Игі істің үйлестірушісі және іздеушісі

Тойған ІЗІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, өнер¬тану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры
Біздің оқырман
Қай кезде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде газеттің халық пен билікті, сондай-ақ біз сияқты өнер адамдарын көрермендерімізбен байланыстыратын «алтын көпір» екені анық. Қарапайым тұрғындар редакцияға жолығып, мұң-мұқтажын айтса, мәдениет саласының майталмандары сіздер арқылы жылт еткен жағымды жаңалықтарымен бөліседі. Кейде өміріміз бен өнерімізге қатысты сыр ақтарамыз дегендей. Алдыңа бір журналист келіп тұрса, оны мың адамның өкілі деп қабылдау керек. Шынымен солай ғой, сіздердің жазғандарыңызды ауылдағы ағайын да оқиды.
Елімізде газет-журналдардың саны аз емес. Бірақ өзімнің туған жеріммен аттас, үлкен тарихы бар, бала кезден сүйіп оқитын «Ақтөбенің» бәсі бәрінен жоғары. Өйткені мұнда Ақтөбе облысы, жерлестерім туралы жазылады. Елге әртүрлі себеппен келгенімде ақпараттық қолдау жасайды.
Өз басым «Ақтөбе» газетін тек ақпарат құралы емес, халық пен билік арасындағы «алтын көпір», игі істің үйлестірушісі һәм іздеушісі ретінде қабылдаймын. Сіздердің, журналистердің, жазғанына қарап, бой түзеп, соны үлгі ететіндер көп. Сондықтан мейлінше жақсылықты жазсақ деймін. Бір-біріміздің оңды тұстарымызды көре білсек…
Газет ұжымына шығармашылық табыс, барлық жақсылықты тілеймін. Жасай беріңіздер!



