Елге сәлем…
Ақтөбеде облыс әкімі А.Мұхамбетовтің бастамасымен «Көркейе бер, туған жер!» акциясы өткізіліп келеді. Акция аясында қолында мүмкіндігі бар азаматтар туған жеріне пайдасы тиетін игі істер жасап, соның нәтижесінде жер-жерде жаңа әлеуметтік нысандар салынып, ескілері жаңартылмақ.
Туған жердің тірлігіне қан жүгірткен акцияға Ақтөбеде туған, бірақ қазір еліміздің басқа өңірлерінде тұрып жатқан жерлестеріміз — әншілер, сазгерлер, домбырашылар, бишілер, күйшілер де үлесін қоспақшы.
— Акция аясында 18 мамыр күні облыс әкімінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы елімізге белгілі өнер майталмандарының қатысуымен «Елге сәлем» атты концерт ұйымдастырмақ. Оған жерлестеріміз — белгілі сазгер Бейбіт Оралұлы, күйші Мақсат Тілепберген, әншілер Аллаберген Жақсыбаев, Есет Сәдуақасов, биші Асылым Көлеңкеева, «Жібек жолы» тобы қатысады. Жергілікті өнер иелері де акцияға ат салыспақ. Сонымен қатар «Елге сәлем» концертіне ат арытып келетін өнер иелері өздерінің туған жерлеріне барып, ауылдастарына да әдемі кеш сыйламақ. Мысалы, Мақсат Тілепберген — Ойыл ауданына, Бейбіт Оралұлы — Мұғалжар, Аллаберген Жақсыбаев Ырғыз аудандарына барып, концерт қоймақ. Бұл концерттерден түскен қаржыға 12 ауданға шағын музыкалық аппаратура сатып алып беру жоспарланып отыр, — дейді облыстық мәдениет басқармасы өнер бөлімінің бастығы Қыдырғали Ермұқан.
Бейбіт ОРАЛҰЛЫ,
сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, халықаралық конкурстардың лауреаты:
— Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №456 жалғыз қазақ орта мектебін бітіріп, Алматыға кеттім. Оқыдым, отбасын құрып, Алматыда қалып қойдым. Жылдар өтті, жас ұлғайды…
Мұғалжар ауданындағы кішкентай ғана Құмжарған ауылы әлі есімнен кетпейді. Туған жерге, Ақтөбеге жиі-жиі келіп тұрамын. Алматыда жүрген Ақтөбенің өнер иелері үнемі елге қарап елеңдеп жүреміз, жақсысына қуанып, жаманына күйінеміз. Ақтөбеде қандай да бір жақсы шаралар ұйымдастырылса, қолымыздан келгенше жүкті жұмыла көтерісуге тырысамыз. «Көркейе бер, туған жер!» акциясы елді ұмытпауға, ауылды ұмытпауға насихаттайтын жақсы бастама екен.
Туған жер әркімнің жүрегіндегі тұмары ғой. Менің репертуарымда туған жерге қатысты әндер баршылық. Сонау жетпісінші жылдары шыққан «Құмжарғанды, асау Жемді еске аламын, толқынымен талай тербеген…» деп басталатын «Ауылым» әнін аға буын Бақтияр Тайлақбаевтың орындауында жақсы біледі. «Жем бойы», «Ақтөбе», «Сағындым Құмжарғанды», «Ауылыма» секілді әндерім де тыңдармандарымның жүрегіне жетті деп ойлаймын…
Мақсат ТІЛЕПБЕРГЕН,
Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашысы, ҚР мәдениет қайраткері:
— 1983 жылдан бері Алматы шаһарында тұрып жатырмын. Бірақ елге жиі барып тұрамын. Былтыр өзімнің 50 жылдық тойыма орай Ақтөбе қаласында, туған жерім Ойыл ауданында жеке концерттерім өткізілді. Жерлестеріме дән ризамын. Қазір Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде қызмет етіп жатырмын. Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлері хабарласып, «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында концерт өткізіледі дегенде барлық шаруамды ысырып қойып, осы акцияға қатысуға бірден келісімімді бердім.
Аллаберген ЖАҚСЫБАЕВ,
әнші, «Азия дауысы» халықаралық конкурсының лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері:
— Жас кезде мектеп бітіріп, оқуға түсіп, қолыңа дипломыңды алып, үйге келуді армандайсың ғой. Сол кездегі ата-анаңның қуанғанының өзі бір бақыт… Сол секілді мен ауылдан кеткеннен кейін туған жеріме 13 жылдай ат ізін салғаным жоқ, елге жеңіспен, жеміспен келгім келді. Ырғыз ауданының Тәуіп ауылының арғы жағындағы Жайсаңбай деген жерде тудым. 1989 жылы арман қуып, Алматыға кеттік. Содан 13 жылдан кейін, біраз байқауларға қатысып, жүлделерімді алып, ауылға келдім. Бұрын ауылдың қарасирақ Аллаберген баласы едім, енді ауылдастарым маған «Азия дауысы» секілді бірнеше байқаулардың лауреаты әнші Аллаберген Жақсыбаев деп қарайтын болды. Сол жылдары Ырғыз ауданында сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен «Аллаберген апталығы» өткізілді. Жастардың арасындағы өнерге жақындары менің репертуарымдағы әндерді айтып, ауылдағы қарындастарым маған арнап өлеңдер оқып, мәре-сәре болдық. Бірақ әлі күнге дейін ауылға барсам, «балам» деп еміреніп тұратын қариялардың алдында баяғы қарасирақ Аллаберген болып шыға келемін. Еркелегім келеді. Қай ақынның өлеңі екені есімде жоқ: «Елге келсең, еркелеп кел, әйтпесе, Елемейді, ескермейді сені ел…» деп келетін жолдар бар ғой. Сол секілді мен елге керекпін деп емес, маған ел керек деп келу керек.
Өнер адамдарының ел игілігі үшін қолынан келетіні — өнерімен сусындату. Мүмкіндігімше Ақтөбе облысына келіп, концерттер өткізіп, ұйымдастырылып жатқан шараларға қатысып тұруға тырысамын. Бұл жолғы концерттің жөні де, жолы да бөлек…
М.САТАЕВА.



