпен сүртіп шығыңыз. Үйіңізді селсоқ жүріп жинамаңыз, үй жинауға көңілімді көтеретін ермегім деп қараңыз. Үй жинап жүріп, тек қана жақсы нәрселер ойлаңыз. Басыңызда «Мына жерге сәті түскенде әдемі жиһаз сатып аламын», «Мына жерге сүйіктім отырып теледидар қарайтын болады» деген сияқты сізді еріксіз жымитатын жақсы ойлар ғана болсын. 
  • Пердеден бастап, үйдегі әрбір жиһаздың қандай материалдан жасалғанын біліп алу маңызды! Материалын біліп алған соң, оны қалай күту керектігін білу оңайға соғады.
  • Жарты жыл бойы пайдаланылмаған әрбір зат жағымсыз энергия шығарады. Жарты жылдай кимеген киіміңіз жағымды энергия шығару қасиетінен айрылады. Үйде тек қана пайдаға асатын заттарыңыз тұруы керек. 
  • Үй жинап болғаннан кейін, ойша әрбір заттың «тазаланғанға дейінгі» және «тазаланғаннан кейінгі» кейпін елестетіңіз. Нәтиже бар ма? Әлбетте! 
  • Үйіңізді 15 минуттан кем жинамаңыз. Үйге жанды нәрсе ретінде қараңыз. Ол да өзін күтіп-баптағанды жақсы көреді. Қолыңыз қалт еткенде, үйіңізді сәндеңіз, жиһаздардың орын ауыстырыңыз, шаң-тозаңды қағып-сілкіп, өз көңіліңізді өзіңіз көтеріңіз!

Үй жинап жүргенде мына кеңестерді де ескеріңіз:

  • Егер серванттың немесе шкафтың жылжымалы әйнегі тұтылып қалса, төменгі қырына вазелин жағыңыз.
  • Егер үстелдің тартпасын суыру қиындаса, оған сулы сабын жағыңыз.
  • Егер ұн тұрған шкафта ылғал барын байқасаңыз, бірнеше құрғақ лавр жапырағын салыңыз. Олар ылғалды жақсы сорып алады.
  • Әйнек көп буланбасын десеңіз, оны глицерин (1 бөлік) мен спирттің (20 бөлік) қоспасымен ысқылаңыз.
  • Әйнекке тиген майлы дақты мүсәтір спирті қосылған сумен жуып тазартады.
  • Тоңазытқыштың мұзын ерітіп, суын төккеннен кейін жылы суға ас содасын қосып жуып, іші әбден құрғағанша бір-екі сағат ашып қойған жөн. Сонда оған қойған тағамдар иістенбейді.
  • Қауырсын және мамық жастықтарды көлеңкеде желдеткен жөн, тік түсетін күннің көзінен қауырсын сынғыш болады.
  • Ваннаны көпке дейін бастапқы қалпында сақтау үшін таза ұстаумен қатар, бірден аса ыстық не өте салқын су ағызбай, жылы ғана суды пайдаланыңыз. Әйтпесе, ваннада сызат пайда болып, оған кір, дақ жиналып, сарғайып кетеді.
  • Ашып-жапқанда шиқылдайтын есіктің топсасына вазелин не сұйық май жағып қойыңыз.
  • Қабырғаға жапсырылған тұсқағаз оңайлықпен алынбайды. Оны жеңілдету үшін, үтіктің ыстық буын басып жүргізсе, тез алынады.

 

Ас үйде жүргенде…

  • Ыдыстың түбінде пайда болатын шай мен кофе дақтары сірке суы қосылған сода ерітіндісімен суланған шүберекпен оңай тазартылады. Ыдыс айнадай жарқырап шыға келеді.
  • Шай демдейтін құманға қайнаған су құймай тұрып, бір шақпақ қант салсаңыз, шайыңыз хош иісті әрі қою болады.
  • Фарфор ыдысты тұзды суда жуған жақсы (1 литрге 3 ас қасық).
  • Ұзақ уақыт пайдаланылған пышақтар, қасықтар мен шанышқылар қарайып кетсе, оларды картоп пісірілген суға салып, бірнеше минутқа қалдырыңыз. Сүрткеннен кейін, бұрынғысындай жалтырап шыға келеді.
  • Пышақтарды жарты сағат тұз ерітіндісінде ұстасаңыз (1 стақан суға 1 қасық тұз), олар әлдеқайда жақсы қайралады.

 

Гүлдерді шаң баспасын!..

 Бөлме өсімдіктері де тазалықты жақсы көреді. Таза болған сайын құлпыра түсіп, айналасына жұпар исін шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Оларды күтіп-баптауға қатысты мынадай ақыл-кеңестерді де ескергеніңіз артықтық етпесі анық.

