Жаңалықтар

Әскери патриоттық сайыс өтті

Патриоттық тәрбие

№33 орта мектепте Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Бауыржан жұлдызды болған күн — қазақтың жұлдызы жанған күн» атты облыстық әскери патриоттық жарыс өтті. Оған 11 адамнан жасақталған 7 команда қатысты.

Іс-шараның ашылуында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Төпенова ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің әскери антқа адалдығы туралы сөз қозғап, жастарға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.
Қалалық білім бөлімінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің әдіскері Серік Аманжолұлының айтуынша, бұл жарыс әскери патриоттық клубтар арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
— Іс-шараның өтуіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, қалалық білім бөлімі мен «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы қолдау көрсетті. Қатысушылар әскери саптық ән сайысы, калашников автоматын жартылай бөлшектеу және жинау, биік кермеге тартылу, арқан тарту, шалқалап жатып денені тік көтеру бойынша сынға түсті. Оқушылардың шеберлігі 5 ұпаймен бағаланды. Нәтижесінде ең көп ұпай жинаған топ жеңімпаз атанды. Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпаққа Бауыржан Момышұлының қайталанбас өр тұлғасы мен қайтпас мінезін, оның қаһармандық ерлігін насихаттағымыз келеді, — дейді ол.
Халел Досмұхамедұлы атындағы №35 орта мектептің оқушысы Мәди Алтыбай өткен жылы командалық ойында нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі 3-орынды иеленіпті.

— Әскери патриоттық жарыс тартысты өтті. Қарсылас командадағы оқушылардың дені қару-жарақты, саптық өнерді шебер меңгерген. Бұл —мектептердегі алғашқы әскери білім берудің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Былтырғы сайыста 32 секундта калашников автоматын жинап, командама жеңіс сыйлаған едім. Алдағы уақытта Отан алдындағы борышымды өтеп, еліме қызмет еткім келеді, — дейді ол.
Ал №33 орта мектептің оқушысы Айзере Қоштанбекова командаластарымен бірге әскери саптық сайыста «Анашым» әнін орындады. Айта кетейік, бұл мектеп өткен жылғы жарыста 1-орынды иеленген еді.

— Дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараға қатысу арқылы шыңдалып келемін. Болашақта мамандығымды әскери саламен байланыстырып, тергеуші болғым келеді. Ол үшін тынбай еңбектеніп, жаттығып жүрмін. Шалқалап жатып денені тік көтеру бойынша сайысқанымызда барынша жылдам қимылдауға тырыстым. Сайыс қызықты әрі тартысқа толы болды, — дейді А.Қоштанбекова.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды №33, №19 орта мектеп командалары жеңіп алды. Қаладағы №29, №35 орта мектеп командаларына екінші орын бұйырса, жүлделі үшінші орынды №22, № 53 орта мектеп командалары иеленді. Сондай-ақ жеңімпаз командаларға кубоктар мен медальдар табысталды. Үздік номинация иегерлері де анықталып, Алғыс хатпен марапатталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button