Әйелдер қанаты – жаңа бетбұрыс: Ақтөбеде маңызды талқылау өтті

«Amanat» партиясы әйелдер көшбасшылығын дамытуға, әйелдердің саясатта, экономикада және қоғамдық өмірде алатын орнын күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Осы орайда, Ақтөбе облысында партия жанындағы Әйелдер қанатының атқарған жұмысы талқыланып, бұл бағыттағы жұмысты дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды.
Қазіргі уақытта өңірдегі әйел -кәсіпкерлер өз ісін табысты дамытып, экономикалық әлеуетін нығайтып келеді. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік – экономикалық дамуына және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға оң ықпал етуде. Мәселен облыстағы кәсіпкерлердің 56,5 пайызын әйелдер құрайды. Өңірде «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылған 2883 жобаның 1258-і әйелдерге тиесілі.
Партияның Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Күлшат Масалимованың айтуынша, өңір халқының 51 пайызын әйелдер құрайды. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттарда 205 мандаттың 23,9 пайызы әйелдерге тиесілі. Дегенмен жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі төмен. Мәселен 131 ауылдық округтің тек 9-ын әйелдер басқарады. Әкімдер мен олардың орынбасарлары арасында әйелдер жоқ.
-Әйелдердің кәсіби тәжірибесі мен көшбасшылық әлеуетін көрсете отырып, ауылдық округтерден бастап әйел көшбасшылар мен сарапшылардың электрондық базасын құру қажет. Бұл база әйелдерді кеңестерге, комиссияларға және жұмыс топтарына тағайындау үшін кадрлық резерв ретінде пайдаланылады. Әкімдіктерге жыл сайын мемлекеттік және қоғамдық басқару жүйесінде әйелдерді ілгерілету туралы есепті жаңарту және ұсыну ұсынылады, – деді ол.
Сонымен қатар, Күлшат Масалимова «Әйел Аманаты» республикалық бағдарламасы аясында іске қосылған «Бопай ханым» өңірлік жобасын жүзеге асырылу барысын баяндады. Бағдарлама аясында репродуктивтік денсаулық, бала тәрбиесі, көшбасшылық және қарым-қатынас мәдениетіне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылған.
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ақгүл Хасанғалиева өз сөзінде өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысының саны артып келе жатқанын айтты. Мәселен былтыр осындай 128 қылмыс тіркелсе, биыл оның көрсеткіші 182-ге жеткен. Осыған орай өңірде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету шаралары күшейтілуде.
– Облыста 70 орындық 2 дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Биылғы жылы дағдарыс орталығына 241 адам орналастырылды. Оның 78-і әйел адам, 163-і бала. Сонымен қатар барлық ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылды. Дегенмен бұл жерде кәсіби психологтардың жетіспеушілігі байқалады, – деді ол.
Жиында «Amanat» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырған «Томирис» жобасының қатысушысы, айтыскер-ақын Жұлдыз Қожабекова өз пікірімен бөлісті.
Меңтай Бектұрсынова.









