Экономика

Экономикалық өсім — 106%

Жиын

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде 2025 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, шешімді қажет ететін проблемалық мәселелер талқыланды.

Жиынға қала және аудан әкімдері, барлық салалық басқарма басшылары қатысты.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, өңірде тұрақты макроэкономикалық ахуал сақталған: экономикалық өсім 106 пайызды құрап, барлық негізгі көрсеткіштер 100 пайыздан асты. Атап айтқанда, өнеркәсіптегі өсім — 103,7%, ауыл шаруашылығында — 102,5%, құрылыста — 117,5%, көлік саласында— 110%, сауда саласында 107,9% деңгейінде тіркелді.

Пайдалануға 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй берілді, құрылыс жұмыстарының көлемі 469 млрд теңгеге жетті, ал өңірге тартылған инвестициялар 132,4 пайыз өсіп, 1,2 трлн теңгеден асты.

Талдау нәтижесінде инвестициялар тарту бойынша Мұғалжар ауданында, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі негізінде Ырғыз, Қобда, Алға және Хромтау аудандарында төмен екені анықталды. Жекелеген салалардағы төмен көрсеткіш бірқатар кәсіпорынның уақытша тоқтауына, ірі жобалардың аяқталуына және сыртқы экономикалық факторларға байланысты. Құрылыста да жаңа инвестициялық жобалардың болмауына байланысты жұмыс көлемінің азаюы байқалады, — деді басқарма басшысы.

Кеңесте «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыруға баса назар аударылды. 2025 жылы 33 ауылдық елді мекенде жалпы сомасы 11,3 млрд теңгені құрайтын 53 жоба қолдау тапқанымен, олардың 44-і ғана пайдалануға берілген. Оның ішінде 15 әлеуметтік нысан, 61 шақырым жол және 10 шақырым инженерлік желі бар.

Облыс әкімі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатты уақтылы игеруі мен жобалардың орындалуын бақылау бойынша жеке жауапкершілігін атап өтті.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиевтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында облыстық бюджеттің меншікті кірістері 311,3 млрд теңгені құрап, 296,8 млрд теңге көлеміндегі жоспардан 104,9 пайызға асып түскен және былтырғымен салыстырғанда 8,3 пайыз артқан. Артық орындалу корпоративтік табыс, жеке табыс салығы, әлеуметтік салықтар, акциздер, қоршаған ортаға теріс әсер үшін төлемдер және жер учаскелерін сатудан түскен кірістер есебінен қамтамасыз етілді.

Аймақ басшысы Асхат Шахаров 2026-2030 жылдарға арналған облыс пен аудандардың даму жоспары бюджетке және өңірдің рейтингіне тікелей әсер ететінін алға тартты. Оның сөзіне сүйенсек, бұл жоспарлардың сапалы іске асуы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне, инвестицияға және халықтың өмір сапасына ықпал етеді.

Облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларға стратегиялық құжаттардың орындалуын жеке бақылауда ұстап, тұрақты мониторинг жүргізуді және жобалардың кешігуіне жол бермеуді тапсырды.

Әрбір басшы өз жұмысының нәтижесіне жеке жауап береді, кез келген сылтау қабылданбайды. Экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындары мен инвестиция тарту — халық әр аудан мен қалада көруге тиіс нақты нәтиже. Біз қағаздағы көрсеткіштерді емес, әлеуметтіктұрақтылықты, табыстың өсуін және кәсіпкерлікті қолдауды ойлауымыз керек. Су, жол, тұрғын үй, инфрақұрылым — адамдардың күнделікті қажеттілігі, сондықтан барлық жобалар сапалы әрі уақытында орындалуға тиіс. Ал 2026 жылы басқарудың тиімділігін арттырып, тұрғындар үшін нақты әрі сезілетін нәтижеге қол жеткізу мақсатында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні міндетті түрде қолдануымыз қажет, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол аудан, қала және салалық басқарма басшыларына бюджеттік және стратегиялық бағдарламалардың орындалуын қатаң бақылауды, қаражатты уақтылы әрі мақсатты игеруді, жобаларды іске асыру кестесінен ауытқуларды жоюды тапсырды.

Шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдауға, салық базасын кеңейтуге, жеке және шетелдік инвестицияларды тартуға ерекше көңіл бөлу қажет. Басшылар атқарылып жатқан жұмысты тұрақты бақылап, проблемаларды жедел шешіп, нақты нәтиже туралы ақпарат беріп отыруға тиіс. Тапсырмаларды орындамағаны, жұмыстың сапасыздығы немесе жобалардың кешігуі үшін қатаң тәртіптік шара қолданылады.

 

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button