Құрылтай төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді – Конституциялық комиссия

Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары анықталды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.
– 49-бап Вице-Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналады. Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталды. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді, – деді Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияның соңғы нұсқасын таныстыру кезінде.
Оның айтуынша, Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңартылды.
– Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары анықталды. Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі берілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері көзделді. Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді, – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.



