Жаңалықтар

Тіл болашағы — балабақшада

Ақтөбе қаласындағы №7 «Арман» мектепке дейінгі мекемесінде «Тіл болашағы — балабақшада» атты облыстық байқау өтті. Шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Байқауға қала мен аудандардағы балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан  өзге ұлт өкілдерінің балалары қатысты. Яғни барлығы сегіз топ бақ сынасты.

Жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүлайым Төлебаева жиналғандарды құттықтап, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.  Бұдан соң әр топ байқаудың шарты бойынша мемлекеттік тілде өздерін таныстырып, ертегілердің желісі бойынша көрініс қойды. Әр бала өз өнерін ортаға салды. Мәселен, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы «Қарлығаш» мектепке дейінгі ұйымының тәрбиеленушісі Анжела есімді бүлдіршіннің «Торғай» туралы тақпағына жұртшылық дән риза болды. Аталған балабақшаның әдіскері Гүлмира Қарамурзина байқауға өзге ұлт өкілінің бес баласы қатысып отырғанын айтты.

— Балабақшадағы өзге ұлт өкілдері балаларының көпшілігі мемлекеттік тілде тәрбие алады. Сондықтан олар қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Оның ішінде орыс, молдаван, украин балалары бар. Ал бүгінгідей байқау олардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыра түсері анық, — деді әдіскер.

Мәртөк, Хромтау, Қобда, Алға, Қарғалы аудандарынан келген бүлдіршіндердің өнерлерін көпшілік қызыға тамашалады. Байқау соңында қазылар алқасының шешімімен қаладағы «Нұрсәт» балабақшасының «Нұрсәт» тобы бірінші орын алса, екінші орынға Қарғалы ауданының «Айгөлек» балабақшасының «Айгөлек» тобы ие болды. Ал үшінші орынға Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы «Қарлығаш» мектепке дейінгі мекемесінің «Қарлығаш» тобы қол жеткізді.

Жалпы елімізде қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінгі балалар мекемесінің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, біздің өңірдегі балабақшаның 71 пайызы қазақ тілінде тәрбие береді. Қазіргі таңда балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндердің 21 мыңы қазақ тілінде, 4 мыңы орыс тілінде тәлім алуда. Ал өзге ұлт өкілінің 996 баласы мемлекеттік тілде тәрбиеленіп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button