Табиғат таңғажайыптары

Туризм
Біздің облысымыз табиғи ландшафттардың алуан түрлілігімен және туристік әлеуеті жоғары нысандарымен ерекшеленеді. Өңір аумағында орналасқан бірқатар табиғи және тарихи орындар экологиялық, танымдық және демалыс туризмін дамытуға қолайлы. Солардың қатарында Қарғалы ауданында орналасқан Қасқыр сарқырамасы, Мылқау ауыл археологиялық орны және Қарғалы су қоймасы бар.
Қасқыр сарқырамасы
Қасқыр сарқырамасы Ақтөбе қаласынан шамамен 120 шақырым қашықтықта, Қарғалы ауданының қақ ортасында, тау жартастары, жасыл белестер, орман-тоғайлар мен көлдер тоғысқан көркем шатқалда орналасқан. Табиғат пен адам еңбегінің үйлесімінен туған бұл орын бүгінде өңірдегі ең тартымды туристік бағыттардың қатарында.
Сарқырама өткен ғасырдың 70-жылдарында Эбита өзенінің шатқалында жасанды жолмен пайда болған. Сол кезеңде үлкен Ащылысай аумағынан еріген мұздық суды арнайы арна арқылы бұру жөнінде шешім қабылданған. Нәтижесінде тау қойнауында мөлдір су тасқыны жартастардан құлап, ерекше табиғи көрініс қалыптасты. Айта кету керек, Эбита өзені суы кейін Орал өзеніне құйылады.

Ел аузында тараған аңыздар нәтижесінде бұл сарқырама «Қасқыр» деген атауға ие болған. Аңыздардың бірінде өзеннің қатты ағысы күшіктерін шайып әкеткен қасқырдың әр түн шатқалға келіп, зарлы ұлығаны айтылады. Кейбір саяхатшылар түнгі тыныштықта алыстан аңның қайғылы үнін естігендей болатынын да жеткізеді. Осы тылсым оқиғалар сарқырамаға ерекше рухани әсер мен жұмбақ сипат береді.
Сарқыраманың екінші атауы — Ащылысай. Ол жақын маңдағы Ащылысай (бұрынғы Григорьевка) ауылының атымен байланысты. Бұл ауыл сарқырамаға апарар негізгі бағдар ретінде қызмет етеді.
Қасқыр сарқырамасы — маусымдық табиғи нысан. Оны көктем мезгілінде, Бадамша – Әлімбет үстіртінің шыңдарындағы мұздықтар еріген кезде ғана көруге болады. Сол себепті сарқырама суы өте салқын, тіпті аяқтың буындарын қарыстыратындай мұздай. Мұндай суда ұзақ шомылу мүмкін болмаса да, бір сәт сергіп алу мен табиғаттың тазалығын сезіну ерекше әсер сыйлайды.Сарқырамаға апарар жолдың өзі — нағыз табиғи саяхат. Туристер ұзақ жолдан кейін жаяу жүріп, қандыағаш пен қайың өскен жасыл тоғайлардың көлеңкесінде тынығып, таза ауамен тыныстайды. Бұл серуен табиғатпен үндесіп, адамға рухани тыныштық сыйлайды. Сарқырамаға барудың ең қолайлы уақыты — сәуір мен маусым айының соңы. Осы кезеңнен кейін су мөлшері азайып, сарқырама біртіндеп кебеді. Судың мол уақыты ұзаққа созылмаса да, бұл мезгіл туристер үшін ұмытылмас әсер мен әсем көріністерге толы сапар сыйлайды.
Қасқыр сарқырамасы — табиғи нысан ғана емес, ол Ақтөбе өңірінің табиғи байлығы мен аңызға толы рухани әлемін танытатын ерекше мекен.
Мылқау ауыл
Мылқау ауыл деп аталатын археологиялық орын — табиғаттың тылсым тыныштығын, көркем көріністерді бағалайтын туристер үшін ерекше тартымды мекен. Бұл аймақ Ащылысай теңізінің әсем панорамасымен, тік жартастарымен және тыныш су айдындарымен ерекшеленеді. Мұнда жүзу мен балық аулауға қолайлы жағдай жасалған, сондықтан Мылқау ауыл демалыс пен табиғат аясындағы серуенді үйлестіретін орынға айналған.
Бұл жердің атауының шығу тарихы халық жадында сақталған бірнеше аңызбен байланысты. Аңыздардың бірінде Мылқау ауылда аты-жөні белгісіз бір адам өмір сүргені айтылады. Адамдар оған кеңес сұрап келгенде, көріпкелдің айтатын сөздерін сыртқа бір әйел жеткізіп отырған. Осылайша ауылда артық сөз айтылмай, тыныштық пен сабыр сақталғандықтан ел арасында бұл мекен «мылқау ауыл» аталып кеткен.
Екінші бір аңызда ауылдың тағдыры өзгеше сипатталады. Бір кездері өмір сүруге қажетті жағдайлардың болмауына байланысты тұрғындар бұл жерден жаппай көшіп кетеді. Ратай есімді бақташы ғана туған жерін тастамайды. Ол туғаннан мылқау болғанымен, өз ісімен, үнсіз еңбегімен туған өлкеге деген шынайы сүйіспеншілігін дәлелдейді. Ауылдың «мылқау» деп аталуын халық оның құрметіне балаған.
Бүгінде Мылқау ауыл — археологиялық ескерткіш қана емес, табиғат пен тарих астасқан, ойға шомдыратын ерекше кеңістік. Мұндағы тыныштық, аңызға толы өткен шақ пен көркем табиғат көріністері әрбір келушіге терең әсер қалдырады.
Қарғалы су қоймасы
Таулар арасындағы тереңде орналасқан Қарғалы су қоймасы өзінің қайталанбас сұлулығымен және үйлесімді тыныштық рухымен баурайды. Бұл жасанды теңіз Қарғалы өзені арнасының бойында, Ақтөбе қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан. Су қоймасы 1975 жылы ауылшаруашылық жерлерін суару мақсатында іске қосылған.
Қарғалы су қоймасының сыйымдылығы 500-600 миллион текше метрге, максималды тереңдігі 31,8 метрге, ал айна ауданы 28,5 шаршы шақырымға жетеді. Көркем жағалау аймағы жыл сайын табиғатпен бірлікте демалғысы келетін жандарды өзіне тартады.
Қазіргі уақытта су қоймасы жағалауында «Qargaly Eco Resort» демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан өңірдегі экотуризмнің дамуына жаңа серпін беріп, Қарғалы су қоймасын заманауи демалыс орталығына айналдыруды көздейді.

* * *
Қасқыр сарқырамасы, Мылқау ауыл және Қарғалы су қоймасы — Ақтөбе облысының табиғи, тарихи және рухани байлығын айқындайтын бірегей мекендер. Бұл мекендер — демалыс аймақтары ғана емес, табиғатпен үндесіп, өткеннің үнін сезінуге мүмкіндік беретін ерекше көріністер. Ақтөбенің осы жасырын жауһарлары өңір туризмінің болашағы зор екенін айқын көрсетеді.
Айта кету керек, 2025 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша орналастыру орындарына келушілер саны 233,0 мың адамды құрады, бұл — 2024 жылдың осы кезеңнен 22,6 пайызға артық.
Айнұр НҰРМҰХАНБЕТ-ТАЙТАҚОВА,
облыстық денешынықтыру,
спорт және туризм басқармасының бас маманы.



