«Amanat» партиясының Сайлауалды бағдарламасының орындалуына құзырлы мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттарының жауапкершілігі күшейтілді

Ақтөбе облыстық және қалалық мәслихаттарындағы «Amanat» партиясының депутаттық фракциялары мен партияның Жол картасын іске асыру жөніндегі облыс әкімдігі жанындағы жедел штабтың бірлескен жиналысы өтті. Іс-шарада партияның Сайлауалды бағдарламасы талқыланып, басқарма басшыларының есебі тыңдалды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов, облыстық және қалалық мәслихаттағы фракция мүшелері, департаменттер мен басқарма басшылары қатысты.
-Бүгінгі фракция отырысы – жай ғана жиын емес, партиялық жауапкершіліктің деңгейін, атқарушылық тәртіптің сапасын айқындайды. Жуырда өткен Партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысы мен оның нәтижесінде қабылданған қаулы – біздің өңірдегі партиялық және атқарушылық жұмыстың нақты жағдайына баға болды. Ендеше алдағы міндет – Сайлауалды бағдарламаның нақты орындалуын қамтамасыз ету, – деді партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов.
Биылғы жылы партияның Жол картасындағы 115 тармақты іске асыру жоспарланған, оның 118-і құрылыс жұмыстарына қатысты. Осыған дейін 10 білім беру, 6 денсаулық сақтау, 1 мәдениет және 1 спорт нысаны пайдалануға берілсе, 6 мәдениет, 3 денсаулық сақтау нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтың айтуынша, қазір облыстық қан орталығының құрылысы, Мұғалжар, Шалқар, Хромтау аудандық ауруханаларына қосымша құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде және Ырғыз аудандық ауруханасының жобалық-сметалық құжаттары дайын.
-Партияның Сайлауалды бағдарламасы бүкіл елдің алдында берілген уәде. Бұл уәденің артында халықтың әл-ауқаты тұр. Сондықтан да оны бұлжытпай орындау бәріміздің ортақ мақсатымыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.
Жиында партияның Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының атқарылған жұмысы айтылды. «Amanat» партиясы әйелдер көшбасшылығын дамытуға, әйелдердің саясатта, экономикада және қоғамдық өмірде алатын орнын күшейтуге ерекше мән беріп келеді.
Меңтай Бектұрсынова.









