Пікір

Ел дамуының жаңа бетбұрысы

Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ,
Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Ұлттық құрылтай ел дамуының басты басымдықтары айқындалған маңызды жиын болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, аз ғана уақыт ішінде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанның берік негізі қаланды. Құрылтай барысында көтерілген бастамалар елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани даму бағытын айқындап берді.
Президент өз сөзінде еңбек адамының мәртебесін арттыруға, қоғамдағы жауапкершілікті күшейтуге және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге ерекше мән берді. Бұл — кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыттарымен толық үндес. Өйткені еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы, әлеуметтік кепілдік пен адал еңбек қатынастары — тұрақты қоғам құрудың басты тірегі.
Ұлттық құрылтайда айтылған «реформалар нақты нәтижеге бағытталуға тиіс» деген ұстаным біз үшін де маңызды бағдар. Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік аясында еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтауға, еңбек дауларының алдын алуға және жұмысшылардың заңды құқығын қорғауға басымдық береді. Құрылтайда қабылданған шешімдер кәсіподақтардың осы бағыттағы жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы: «ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды», — деп атап өтті. Бұл — әр салаға, соның ішінде еңбек қатынастары жүйесіне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы сенімге негізделген ашық диалогты дамыту арқылы қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қоса береміз.
Кәсіподақтар алдағы уақытта да еңбек адамдарының мүддесін қорғау, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және ел дамуына өз үлесін қосу жолында белсенді жұмыс істей береді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button