  • Үйдің ішін жинастырғанда, бөлме өсімдіктерінің тазалығын да міндетті түрде ойластыру қажет. Ыдысқа жылы су құйып, сабын, губка немесе жұмсақ шүберек, жұмсақ щетка (тіс тазалайтын щетка да болады) дайындаңыз. Қабықты, әсіресе, қатпарлы жапырақты өсімдіктерден  алдымен шаңды құрғақ щеткамен тазартыңыз (кактусты щеткамен тазарту керек). Құмыраны легенге қойып, жылы сумен өсімдікті жуыңыз. Содан соң таза суық сумен шайыңыз. Сабынды көбіктің топыраққа түсуіне жол бермеңіз, өсімдіктердің тамыры сабынды көтере алмайды.
  • Ет жуған су үйде өсетін гүлдерге жақсы тыңайтқыш болады.
  • Гүлдерді таңертең ерте немесе қараңғы кеште қиып алады.
  • Егер керамикалық вазадан су аға бастаса, оның түбіне кез келген лакты аздап құйыңыз да, қылқаламмен қабырғаларына жағыңыз. Су өтпейтін тығыз қабыршақ пайда болады.

 

Барды жарату — үлкен өнер

 Әр үйде табылатын, бірақ көбіне аса мән беріле бермейтін нәрселерді күнделікті тұрмысқа жарата білу — нағыз өнер. Қажетіңізге жаратады деген сеніммен мынадай кеңестер ұсынамыз…

Астың дәмін келтіріп, татымды ететін тұзды тағы да не үшін пайдалануға болады?

  • Жаңа сатып алынған джинсы шалбары тым қатты болса, кір жуатын ұнтаққа 1/3 бөлік тұз салып жуыңыз, шалбарыңыз жұмсарады.
  • Адам терлеген кезде ашық түсті киімнің қолтығында сарғыш дақтар қалып қояды. Осындай киімдерді жумас бұрын, тұз ерітіндісіне салса, дақтар тез кетеді.

Ал ас содасы ыдыс-аяқты жақсы тазартады.

  • Шыны, фарфор, күміс ыдыстарындағы май мен дақтарды ерекше жақсы кетіреді. Ыдыстағы жағымсыз иістерді де жояды.
  • Күмістен жасалған қасықтардың жылтырын қайтарады. Ол үшін кастрөлге ыстық су құйып, жарты стақан ас содасын қосыңыз. Осы суда қасықтарды шайыңыз.
  • Ескі жиһаздағы жағымсыз иісті кетіру үшін оның ішіне құрғақ ас содасын сеуіп қойыңыз. 1-2 сағаттан соң, шаңсорғышпен жинап алыңыз.

Лимон шырыны майлы кірді жақсы тазартады.

  • Жаңадан сығылған лимон шырынын майлы даққа жағып, жарты сағатқа қоя тұрыңыз. Үстінен ас содасын сеуіп сүртсеңіз, майлы кір бірден кетеді.
  • Ағаштан жасалған жиһазды жылтырату үшін зәйтүн майы мен лимон шырынының 2:1 есебіндегі қосындысын қолданыңыз.
  • Сарғайып кеткен ақ киімдерді жаңарту үшін оны лимон тілімдері қосылған ыстық суға салыңыз.
  • Темірдің таттанып кеткен жерлерін тұз бен лимон шырыны қосылған ерітіндісімен сүртсеңіз болады.

Сия дағын кетірудің мынадай бірнеше жолдары бар:

  • Жаңа тиген сия дақтарын кетіру үшін ерітілген мүсәтір спирті мен ас содасын (бір стақан суға 1-2 шай қасық) қолданады.
  • Сүтке батырылған шүберекпен жаңа тиген сия дақтарын кетіруге, айнаны, сурет рамасын, музыка аспаптарының пернелерін тазартуға болады.
  •  Ашыған сүтті де қолдансаңыз болады. Дақ түскен киімді сүтке бірнеше сағатқа малып, кейін киімді мүсәтір спирті ерітіндісімен жуыңыз. Дақтың айналасында шеңберлер пайда болмасын десеңіз, матаның дақ түскен жерін жумас бұрын жіппен түйіп қойыңыз.
  • Сия дақтарын 1:2 қатынасындағы сірке суының ерітіндісімен кетіруге болады (жібектен басқа). Ерітіндімен дақ түскен жерді дымқылдатып, саусақпен сығымдайды. Қажет болса, қайталап, сумен шайыңыз.
  • Сіз бір құты зеленканы немесе сияны жылтыратылған ақшыл үстелге аударып алдыңыз делік. Оны дереу сорғызып алыңыз да, қалып қойған дақты қарындаш өшіретін кәдімгі өшіргішпен өшіріңіз, ол үстелдің жылтырын бүлдірмейді. Сия өшіретін өшіргіш бұған жарамайды, оны тек эмальданған заттардан кетіру үшін қолдануға болады.

Айтпақшы, үй жөндеу кезінде бетіңіз бен қолыңызға тиген бояуды жуудан бұрын, теріңізге қандай да болсын бір май жағып, біраздан соң ыстық сумен сабындап жууға болады.

 massaget.kz материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button