Цифрландырудағы тың бастамалар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жасанды интеллект саласына ерекше мән берді. 2025 жылы қыркүйек айындағы Жолдауында нақты тапсырмалар беріп, ЖИ-дің маңызын атап өтті.
«Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», деген еді Президент. Бұл саладағы өткен жылы атқарылған істерді газеттің алдыңғы санында жазған болатынбыз. Биыл да жасанды интеллект және цифрландыру саласы қарқынды дамуын тоқтатпақ емес. 3 жылдың ішінде толық цифрлы мемлекетке айналу үшін алда IT экспортын арттыру, ЖИ-ді барлық салаға енгізу, баршаға қолжетімді экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Сондай-ақ ЖИ-дің игілігін көрсететін ауқымды жобалар нарыққа шығарылмақ.
Жүргізушісіз такси
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі биылдан бастап елімізде жүргізушісіз такси жобасын кезең-кезеңімен іске асыруды жоспарлап отыр. Алдымен нормативтік және технологиялық пысықтау жүргізіліп, одан кейін қанатқақты режімде іске қосу көзделген. Жүргізушісіз такси қалалық мобильділікті ұзақмерзімді дамыту стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, автономды көлік технологиялары адам факторын азайту арқылы жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге, көлік қозғалысын тиімді басқаруға және халықтың түрлі топтары үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге мұндай шешімдер ірі қалаларда орнықты көлік жүйесін қалыптастырудың маңызды элементіне айналмақ. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, бұл бағытта ең алдымен қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелері назарда болады.
«Біз үшін адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуін алдын ала пысықтау, сондай-ақ автономды көліктің заңды әрі ашық дамуына мүмкіндік беретін нормативтік базаны дайындау маңызды. Автономды такси – технологиялар адам игілігіне қызмет ететін «ақылды қала» экожүйесінің бір бөлігі», деді ол.
Ал «Yandex Qazaqstan» автономды көлік жобасын алдымен қанатқақты режімде іске қоспақ. Компания басшысы Тимур Шәлекеновтің сөзінше, Қанатқақты кезеңде тәулік бойы диспетчерлік байланыс, сапарларды сақтандыру және жол жағдайын үздіксіз бақылайтын жасанды интеллектіге негізделген басқару жүйесі қарастырылған. Тәжірибе жинақталып, жүйенің тұрақтылығы дәлелденген сайын қызмет ауқымы біртіндеп кеңейтіледі.
Басым бағыттар
Ал елдегі ірі IT орталық «Astana hub» биыл киберқауіпсіздік, индустриялық және өндірістік инновациялар, денсаулық сақтау салаларына бағытталған стартап жобаларға басымдық бермек. Орталық басшысы Мағжан Мәдиевтің айтуынша, ЖИ күнделікті қолданатын құралға айналуға тиіс.
«Біз резиденттеріміздің табысы алдағы уақытта да өседі деп күтеміз, соның ішінде экспорт түсімі артады деген үлкен үмітіміз бар. Сонымен қатар әлемдік нарыққа бағытталған, жасанды интеллектіге негізделген стартаптар саны көбейеді деген сенім бар. Қазіргі таңда біз үшін ең маңызды бағыттар – киберқауіпсіздік, индустриялық және өндірістік инновациялар, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні кеңінен енгізу. ЖИ бұл салада тек қанатқақты жоба ретінде емес, күнделікті тәжірибеде қолданылатын құралға айналуға тиіс. Осы бағыттарда отандық фаундерлердің нәтижеге қол жеткізгенін қалаймыз. Болашағы бар жобалар ретінде «ZYPL AI», «Grand Mobile», «Alma» стартаптарын атап өтуге болады. Бұлар – даму әлеуеті жоғары, нарықта өз орнын таба бастаған жобалар. Дегенмен, алдағы уақытта жаңа командалар қарқынды өсіп, жақсы нәтижеге жетуі әбден мүмкін. Мұндай жобалардың пайда болуы экожүйенің дамып келе жатқанын көрсетеді. Бағыт айқын, мүмкіндік бар. Енді бастысы – идеяны жүйелі іске асырып, нарық талабына сай өсу», дейді ол.
Қазақ тілі – ЖИ тілі
Биыл Ғылым және жоғары білім саласында да цифрландыру жұмысы жетілдірілмек. Вице-министр Динара Ринатқызының сөзінше, профессор-оқытушылар құрамының жасанды интеллект құралдарын меңгеруі міндетті нормаға айналып, сертификаттау рәсімі жаппай енгізіледі. Университеттердегі әкімшілік, оқу және академиялық үдерістердің басым бөлігі цифрлық форматта жүзеге асып, шешім қабылдау деректерге негізделген аналитика арқылы жүргізіледі.
«Ғылым саласында 2026 жыл цифрлық ғылыми порталдың толыққанды іске қосылуымен ерекшеленбек. Ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар мен жобалар туралы барлық дерек бір жүйеге жинақталып, ғылыми қызметке қатысты мемлекеттік қызмет толықтай электронды форматта көрсетіледі. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жоспарлау, конкурстық іріктеу, қаржыландыру, мониторинг пен есеп беру жұмыстары толығымен цифрлық форматқа көшіп, ашықтық пен тиімділік күшейтіледі. Бұл өзгерістер жас ғалымдардың ғылыми жобаларға қатысуын жеңілдетіп, ғылымға келуін ынталандыруға бағытталады», дейді вице-министр.
Сондай-ақ биыл қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры мен ұлттық корпусының мазмұны байытылып, бірыңғай мемлекеттік платформа ретінде жұмыс істей бастайды. Елдегі барлық сөздік, терминологиялық базалар мен мәтіндік корпус жүйеленіп, отандық әзірлеушілер үшін ашық дерек көзіне айналады. Бұл қазақ тіліндегі автоматты аударманы, мәтін өңдеу мен интеллектуалды агенттерді дамытуға серпін беріп, жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдану аясын кеңейтеді.
Есептеу инфрақұрылымы бағытында 2026 жылы суперкомпьютерлік кластерлерді білім мен ғылым саласында кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін арнайы тарифтер мен жеңілдетілген қолжетімділік тетіктері іске қосылып, күрделі есептеулер мен жасанды интеллект модельдерін ел ішінде дамытуға мүмкіндік беріледі. Осылайша, биыл цифрлық саясаттың сөзден іске өтетін, дерек, тіл, инфрақұрылым, кадр әлеуетін бір арнаға тоғыстыратын кезеңі болмақ.
EGEMEN.KZ



