Жаңалықтар

Қазақстан бастамасы: Жаһандық еріктілер жылы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа басталған жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің жаһандық деңгейдегі гуманитарлық бағыттағы кезекті тарихи жетістігі.

Президент әлемдік ынтымақ­тастықты нығайтуға септесе­тін ұсынысты осыдан 6 жыл бұрын БҰҰ-ның 75-сессиясында жалпы саяси пікірталас барысында көтерді. Адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін құжаттың тең авторлығына бас-аяғы 54 мемлекет те қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды тірегі деп санайды. Мемлекет басшысы «Еріктілер – адамгершілік құндылықтарды ту еткен, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді серіктестікті нығай­та­тын шынайы патриоттар. Жанқиярлық пен мейірімділік – қазақ халқына тән қасиет, осы құндылықтарды жас ұрпақтың бо­йына сіңіру маңызды», деп үнемі айтып келеді.

Халықаралық жыл аясында былтыр елімізде алғашқы жартыжылдықта волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. «Игі істер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Отандастарымыз әлеуметтік, экологиялық және мәдени бағыттарды қамтыған 9 мыңнан аса игі іс атқарып, жобаға 40 мың азамат қатысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша жыл сайынғы Достастық елдері волонтерлерінің форумы ұйымдастырылатын болды. Оған сай ереже әзірленіп, оның негізінде жыл сайынғы Волонтерлер форумы құрылды. Алғашқы форум биыл Астана қаласында өтеді.

Бұған қоса республиканың түрлі аймақтарында 10 мақсатты топтың кездесуі өтті. Толық қаржыландыру бағдарламасы аясында 2025 жылы Кения, Түркия және Таиланд елдеріне 7 қазақстандық волонтер барып, күні бүгінде өз жұмысын абыроймен атқарып жатыр.

Волонтерлер қарттар және балалар үйлерінде көмек көрсетіп, құтқару жұмыстары­нан бастап оқыту жобаларына дейін түрлі салада белсенділік танытып жүр. Есесіне 2025 жылы елдегі волонтерлер саны 300 мың­ға жуықтады. Олардың қата­рында 6 мың «күміс» волонтер және 810-нан аса волон­тер­­­­лік ұйым бар.

Жалпы, ел аумағында волон­терлік бастамалар қатары көбейді. Жақсылық жасауға ұмтылған, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен белсенді азаматтар да жыл санап артып келеді. Ел көлемінде Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді, бірыңғай Call-орталық қызмет көрсетеді және Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында былтыр 56 волонтерлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді. Осы жылы да Қазақстан волонтерлік қозғалыстың негізін нығайтуды жалғастыра береді.

EGEMEN.KZ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button