Жастар теннис ойнады

Қала жастары арасында үстел теннисінен жарыс өтті. Тәуелсіздік мерекесіне арнайы ұйымдастырылған спорт додасына арнаулы оқу орындары білім алушыларынан жасақталған 15 команда қатысты.
Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл жарыс «Best in Aqtobe» жобасы аясында кезекті рет өткізіліп отыр.
Іс-шараның ашылу салтанатына аталған мектеп-интернат-колледжінің директоры Еркін Жетімеков, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жәнібекұлы қатысып, бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директорының спорт жөніндегі орынбасары Мәди Бимурзиннің айтуынша, бұл жарыс қатысушыларды командалық және жұптасып ойнауға үйретеді.
— Бүгінде өңірімізде үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Осындай додаларды жиі өткізіп тұрамыз. Облыстан ел мерейін асқақтатар теннисшілер шықса, оларды қолдауға әрдайым дайынбыз. Кезекті жарысқа қатысқан жас теннисшілердің аяқ алысы жаман емес. Бүгінде мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл оқушымыз Қуанышбек Жаңажол Грекияның Афина қаласында өткен грек-рим күресінен жасөспірімдер (U17) арасындағы Әлем чемпионатында ел қоржынына алтын медаль сыйлады, — дейді ол.
Жарыс қатысушысы Қайрат Қолғанатов волейбол, футбол, үстел теннисі бойынша өткен колледжішілік турнирлерде жеңімпаз атанып жүр. Бала кезінен спортқа әуес жас бүгінде Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде оқиды.
— Теннис адамның ойлау қабілетін арттырады. Сондықтан бос уақытымды спортзалда өткіземін. Жеткен жетістігім — жаттықтырушыларымның еңбегі. Оқушы кезімде үстел теннисінен жекелей сында Мәртөк ауданының чемпионы болғанмын. Алдағы уақытта республикалық, облыстық турнирлерге қатысқым келеді. Кезекті спорттық жарыста командалық ойынның үлкен нәтижеге жеткізетінін түсіндім. Осы спорт бәсекесінде дос та таптым. Шапшаң шешім қабылдауға үйрететін үстел теннисі сияқты ойындардың жиі өткізілгенін құптаймын, — дейді ол.
Жастар арасында өткен жарысқа Асқарбек Раев төрелік етті.
— Үстел теннисінен сынға түскен қатысушылар сайысқа қызу даярлықпен келген. Жүлделі орынға талас кезінде 8 команда сайысты. Финалға жеткен 4 команда арасынан жеңімпаздар анықталды. Ереже бұзған ойыншылар болмады. Жастарға айтарым, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға атсалысыңыздар. Себебі тенниске барған ойыншылардың жеңіске деген күш-жігері мықты болады, — дейді бас төреші Асқарбек Раев.
Нәтижесінде Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанды. Ал жүлделі 2-орын — Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжіне, 3-орын М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің командасына бұйырды. Іс-шара соңында жеңімпаз командаға арнайы кубок, ал жүлдегерлерге Алғыс хат пен медаль табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.







