Жаңалықтар

Қар тазалауға 357 арнайы техника дайындалды

Өңір басшысы Асхат Шахаров қала әкімі Азамат Бекетпен бірге, Ақтөбенің қысқа дайындығын бағамдады. 12 мөлтек аудан аумағындағы айналма жол маңында мердігер мекемелердің техникалары көрсетілді.

Күзгі-қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау үшін Ақтөбе қаласының аумағы биылдан 18 учаскеге бөлініп, мердігерлермен үш жылдық (2025–2027 жж.) келісімшарттар жасалды, ол автопаркті жаңартуға, техниканы көбейтуге және қыс-көктем маусымдарында жолдарды үздіксіз күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Қалалық әкімдік мәліметінше, 2025 жылға 2,3 млрд теңге қарастырылған.

«Қаладан алыстау ауылдарымыз бар, сол жерлерге біз пунктерді дайындап жатырмыз. Арнайы техникалар сол жерде де болады. Ақтөбеде 9 жол пайдалану пункті, 9 техникалар базасы жұмыс істейді», – дейді Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Әліби Аманшиев.

Барлық мердігер 16 қазаннан бастап қысқы маусымға дайындыққа кірісті. Қазіргі таңда арнайы техниканың жалпы саны 357 бірлікке жетіп отыр.

2025 жылдың қаңтар–сәуір айлары аралығында қала аумағынан 340 мың м³-тан астам қар шығарылған. Қызмет көрсетілетін аумаққа 711 көше, айналма жолдар және 54 тұрғын алаптың жолдары кіреді.

Қазіргі уақытта мердігерлік ұйымдарда көктайғаққа қарсы материалдардың қоры жеткілікті. 1650 тонна тұз, 1410 тонна құм-тұз қоспасы және 2000 тоннадан астам құм дайындалған.

«Біздің басты міндетіміз – қыс мезгілінде ақтөбеліктердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Қала жолдарын уақытылы тазалау, техниканы көбейту және әр ауданның жұмысына нақты жауаптыларды бекіту – бәрі де тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button