Жаңа Конституцияда мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргелі негізі сақталады – Әзімова

Жаңа Конституцияда мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргелі негізі сақталады. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 6-отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.
Осы күндері комиссияның жұмысы нәтижелі және мазмұнды өтті деп айтуға болады. Біз түрлі көзқарастар мен ұсыныстарды, пікірлерді тыңдадық. Біздің бәрімізді еліміздің және Қазақстан халқының болашағына деген жауапкершілік біріктіреді. Конституциялық комиссияның жұмысына мемлекеттік және қоғамдық саладан 130 адам қатысып жатыр. Бұл тек заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілдері ғана емес, сонымен қатар заңгер-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері. Сондай-ақ комиссия жұмысының алғашқы күндерінен бастап қолжетімділік пен ашықтық қағидаты сақталып келеді. Барлық отырыстар ашық көрсетіліп жатыр, – деді ол.
Комиссия төрағасы жаңа Конституция жобасын талқылағанда басты назарды құқықтық түзетулердің көлеміне емес, олардың жаңартылған мазмұны мен мәніне аудару маңызды екенін ерекше атап өттті.
Жаңа Конституцияның негізінде адамға бағытталған мемлекеттік модель көзделген. Онда адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық және мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде танылған. Онда халықтың дәстүрлі құндылықтармен, тарихи тәжірибесімен әділеттілік, жауапкершілік және қоғамдық бірлік туралы түсініктермен тығыз байлланысты принциптер көрініс тапқан. Сондай-ақ тиімді қоғамдық және саяси институттарды дамыту, биліктің есеп беруін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерін күшейту айқындалған. Конституцияда біздің мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргелі негізі сақталады. Ол біртұтас құрылымның өзгермейтіндігі, территориялық тұтастықтың бұзылмаушылығы және құқықтық тәртіптің негізгі прицинптері берік қалады. Жаңа мазмұны заманауи кепілдіктер арқылы нығая түседі, – деді Эльвира Әзімова.



