Қызмет пен сенім

Белес
Ақтөбеде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығы аталып өтті. Мерейтойға орайластырылған «ХҚКО 20 жыл: Басшылықпен диалог. Тану. Қамқорлық. Даму» атты іс-шараға барлық аудан мен қаладан 50-ге жуық қызметкер жиналды. Жиынға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының аппарат басшысы Сатыбалды Мұқанов қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты — сала мамандарының еңбегін бағалау, қолдау білдіру және ашық диалог арқылы тиімді кері байланыс орнату.
Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ аппарат басшысы Сатыбалды Мұқанов жиылғандарды ХҚКО-ның 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, аталған құрылымның халыққа көрсетіп отырған қызметінің маңыздылығына тоқталды. Қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтіп, цифрландыру үдерісіндегі үлестері үшін алғыс білдірді. Жиын барысында қатысушылар саладағы түйткілді мәселелер мен жетістіктер жайында пікір алмасты.
— Қазіргі таңда барлық қызметтің 90 пайызы цифрлық форматқа көшіп жатыр. Яғни азаматтар үйден шықпай-ақ, телефон немесе компьютер арқылы қажетті қызмет түрлерін ала алады. Төлемдердің барлығы QR-код арқылы жүзеге асырылады. Бұл халық үшін өте қолайлы. Соған қарамастан, орталыққа келіп қызмет алатындар әлі бар. Мәселен, келушілердің шамамен 40 пайызы электрондық цифрлық қолтаңба алу үшін келеді. Алдағы уақытта тұрғындар цифрлық қызметтерді толық меңгереді деп сенемін, дейді — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жәнібек Қамбаров.
Бүгінде әр ауданда бір-бірден, ал Ақтөбе қаласында үш халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Барлық орталық заманауи талапқа сай жаңартылып,, цифрлық кеңсе ретінде қайта жасақталған.
Кездесу барысында халыққа қызмет көрсету саласындағы ерен еңбегі мен сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудегі үлесі үшін 50-ге жуық қызметкерге «ХҚКО-ға 20 жыл» мерейтойлық медалі мен Алғыс хат табыс етілді.
Марапатталғандардың бірі Дариға Дүйсенғалиева Халыққа қызмет көрсету орталығында жеті жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
— Жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірден орталыққа жұмысқа орналастым. Алғашқы күннен-ақ жұмысты тез меңгеріп, халықпен тығыз жұмыс істей бастадым. Бұл сала үлкен жауапкершілікті, сабыр мен мәдениетті талап етеді. Бүгінгі марапат — маған деген сенім мен еңбегімнің еленгені. Басшылықтың қолдауына ризамын, — дейді Дариға.
Ашық диалог форматында ұйымдастырылған жиында қызметкерлердің сұрақтарына жауап берілді. Сонымен қатар аталған саланың даму бағыттары мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасу болды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.






