Ақтөбе кәсіби білім жөніндегі халықаралық диалог алаңына айналды


«Білім. Дағды. Болашақ» форумы Мемлекетбасшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясындаұйымдастырылды. Ол техникалық және кәсіптікбілім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық тәжірибені зерделеуге және еңбек нарығыныңсұранысына сай бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды даярлаудың тиімді тетіктерінәзірлеуге арналған маңызды диалог алаңына айналды.
Күннің бірінші жартысында алқалы форум өтті. Оған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, сондай-ақ Қытай, Франция, Жапония, Германия, Беларусь және Өзбекстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Қатысушылар қатарында колледж өкілдері, қоғамдық ұйымдар және орта арнаулы оқу орындарының әлеуметтік серіктестері болды.
Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан форум қатысушыларына құттықтау сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланып, ел дамуындағы еңбек адамының айрықша орны мен маңызына ерекше мән берілді. Бұл – маңдай терімен ел экономикасын алға сүйреп келе жатқан жұмысшы қауымға көрсетілген жоғары құрмет, кәсіби білім мен біліктілікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадам.
Өңіріміздің – өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, тау-кен, металлургия, энергетика, агроөнеркәсіп, көлік-логистика салалары қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінгі таңда заманауи технологияларды меңгерген, еңбек нарығы талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау аса маңызды.
Облыста дуальді оқыту жүйесі енгізіліп, колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда, педагогтердің біліктілігі арттырылып жатыр. Шетелдік білім беру ұйымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып, халықаралық тәжірибе алмасу кеңеюде. Форум жұмысы нәтижелі өтіп, нақты ұсыныстар мен жаңа серіктестік жобаларға жол ашады деп сенемін», – деді Жолдас Батырхан.
Өз кезегінде Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова бұл жыл еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін маңызды кезең болғанын атап өтті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарды еңбекке тартуға, кәсіби бағдар беруге және техникалық білімге қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілген.
Мамандық мәртебесін мемлекеттік деңгейде арттыру мақсатында 2 қазан – Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күні болып белгіленді.
«Биыл кәсіби-техникалық білім беруді дамытуға бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылды. Колледждер шетелдік білім беру ұйымдары мен кәсіпорындармен 60-тан астам келісімге қол қойды. Қазіргі таңда дуальді оқыту жүйесіне 552 колледж қатысып, онда 132 мыңнан астам студент білім алуда.Кәсіпорындардың сұранысы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында оқитын студенттер саны 43 мыңға жетті, ал 1400 үздік түлек ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. 400-ден астам оқытушы мен 200 студент шетелде тағылымдамадан өтіп, озық халықаралық тәжірибелерді енгізді. Сонымен қатар, министрлік жоғары сынып түлектеріне жұмысшы біліктілігін беру бойынша пилоттықжобаны іске асырды: 905 түлек бір мезетте аттестат пен диплом алып, еңбек нарығына бірден шығу мүмкіндігіне ие болды», – деп мәлімдеді вице-министр.
Форум барысында Қытай, Франция, Жапония, Германия, Беларусь және Өзбекстаннан келген шетелдік сарапшылар кәсіби-техникалық білім беруде заманауи технологияларды енгізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру және студенттерді еңбек нарығына интеграциялау тәжірибелерімен бөлісті. Оқытуда жасанды интеллектті қолдану, колледждерді халықаралық аккредиттеу, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды дамыту және экономиканың қажеттіліктеріне сай кадр даярлау бағыттарына баса назар аударылды.
Пікірталастармен қатар, Ақтөбе қаласындағы колледждер базасында практикалық сабақтармен шеберлік сыныптары өткізілді. Онда шетелдік мамандар заманауи оқыту әдістемелері мен жаңа технологиялармен жұмыс істеуді көрсетті.
Өнер орталығының фойесінде өңір колледждерінің жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, білім беру ұйымдары жаңа жабдықтар мен заманауи оқу-өндірістік шеберханаларын таныстырды. Бұл қатысушыларға колледждердің материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттердің даярлық деңгейін бағалауға мүмкіндік берді.
Биыл өңірде жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс 7 407 орынға орналастырылды, бұл алдыңғы көрсеткіштен екі есе көп. Төрт орта арнаулы оқу орнында – Сервис, сондай-ақ, Жоғары ауылшаруашылық, Хромтау тау-кен техникалық және Жоғары политехникалық колледждерде «Флорист-гүлөсіруші», «Қонақ үй бизнесі», «Тамақтандыру саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру» және «Маркшейдерлік іс» сияқты жаңа мамандықтар ашылды.
Жоғары политехникалық колледж жанынан құны 1 млрд теңгені құрайтын IT-хаб салынып жатыр. Кәсіби бағдар беру жұмыстарымен 48 мыңнан астам оқушы қамтылып, 60 мектепте бейінді сыныптар ашылды. Бұл балалардың болашақ мамандығын ертерек таңдауына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, екі колледжде 500 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді. Ал Хромтау жоғары тау-кен техникалық, Жоғары политехникалық және Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледждері халықаралық аккредитациядан өтті. Өңірдің 28 колледжі ірі кәсіпорындардың қамқорлығына беріліп, білім мен өндіріс арасындағы байланыс нығайтылды.
Бұл нәтижелер өңірде кәсіби-техникалық білім берудің қарқынды дамуын, оның беделінің артуын және заманауи білім беру тәжірибелерінің тиімді енгізіліп жатқанын айқын көрсетеді.
Форумның қорытындысы ретінде өңір колледждері мен шетелдік білім беру ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Маңызды құжат тәжірибе алмасу, халықаралық стандарттарды енгізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз.
Осылайша, форум тәжірибе алмасу мен жаңа бастамаларды талқылау алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірдің кәсіби-техникалық білім беруді дамытудағы, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтудағы және білікті жұмысшы кадрларды даярлаудағы жетістіктерін айқын көрсетті.
Д.АЙДАР.













