Тағылымды кездесу

Балабақша
Қарғалы ауданындағы «Айгөлек» балабақшасында тағылымды кездесу өтті. Оған музей қызметкерлері мен балабақша тәрбиеленушілері қатысты.
Іс-шара барысында музей қызметкерлері балабақша тәрбиеленушілеріне қазақ халқының тұрмыс-салтын, киім үлгілерін, ұлттық тағам түрлерін таныстырды.
Алдымен аудандық музейдің директоры Айнагүл Сүйінғарина ата-аналар мен тәрбиешілерге іс-шараның маңыздылығын түсіндіріп, ұлттық мұрамызды ұлықтаудың тәрбиелік мәніне тоқталды. Содан соң «Ұлттық мұра — ұрпаққа аманат» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылып, балаларға қазақы киім үлгілерінің ерекшеліктері айтылды.
Кездесуге арнайы шақырылған әжелер сүт өнімдерінен тағам даярлау, тары түю, май шайқау секілді көне тұрмыстық дәстүрлерді көрсетіп, ұмыт бола бастаған қолөнер бұйымдарының шығу тарихына тоқталды.
Іс-шара соңында ата-аналар мен балабақша қызметкерлері ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Мұндай бағыттағы танымдық кездесулер жалғасын табады.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қарғалы ауданы.



