ОҚЫРМАН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙТЫН ГАЗЕТ

Роза РЫМБАЕВА,
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Үлкен сахнада жүргеніме 50 жылға жуықтады. Осы аралықта кімнің кім екенін айыра алатын дәрежеге жеттік. Амандасып, есіктен кіріп келген журналистің қимыл-қозғалысынан-ақ қандай сұрақ қоятынын біле қоямын… Ал сөз саптауынан ол кәсіби маман ба, журналистика факультетінде оқыған ба, бұл да бірден сезіледі. Жасыратын несі бар, қырық жылғыны кешегідей сұрайтын, «дежурный» сауалдармен жалықтыратын тілшілер бар. Ондайда қысқа-нұсқа жауап беріп, сұхбатты аяқтағанша асығасың. Шүкір, сен туралы ізденіп, алдын ала әзірленіп келетін журналистер де арамызда аз емес. Олармен кәдімгідей ашылып, қызығып әңгіме-дүкен құрасың. Кейін ол халық үшін де ой салатын материал болатыны сөзсіз. «Ақтөбе» газетінің журналистерін сол қатарға қосамын. Өйткені Әлияның еліне келген сайын сіздерге молынан сұхбат беріп, оның кейін оқырман тарапынан жоғары бағаланатынын, қазіргі таңда көптің аузында жүрген әлеуметтік желілерде көп талқыланатынын білемін. Екі тараптың да еңбегі еш кетпеді деген — осы.
Біздер — өнер адамдары, басқа да шығармашылық сала өкілдері ең алдымен идеолог екенімізді ұмытпауымыз керек. Аузымыздан шыққан әр сөз бен жасаған іс-қимылымызға қарап, кейінгі буын бой түзейді. Үлгі етеді. Сондықтан өзгелерге мейлінше игі істерімізбен көрініп, жақсылықты жазсақ деймін. Бір-біріміздің оңды тұстарымызды көре білсек…
Газет ұжымына шығармашылық табыс, барлық жақсылықты тілеймін. Жасай беріңіздер!