Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты – тұрақтылық пен дамудың сенімді тірегі

Мемлекетіміздің Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуы – геосаяси орналасудың артықшылығын тиімді пайдаланудың нақты көрінісі. Бұл көршілік қатынастар өңірлік тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, экономикалық өзара байланыстарды күшейтуге, көлік-логистикалық дәліздерді дамытуға және қауіпсіздік саласындағы үйлесімді әрекеттерге жол ашады. Қазақстанның Еуразия кеңістігінде сенім мен өзара сабақтастықты ілгерілетуге ұмтылысы елдің делдалдық және біріктіруші рөлін арттырып отыр.
Сонымен қатар АҚШ пен Еуропалық Одақпен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан экономикасының әртараптануына, озық технологиялар мен инвестициялардың келуіне мүмкіндік береді. Таяу Шығыс, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланыстарды күшейту сыртқы саясаттың жаңа нарықтарға, баламалы серіктестіктерге және көпқырлы экономикалық мүмкіндіктерге бағытталғанын аңғартады. Бұл тұрғыда Жапониямен қарым-қатынастың айрықша аталуын стратегиялық әрі орынды қадам деп бағалауға болады. Жапония – жоғары технология, инновация және басқару мәдениеті тұрғысынан Қазақстан үшін маңызды серіктес.
Теңгерімді әрі бейтарап көзқарасқа негізделген мұндай саясат қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның халықаралық беделін нығайтады. Елдің конструктивті дипломатия ұстануы оны сенімді әріптес ретінде танытып, жаһандық және өңірлік бастамаларда белсенді ойыншы болуына жағдай жасайды. Бұл бағыт ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қорғауға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және халықаралық аренадағы орнықты позицияны сақтауға толық негіз бола алады.
Кеңесов Асхат, саяси ғылымдарының кандидаты



